ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
-2

Жаныма ыстық туған өлке

Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы «Ауылым» әнінен:

Жайлап отыр менін ауылым,

Алатаудың сол бір бауырын.

Туып өстім сенде, есейдім,

Алаулатып жастық жалынын.

Осы жолдар менің бал дәурен балалық шағымның куәсі, жұмағымның қай жерде екенін көз алдыңызға елестететініне сенімдімін. Иә... ол дәл аласармас Алатаудың бауырындағы «Майбұлақ» емес, менің кеудемдегі жүрегіммен тұтасып кеткен барша қан тамырларымның бұлағы. Майбұлақ менің кіршіксіз сәбилігімнің, шат-шадыман кейіптегі балалығымның, аласармас арман қалыптастырған ересек шағымның себепкері, дәнекері, куәгері.

Ауылымның атауы бір оқылғанда мағынасы сізге аса қатты түсінікті болып көрінетініне шүбә келтірмеймін. Бірақ... бірақ сіздер қатты қателесіздер. Балалық шақта достарыммен аңыз етіп айтатын бұлақтар ауыл маңында әлі де бар. Бірақ май атқылап шыққан бұлақ ешқашан да болмаған. Қызық, бұны өзім ақыл тоқтатып, мектеп табалдырығын аттағанда бір-ақ білдім. Май деп отырғанымыз  арабтың «майеғ» яғни, су деген сөзі екен. Расында да ауылым  сулы, бұлақты жерден орын тепкен құт мекен.

Осы суға қатысты жақында оқыған дерегім еске түсіп отыр. Адам бойындағы қан құрамының өзі туған жердің су құрамынан еш айырмашылығы болмайды екен. Міне, бұл да судың тамаша бір қасиеті.  Ендеше, әр қайсысымыздың бойымыздағы туған ауылдың «жалын суы» мөлдір, тұнық болсын!

Ауылымды аңсап, Нұрлан ағамыздың әнімен сөз бастап едім, енді сол әнмен сөзімді қорытындылайын.

...Қайда жүрсем естен кетпейсін,

Көңілімде менің көктейсің.

Бір жалын бар бойда сен жаққан,

Жүрегімде мәңгі өшпейтін...