Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Жас жұбайларға — 10 000 доллар сыйлық!

АҚШ-та жаңа отбасын құрған жас жұбайларға 10 мың доллар көлемінде сыйлық ұсынатын сайт жұмыс жасайды. Сыйлық сомасын алудың шарты – болашақ ерлі-зайыптылар ешқашан ажыраспауға келісім береді. Шарт бұзылған жағдайда сыйлық несиеге айналып кетеді.

Geekwire.com порталының хабарлауынша бүгінде SwanLuv деп аталатын америкалық сервис сүйген жастардың некесін тіркейтін қызмет орталықтарының ішіндегі ең таңдаулы, ерекше қызмет көрсету орталығы болып тұр.

SwanLuv-дың бас директоры Скотт Ави: «Бұл казино іспетті. Екі тастың орнында екі жас ойнайтын болады. Біз ажыраспау мүмкіндігі жоғары жұптарға ғана бәс тігетін боламыз. Шартқа қол қойып, ақша алуға ешкімді мәжбүрлемейміз. Бәрі әркімнің өз қалауымен!» - дейді.

Сайттың ерекшелігі сол – жас жұбайларға той жасауға 10 мың АҚШ долларын сыйлайды. Иә, тегін сыйлай салады. Бірақ, түрлі шарттары бар. Біріншіден, SwanLuv әкімшілігі қалыңдық пен күйеудің жеке тарихын зерттеп, түрлі өлшемдер бойынша кандидаттарды өздері таңдайды. Яғни, әкімшілік ұсынысты қабылдаудан бас тартуы да мүмкін.

Екіншіден, қаражат «қосағымен қоса ағаратын» жұптарға ғана беріледі. Яғни, ерлі-зайыптылар алда-жалда ажырасуға ниет ете қалған жағдайда берілген барлық сома бірден пайызы жоғары несиеге айналып шыға келеді. Ал некелескендер жұптары жазылмай, қаннен-қаперсіз өмір бойы қолтықтасып өтсе сыйлық «мәңгі сыйлық» боп қала бермек.

SwanLuv  орталығының некелесу рәсіміне жұмсайтын барлық шығыны ажырасқан жұптардың есебінен төленіп жұмсалып отырады. Шарттың қатал талаптары толық сақталып, «ережеден ауытқу» ешқашан болмайды.

Америкада ажырасу дегенің жүйке мен қалтаны жұқартатын жиіркенішті жағдай. Болашағы жоқ неке болса, біршама уақыт пен қаражатты шығындап,  ескеруге тұратын барлық дәлелдерді келтіре отырып, соттың шешімімен ғана бөлінуге тура келеді. Егер оған әуелдегі 10 мың доллар сыйлықты еселенген пайызымен қоса есептесеңіз, қалыңдық пен күйеужігітке оңай пайда табудан бұрын жарқын болашақты мықтап ойлануға тура келеді!

 
0
0
1059

Осы тақырып бойынша

Жас жұбайларға — 10 000 доллар сыйлық! - Yvision.kz