Жангелді Бағдат: «Қыздарға көп алданып қала беремін!»
- Сыр еліне қош келдіңіз?
- Қош келдік, қош келдік!
- Көңіл күйіңіз қалай? Гастрольдік сапарларыңыз қалай өтуде?
- Көңіл күйім өте керемет! 100 пайыз десем де болады. « Сыр елі-жыр елі », -дейді ғой! Сыр еліне келуіміз бірінші рет емес енді, осының алдында да келіп жүрміз. Жалпы, Сыр елі өзіме қатты ұнайды! Бұл жақтың желіне, күніне күйіп, керемет әсер алып қайтамын. Халқы да өте керемет. Ең бастысы, өзіме ұнайды.
- Көңіл-күйіңіздің керемет болғанына бізде қуаныштымыз!
Cіздің әндеріңізді қазіргі жастар сүйіп тыңдайды, жатқа айтады десе де болады. Қоғамдық көліктерде, сауда орындарында, жалпы, халық көп жиналатын қоғамдық орындарда әндеріңізді жиі естіп қаламыз. Дегенмен, өзіңізден бұрын әніңіздің халыққа танылғандығы жақсы құбылыс деп ойлаймын. Қазіргі уақытта өзі танымал, әні белгісіз әншілер көп. Сізді бұл жағынан «бағы жанған әнші»,-деп айтуыма болатын шығар! Әнші ретінде керемет әндерді халыққа сіз танытсаңыз, сізді халыққа таныту біздің, яғни журналистердің міндеті деп есептеймін.
Халықтың ерке баласына айналған сіздей жас әнші қай өңірде туып өсті? Қандай отбасы да дүниеге келдіңіз?
- Мен енді, 1994 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келдім. Қарапайым жанұяда туып өстім. Әкем-шахтер, анам-сатушы. Кішкентай кезімнен әнші болсам екен, менің әнімді бүкіл Қазақстан орындаса екен деп армандадым. «Түрімді танымаса, танымай-ақ қойсын, тек ғана әнімді білсе болды , сол жететін еді»,- деп, бірақ ол мүмкін емес деп ойлайтын едім. Алладан тілеп,сұрап, тілегім қабыл болдыма, әйтеуір кішкентай ғана тырнақтай бақ берді. Сіз айтып жатсыз ғой, әрине, менен бұрын әнім танымал болып кетті. Осыдан үш жыл бұрын, «Мені ұмыт» деген әнім хит болып, базарларда, машиналар да, кафелерде ойнап жататын. Содан барып, «осы әнді мен айтам ғой»-, десем, ешкім сенбейді. Біреулер бұл әнді Ернар Айдар айтады деді, біреулер Қайрат Нұртас айтады дейді. Сөйтіп, сенімсіздік болып жүрді. Ол кезде менде қаражат та аз болды. Шоу бизнесті білесіз ғой, үлкен қаражатты қажет етеді. Бірден жарқ етіп шығуыма қаражаттың болмауы кедергі болды. Әйтеуір , Алланың берген бағы, күндердің күнінде қазіргі продюсерім, Бөрібай деген ағаммен, бұрындары Асан Пердешовтың продюсері болған, сол кісімен концертте таныстым. Әлі есімде сол концерттің 100 билетін сатып беріп, осы концертке шығайыншы деп өтініп, «Мені ұмытты» айтып шықтым. Сол кезде, Бөрібай ағам: «мына өлеңді сен айтасың ба»,-деді. Сөйтіп ағаммен таныстым. Ағам: "Сен Қарағанды да не істеп жүрсің, саған Алматыға бару керек",-деп айтты. Содан, әке-шешемнің батасын алып, Алматыға алып кетті. Сол кезден бастап, 2-3 жылдай болып қалды, жұмыс жасап жатырмыз. Қазақстанның барлық өңірін, бүкіл облысты аралап келе жатқан жайымыз бар. Бір облысқа барсақ, мәселен, Қызылорда облысын айтатын болсам, ол жерде кішкентай-кішкентай ауылдар бар, үлкен-үлкен аудандар бар, мысалы, Шиелі, Қазалы, Арал, Байқоңыр бар. Солардың қасында қаншама кішкентай ауылдар бар. Ол жерлердегі тұрғындардың көбісі концерт көруге қалаға келе алмайды, теледидардан ғана көреді. Сөйтіп, бүкіл ауылдарды аралап шығамыз деп мақсат қойдық. Сол мақсатымызға жеттік. Екі жылдан бері, 500- ден астам концерт бердік. Бір күнде 2-3 концерт берген кездеріміз де болды. Енді Құдай қаласа, Ақтөбе, Ақтау, Атырау облыстары қалды. Сонымен Құдай қаласа, Қазақстан картасы да бітеді (күліп).

