Жаныңда жүр Қаһарман...
9 Мамыр Ұлы Жеңістің 70жылдығы қарсаңында мектебіміздің директоры Сауле Рахымқызымен ардагер ата Успанов Шанхай Мергалиұлымен кездесуге бардық.. Ол бір қарағанда қарапайым қария болып көрінгенмен, өмірі тұнып тұрған тарих екеніне көз жеткіздік. Сол күн біздің жадымызда өмір бойы сақталып қалатынына сенеміз.Бізді жарқын жүзді, омырауы медаль мен ордендерге толы ата күлімсіреп қарсы алды. Бізді қонақ бөлмеге жайғастырған соң, еңбек пен ерлікке толы өмірі жайында әңгімесін бастады.
Успанов Шанхай Мергалиевич Ұлы Отан соғысының ардагері. Ол 1925 жылы 15 шілдеде дүниеге келген.
Ардагер атаның бөлмесінде столдың үстінде тұрған компьютерге көзіміз түсті. Ата жасыңа қарамастан заманауи технологияны игеріп алғаны біз үшін таңғанарлық болды.

Әкесі Успанов Мергали Оспанович 1891 жылы 23 ақпанда Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Қаңбақтысай деген жерде дүниеге келген. Ұлты - қазақ , руы кете.Отбасымен көшпелі өмір сүрген шаруашылық саласында жұмыс жасаған. 1917 жылдың маусымынан бастап 1919 жылдың желтоқсанына дейін Алашорданың құрамында қызмет жасайды.Сол жылдары Кеңес үкіметі Торғай, Ойыл, Ақтөбе , Ырғыз және т.б. аудандарында орнаған кезде Қызыл әскер құрамында командир болды. 20-30 жылдары Ақтөбе, Орынбор, Алма-Ата, Қостанайдағы милиция мектептерінде басшы қызметін атқарады. Кейінгі уақытта Мергали Оспанович көптеген қызметтер атқарып үлгерді.1937 жылы «халық жауы» деген жала тағылып тұтқындалады. 1939 жылы 11 наурызда КСРО-ның жоғарғы сотының шешімімен 58-бап бойынша ату жазасына кесілді, дүние-мүлкі тәркіленді.Кейін бұл жалған жаладан ақталып шықты.

Біздің кейіпкеріміз әкесінің жерленген жерін тауып тағзым еткісі келетінін білдірді. Ол Алматыдан 40 шақырым жерде екен, және ол жерде казіргі таңда Елбасының бұйрығымен мемориал орнатылған екен дейді ардагер әкесін еске алып. Осы орайда ардагер атамыз Президентіміз Н.Ә.Назарбаев туралы былай деді «Я могу сказать, что этот человек сделал для нас, для Казахстана и для меня лично больше, чем все прежние правители вместе взятые.Замечательно, что он до сих пор держится, энергичный. И я буду за него голосовать».
Сөз орайы келгенде, директор апайымыз Сауле Рахымқызы атасының соғыста қаза тапқаны жөнінде ,атасының жерленген жеріне тағзым етуі туралы сөз етті. Ал біздің кейіпкеріміз Шанхай атаның әкесі жерленген жерге баруына қолдау көрсетуге дайын екенін және сондай игі іске оқушыларды тартатынын айтты.


Шанхай атамыздың анасы да керемет адам болған. Анасы Курмаева Галия Гилязитдинова 1908 жылдың 25 жетоқсанында Саратов губерниясы Алтата ауылында шаруа отбасында дүниеге келген.1915 жылы Ақтөбе облысына көшіп келеді. 1924 жылы Мергали Оспановичке тұрмысқа шығады. Ол Ақтөбедегі Қазақ драма театрының алғашқы әртістерінің бірі болған. Репрессияға ұшыраған жұбайын іздеп Семипалатинскіге барғанда халық жауының әйелі ретінде тұтқындалып, АЛЖИР лагерінде 10 жыл бойы азапты күндерін кешеді..1974жылы 14 қазанда дүниеден озады.

Анасы Курмаева Галия Гилязитдинова
Успанов Шанхай Мергалиевич бала кезінде әкесінің жұмыс бабымен көшіп жүрген. 1932 жылы Қостанай қаласында 1 сыныпқа барады. Ал Ақтөбе облысына 5-сыныпта №2 мектепте оқиды. 1938-1943 жылдарда ата-анасы тұтқындалғанына байланысты Шанхай Мергалиевич нағашы апасының қолында өседі.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Шанхай атамыз 9 сыныпта екен,. Отбасындағы қарындасы мен апасын асырау үшін автослесарь болып жұмыс жасап, ал кещкі уақытта шофердің оқуын оқиды. Осыдан кейін «Рентген» зауытында шофер болып жұмыс жасайды. Ардагердің айтуы бойынша ол күнделікті таңғы сағат 5-те тұрып, нан комбинатынан «рентген» зауытында жұмыс жасайтын қызметкерлерге нан тасиды.
1943жылдың ақпанында Шанхай ата әскер қатарына шақырылып майданға аттанады.Шанхай Мергалиевичті Малаховка жеріндегі оқу автополкына жібереді. Кейін Белоруссиядағы Смоленск қаласында әскери қызметін жалғастырады. Сондай күндердің бірінде аспаннан немістің «мессершмиттері» төніп от атқылайды, сол кезде Шанхай атамызға оқ тиіп жарақаттанады. Госпитальда 1,5 ай жатып шығып қайтадан қан майданға оралады. Жеңіс туралы хабарды ардагер ата Жапонияда әскерде жүріп естиді. 1950 жылы 7 жыл әскерде жүріп туған еліне оралады.Ұзақ жылдары аянбай еңбек етіп келген.


Қазіргі таңда Шанхай Мергалиевич өз ұлымен Ақтөбе қаласында тұрады. Әйелі дүниеден озған. Олардың 3 ұлы, 1 қызы, 6 немересі және 2 шөбересі бар. Ұлдары әкесінің жолын қуып, әскери салада жұмыс жасап жатыр.
Ардагер атамен көзі тірісінде сұхбаттасып, өз аузынан естіген әңгімелерді болашақта өз балаларымызға айтатын боламыз.Шанхай атамыз сияқты ардагерлердің ерлік пен ерен еңбегі арқасында Тәуелсіз Қазақстанда бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Батыр аталарымыздың атын өшірмей келесі ұрпаққа жеткізу-біздің міндетіміз деп білеміз!


Авторлары: Ақтөбе физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің "Қобыланды" шаңырағының оқушылары Санатова Ляззат, Туремуратова Құралай, Есенбаев Нұржан.
