Жастар – қоғамның қозғаушы күші, барометрі.
Қоғам дамуының алғы шарты – адам факторы, адамның білімі мен біліктілігіне тікелей байланысты, қазіргі жастардың білім алуына, таланты мен дарынына орай мінберлерге келуіне мемлекет тарапынан жасалып жатқан іс-шаралар, атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Жастар –қоғамның жемісті дамуының кепілі.
Осы орайда «Nur Otan»партия филиалы төрағасының орынбасары С.Нұрқадыров аудандық-қалалық жастар ресурстық орталық жетекшілерімен skype желісінде онлайн жүздесті. Мақсат – 17 тамыз-3 қазан аралығында өтетін праймериз жайы және «Жас Отан» жастар қанатының «Жастар Отанға» атты 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар турасында талқы жүргізу.
- Праймериз демократияның көрінісі әрі әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ететін ішкі саяси дода. Бұл жерде партия қатарында жүрген қарапайым азаматты, ертең мәжіліс, маслихатта отыратын азамат ретінде әлеуметтік лифт арқылы қалыптастыруға болады. Ал ол үшін партияға идеясы бар, ісі мығым, көшбасшы ретінде танылған, бірлікте жұмыс жасайтын, қиын сәтте халықтың ортасынан табылатын, халықтың ішінен шыққан, халықтың жағдайын білетін азаматтар келуі қажет, - деді С.Нұрқадыров.
Осы уақытқа дейін партияішілік іріктеуге өңір бойынша 35 жасқа дейінгі 174 жас өтінім беріп, кандидат ретінде тіркелген. Бүгінге дейін жастардың мәслихаттардағы үлесі 0,3 пайызды құрайды. Көшбасшыларды праймеризге тарту және оларды қолдау бағытында жұмыстардың жүріп жатқанын «Жас Отан» жастар қанаты Алматы облыстық филиалының төрағасы Е.Ақболатов сөз етті. Оның айтуынша, жастардың арасында белсенділік қарқынды.
