Жастарды қолдау жөніндегі Қаратөбе аудандық қоғамдық кеңесінің отырысы
17 тамыз күні «Nur Otan» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі Қаратөбе аудандық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиынға қоғамдық кеңестің төрағасының орынбасары Н.Жоламанов, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Б.Нұрмағанбаетов, «Nur Otan» партиясы Қаратөбе аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Меңдешов және кеңес мүшелері қатысты. Отырыстың күн тәртібіне аудандағы "Дипломмен ауылға" бағдарламасының орындалуы туралы мәселе ұсынылған болатын. Аталған мәселе бойынша хабарлама жасаған экономика және қаржы бөлімінің басшысы Берік Базарұлы: - Ауданда осы бағдарлама қабылданғаннан бергі 11 жылдың ішінде 297 маман игілігін көріп, бағдарламааның мүмкіндіктерін пайдаланған. Биылғы жылы қазіргі уақытқа дейін 24 маман көтерме ақы, 5 маман тұрғын үй үшін несие алған. Былтырғы жылдан бастап бағдарлама бойынша агроном, мемлекеттік қызметшілер де бағдарламааны пайдалана алады. Құжат тапсыру мәселесіне келсек халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы қабылданады. Бұл туралы түсінік жұмыстары аудандық, облыстық газеттерде және әкімдіктің сайтында нақты түсінік берілген. Тек ең өкініштісі, осы алған жеілдікпен берілген несиені уақытында қайтармай, берешек болып отырған мамандар көп болып отыр. 137 маман осы несиені кері қайтарып, ай сайынғы біразғантай төлемді төлемей, аудан бойынша қомақты берешек қалыптастырып отыр. Сомасы көбейген борышкерлерді сотқа беру арқылы өндіру жолдары қарастырылып, жұмыстар жүргізілуде. Оның бәрі әрине қосымша жұмыс болып отыр. Уақытында төлем жасап отырса мұндай келеңсіздіктер болмас еді. Биылғы жылға бағдарлама бойынша бөлінген қаржы жеткілікті. Тек, шын мәнінде қажет мамандар құжат тапсырса, бюджет қаражатына жауапкершілікпен қарағанын қалаймыз,- деді. Өз кезегінде кеңес мүшелері несиені, көтерме ақыны берер кезде саралап қараса, сол секілді тұрғын үйді бағалау құжатын дайындайтын тек қана үкіметтік ұйымдар құжатын қабылдаса деген ұсыныстарын айтты. Себебі қазір жеке бағалаушылар құжатының өтімдірек болып тұрғанын тілге тиек етті. Кеңес отырысы қорытындыланып, тиісті қаулы қабылданды.
