Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Жастарға арналған жоба

Соңғы уақыттары әлеуметтік желілерде және жалпы интернет кеңістігінде Жастар кадрлық резерві жобасы белсенділік танытып жүр. Ғаламторда таныстырылған ақпаратқа сүйене отырып, жобаның пайда болу тарихы мен мақсатына келетін болсақ, ол бастауын 2008 жылдан алады.

2008 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығының II Форумында, 2010 жылдың 14 мамырында «Жас Отан» Жастар қанатының І Съезінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев жастар арасынан «мемлекеттік басқару жүйесі, бизнес пен қоғамдық қызмет саласы үшін заманауи және тиімді басқарушылардың жаңа генерациясын қалыптастыру керек деп» атап көрсеткен болатын.

Жобаның мақсаты — 29 жасқа дейінгі қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандар арасынан басқарушы кадрларын анықтау, іріктеу, даярлау және тәрбиелеу, әлеуметтік маңызды қызметке тарту жолдары арқылы Қазақстанның жастары арасынан кадрлық резерв қалыптастыру болып табылады.

Жастар кадрлық резерві туралы оның координаторы Айнұр Сүгірбаевадан толығырақ ақпарат алудың сәті түсті.

- Айнұр, жастар кадрлық резервінің маңызы не? Жастарға қандай септігін тигізеді?

- Жастар кадрлық резерві қазіргі бәсекелестік дамыған қоғамда білікті де басқарушы мамандардың қатарын айқындайды. Жастарға жол ашады, әлеуметтік лифт ретінде жастардың өсуіне мол мүмкіндік береді.
Жастар кадрлық резерві жобасы білімді де талапты, еңбекқор жастардың өз жолын тауып, өз мүмкіндіктерін көрсетуіне септігін тигізеді. Ой-өрісі қалыптасқан, ойлау қабілеті озық жастарды бір ортаға біріктіріп, жастардың кәсіби шеберліктерін арттыруға жағдай жасайды.

- Жобаны жүзеге асыру мемлекеттік қызметтегілердің ішіндегі жастардың үлес салмағының артуына алып келе ме?

- Сұрақ өте орынды. Жастар кадрлық резервінің арнайы сайтына тіркелген қатысушылардың дерекнамаларын зерделей келе аталған қызметтегі жастардың саны жыл санап артқаны байқалады. Бұл мемлекеттік қызметтегі жастардың арасында іріктеуде үлкен бәсекелестікке алып келіп отыр. Бұл қуантарлық жағдай. Жастар кадрлық резервін жасақтаудың мақсаты тек мемлекеттік қызметтегі жастардың білімін шыңдаумен қатар басқа да әлеуметтік-экономикалық, сонымен қатар, азаматтық қоғамдағы басқа да салаларды қамтитынын маңызды басқарушыларды дайындау екендігін атап өткен жөн.

- Жастар ұсынған жобалардың қолдауға ие болып, жүзеге асырылу көрсеткіші қандай?

Жалпы жобаларға келсек, олардың саны 200-ден асады. Сан түрлі саланы қамтиды. Өкінішке орай барлығы сапалы да талапқа сай келеді деп айта алмаймыз. Толықтыруды, жетілдіруді қажет етеді. Бұл өз кезегінде жобаның жүзеге асуына кері әсерін тигізеді. Яғни үміткерлеріміз ізденуде іркіліс танытып жатады. Нәтижесінде жоба қағаз бетінен шыға алмайтынын да жасыра алмаймыз. Осындай тек үміткерлерге қатысты шешуге қолжетімді себептер жобалардың жүзеге асуы туралы статистиканы алға жылжытпай отыр. Бірақ, іске асырылған жобалар да жетерлік, тіпті Елбасының тапсырмасымен жүзеге асырылайын деп жатқан жоба бар.

- Жалпы, жастар осы жобадан не алады?

- Ең біріншіден білімін жетілдіреді, біліктілігін арттырады, түрлі еңбек тәжірибелерінен өтіп қабілетін шыңдайды. Бұл жоба аясында жастар Президент жанындағы мемлекеттік қызмет Академиясынан білім алады. Білім алып, Академияның жеке сертификатына ие болады. Ол өз кезегінде жас маманға кәсіби өсуде көп септігін тигізеді. Екіншіден, жастар жоба аясында мемлекеттік органдарда, бизнес саласының ірі компанияларында қызметтік сынақтан өтіп, тәжірибе жинақтайды. Әрі қарай өзін-өзі көрсету әр резервшінің өз қолында.

- Жобаға қатысуға ұсыныс білдірушілік бойынша белсенді облыстар мен ең белсенді жас аралығы қандай?

- Ең белсенді аймақтар – Астана, Алматы қалалары, ОҚО, Павлодар, Қостанай, Жамбыл, БҚО, Қызылорда облыстары. Жас аралығы болса – 24-27 жастағы жастар белсенді болып келеді.

- Рахмет!

Жоба туралы толық ақпаратты rezerv.kz сайтынан таба аласыз.

-2
0
2476

Осы тақырып бойынша

Жастарға арналған жоба - Yvision.kz