Жас маман, мемлекеттік қызметке бас қадам

Ағымдағы жылғы 10 маусымда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметті өткеру мәселелерін талқылау үшін М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих, экономика және құқық факультеті түлектерімен кездесу ұйымдастырды.
Кездесуге мемлекеттік қызметтің жаңа моделі арқау болды. Яғни реформалар аясында енгізілген жаңашылдықтар, қайта құрылған Министрліктің мақсаты және міндеті талқыланып, түлектерге дұрыс таңдау жасауларына тиісті бағыт-бағдар берілді.

Кездесуге қатысқан Департамент басшысының орынбасары Е.Ф. Степаненко, жастардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған мұндай шаралардың маңыздылығын атап өтті. Болашақ мамандармен орнаған еркін пікір алмасу кезінде мемлекеттік қызметті өткеру және оған орналасудың ерекшеліктері жан-жақты талқыланды.

Шара барысында СҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы еңбек қауіпсіздігін бақылау және қорғау бөлімінің жетекшісі Б.К. Жанбутин баяндама жасады. Ол жас мамандарға қызметке орналасқан кезде қажет болатын, жұмыс беруші мен жұмысшының арасында орнайтын құқықтық қатынастарға қатысты бірқатар кеңестерін берді.

Кездесу соңында студенттерге өңіріміздің мемлекеттік органдарындағы бос лауазымдар туралы мәліметі бар брошюралар таратылды.
