Жарықтандыру мақсатында 57 прожектор орнатылды
Бүгінгі есептік кездесуді аудан әкімі Азамат Сафималиев Күйгенкөл ауылынан бастады. Оған аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов және аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешов қатысты. Күйгенкөл ауылдық округінің әкімі Әлия Оспанова бір жыл бойына атқарған жұмыстар хақында баяндады. 2020 жылы Күйгенкөл ауылдық округінде көшелерді жарықтандыру мақсатында 57 прожектор орнатылып, ауылдық мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ауылдың үш тұрғыны «Бастау Бизнес» курстарын оқып, 8 млн. теңге көлемінде несие алып, ірі қара мен қой малын сатып алып кәсіптерін ашты.
Ауыл әкімінің баяндамасынан кейін аудан басшысы Азамат Сафималиұлы аудан бойынша атқарылған жұмыстарды айтып, биылғы жылдың жоспарларын атап өтті. Оның айтуынша, республикалық маңызы бар, яғни облыс орталығынан Жәнібек ауданы аралығын қатынайтын жол күрделі жөндеуден өткен кезеңінде аудан бойынша барлық жобаларды жол жөндеумен байланыстыру қажет деді. Аудан орталығындағы, ауыл елді мекендердегі жолдарға асфальт төсеп, ретке келтіру керек. Сонымен қатар ауылдың басты мәселесі ауыз су екенін атап өтіп, сол мәселе бойынша жұмыстанып жатқандарын айтты. Жарыссөзге жазылған ауыл тұрғыны Алмагүл Сыдықова медпункттің салқындығын тілге тиек етіп, ауыл, аудан әкімдерінің атқарған жұмыстарына оң бағасын берді.


