Жас әнші, композитор туралы фильм
Ұлттық Дельфий Комитеті, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Туған жер» патриоттық шығармашылық республикалық фестивалін өткізген болатын.
Патриоттық фестивальге Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 14 пен 29 жас аралығындағы жас авторлар бақ сынады. Талантымен жарқырап көзге түскен өнерпаздардың бірі – «Орындаушылық шығармашылық» аталымында жеңімпаз атанған Меруерт Какимхан. Меруерт – әнші, композитор.
«Астанамыз мені өте шабыттандырады. 2012 жылы оқуға түсіп, елордалық атанғалы бері мен қала келбетіне тамсанып шабыттанып, әндер жаза бастадым. Туған жеріме, елордамызға арнап ән шығардым. «Асыл Отан» деген әнім бар. Сөйтіп менің композицияға деген шабытым оянды» дейді Меруерт Кәкімхан.
«Қызым кішкентай кезінен бастап өнерге жақын екенін байқадым. Шырылдап жылағанының өзі ерекше еді. Музыкалық мектепте де оқыды» дейді анасы Бақытжан Ермекқызы.
Меруерт бүгінде өзінің бар тағылымын шәкірттеріне берген жас ұстаз. Фестивальге «Асыл Отан» әнімен қатысып, 1-орынды жеңіп алған Меруерт өз шығармашылығын елордамен тығыз байланыстырады.
«Өнерімді насихаттауға мүмкіндік бергендері үшін «Туған жер» фестивалінің ұйымдастырушыларына алғысым шексіз» деп ағынан жарылды Меруерт.
Әлі талай әнімен тыңдармандарының жүрегін жаулайтын жас дарынның шеберлігіне шеберлігі туралы фильмді Ұлттық Дельфий Комитетінің facebook және Youtube желілерінің әлеуметтік парақшаларынан тамашалай аласыздар.
Youtube: https://youtu.be/51HhSSImQTw
📷
Жобаға тоқталатын болсақ, оған қазақстандық авторлар, сондай-ақ, патриоттық тақырыпқа авторлық туындыларды орындайтын шығармашылық ұжымдар «Орындаушылық шығармашылық» (вокал, аспапта ойнау, хореография) және «Көркем шығармашылық» (бейнелеу өнері, бейнеконтент, фотосурет) аталымдары бойынша қатысты.
«Әлемдегі эпиджағдайға байланысты фестиваль пішіні өзгергенімен, жоба нәтижесіне көңіліміз толды. Финалистер, одан соң жеңімпаздар анықталды. Қазіргі таңда 10 жас автордың шығармашылығын насихаттау бойынша жұмыс аяқталуға жақын. Жеңімпаз жас авторлар туралы шағын фильмдеріміз жақында көрермендерге жол тартады», – деп атап өтті жоба авторы, Ұлттық Дельфий Комитетінің директоры Құралай ТҮСПЕКОВА.
Бірінші айналымның жұмыстары желі қолданушылары өздеріне ұнаған қатысуға дауыс бере алатын жобаның әлеуметтік желілерінде жарияланды. Осылайша, халықтық дауыс беру нәтижесі арқылы 80 финалист айқындалды.
Байқаудың ақтық сынында қазылар алқасының мүшелері 1, 2, 3 орын лауреаттарын анықталды, жеңімпаздарға Қазақстанды еліміздің Ұлттық Дельфий құрамасы құрамында Қазақстанның атынан қатысу құқығы беріледі.
