«Жасыл энергетика» саласындағы қытайлық компаниялар «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға шақырылды – ҚР СІМ
Іс-шара ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары Чэн Гопиннің, «Оңтүстік-Оңтүстік» ынтымақтастыққа жәрдемдесу жөніндегі комитетінің Төрағасы Люй Синьхуаның, ҚХР-да тіркелген елшіліктердің және іскер топтардың өкілдерінің қатысуымен өтті, деп хабарлады ҚР СІМ.
Елші өз сөзінде «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаттың, 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының, бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізгі мазмұнымен таныстырды.
Қатысушылар Қазақстанның инвестициялық саясаты, әлеуметтік-экономикалық дамуы, жақын және орташа мерзімді болашақтағы стратегиялық жоспарлары, мақсаттары мен міндеттері туралы ақпарат алды.
Ш. Нұрышев «жасыл энергетика» саласындағы қытайлық компания өкілдерін Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуға шақырды.



«Іс-шараның қорытындысы бойынша, екі ел арасындағы сауда-экономикалық әрекеттестікті ілгерілету мақсатында, «Онтүстік-Онтүстік» ынтымақтастыққа жәрдемдесу жөніндегі комитеті Қытайдың жетекші кәсіпорындарының делегациясын қалыптастырып, ү.ж. қыркүйекте Қазақстанға сапармен барады», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, «Оңтүстік-Оңтүстік» ынтымақтастыққа жәрдемдесу жөніндегі комитеті ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің шешімімен құрылған болатын. Комитет коммерциялық емес қоғамдық ұйым тәуелсіз заңды тұлға ретінде қызмет етеді. Ол дамушы елдердің үкіметтік құрылымдарымен, кәсіпорындарымен, үкіметтік емес ұйымдарымен ынтымақтастық орнатып, Қытай үкіметтік мекемелердің тапсырмаларын орындайды.
Астанада өтетін ЕХРО-2017-нің басты ұраны – «Болашақтың энергиясы». Бүгінде бұл барлық саналы адамзатты толғандырып отырған көкейкесті мәселе. Жұмыр жерді мекендейтін жеті миллиард адамның күннен-күнге өсіп бара жатқан энергетикалық сұранысын қанағаттандыру планетамыздың болашақтағы ең бір өзекті проблемасына айналып бара жатыр. Электр қуатын өндіру үшін көмірсутегі шикізатын көптеп пайдалану – ауаны ластап, атмосферадағы тепе-теңдікті бұзды. «Жаһандық жылыну үрдісі» атты дәуірлік қауіп қыр астынан бас көтерді. Ғалымдардың пікірінше, осы жүзжылдықтың соңына таман ауаның температурасы 6,4 градусқа жылынып, әлемдік мұхиттардың деңгейі 58 сантиметрге көтеріледі екен. Сондықтан бүгінгі таңдағы түйінді мәселе – дәстүрлі энергетикалық қуат шикізаттарына тиімді балама табу.