- Жалпы, «Өнер жолы-ауыр жол» дегенді көп естиміз. Сіз соған дайын болып келдіңіз бе?
- Өнер жолының ауыр жол екенін ол кезде білмедік ғой. Ол кезде оңай сияқты көрінетін. Бәрі жылтыр, әншілердің бәрі бай болады деп есептейтін едік. Сөйтіп, өнер жолына келгелі бері, өнер жолының ауыр екенін білдім. Аяқтан шалу, көреалмаушылық көп болады. Бұл жерде бәсекелестік басым.
- Әрине, сөзіңізге келісемін! «Өнердегі бәсекелестік» дегенді қалай түсінесіз? Сізге кім бәсекелес деп ойлайсыз?
- (күліп) Енді, анау- мынау деп айта алмаймын, бірақ көп қой енді. Әншілердің арасында біреу хит ән шығарып қалса, «анау мынандай ән шығарып қойыпты, біз неге мұндай ән шығармаймыз, бір әнші концерт беріп жатыр екен, біз неге жатырмыз»,-деп барынша аяғыңнан шалуға тырысады. Соның бәріне шыдай білу керек, құлаған кезде, "біссіміллә",- деп қайтадан тұрып, алға кете беру керек. Өнерде талап етілетін үш-ақ зат бар. Ол: біріншіден-шаршамау керек,екіншіден- еңбек, үшіншіден-тағы да еңбек. Сонда ғана өнеріңді халық бағалайды. Бірден жұлдыз болып жарқ ете қалу мүмкін емес. Кез-келген әншінің бес жыл, алты жылсыз халыққа кеңінен танылуы мүмкін емес. Бір күнде Москвада құрылмаған ғой. Сол себептен, осындай ауылдардан бастап, концерт қойып келе жатырмыз. Үлкен қалаларға да қойып жатырмыз. Бірақ, концертті, ешкімді қинап өткізіп жатқан жоқпыз. Естіп жатасың, билетті анда беріпті, қинап мында беріпті дегенді. Қинап өткізген болмайды. Төрт адам болса да, он адам болсада концерт қойып жатырмыp. Ең бастысы, шынымен мені көргісі келіп, мені тыңдағысы келіп жүрген көрермендер келеді. Қазір ауылдық жерлерге әншілер көптеп келеді. Бірақ , халық әншіні өзі таңдайды. Біреуге ұнаған әнші, енді біреуге ұнамауы мүмкін. Әркімнің өзінің талғамы бар. Мысалы, сіз өзіңізге ұнамайтын тамақты жемейсіз ғой, бұл да сол сияқты. Менің де өз тыңдармандарым бар. Әр нәрсе өз ретімен болады, Алла қаласа!
- Жангелді, ең алғаш әніңіздің хит болғанын білгенде, көп жерден естіп жүргенде, қандай сезімде болдыңыз?
- Әнім хит болғанда, мен Шымкентке жұмыс істеуге келдім. Сол кезде Қуаныш Жаманқұлов, өнердегі ең алғашқы ағам, ол кісіге мыңда бір рахмет айтамын. Ол кісі Қайрат Нұртастың барлық өлеңдерін жазды десем қателеспеймін, қазір де көптеген әншілердің хит әндерін жазып жүр. Ең алғаш сол кісінің әндерін орындап шықтым. Бар жиған-тергенімді алып, осы кісіге келіп, «маған ән беріңіз»,- дедім. Әне жазамыз, міне жазамыз деп жүріп, сол кісінің үйінде тұрдым. Бір күні Шымкентте тойда жүрген кезімде , «Мені ұмыт» деген әнді естідім. Жаңағы өлеңді тыңдап тұрсам, «меніі ұмыттттт» деп айтып жатты. «Қуаныш аға, мына өлең маған арналған сияқты, шығарсақ қалай болады»,- дедім. Бірақ, ол кісі:"Мен бұл өлеңді сатып қойғанмын",-деді.Мен: «бүкіл ақшамды алыңыз, бірақ мына өлеңді маған қалайда алып беріңіз»,- дедім. Сөйтіп, бір амалын тауып, алып берді. Бір айдан кейін, Шымкенттен бастап хит бола бастады. Таксиге отырсам, өлеңімді естимін. Достарым, таныстарым, туысқандарым хабарласып құттықтап жатты. Содан, Қарағандыға қайттым. Бірақ, ақша болмай, екі жылдай жүріп қалдым. Әрине, мұның бәрі Алланың қалауымен болады.
- Әндеріңіздің бағыты қандай? Сізбен сұхбаттаспастан бұрын, әндеріңізді тыңдап, сіздің шығармашылығыңызға зерттеу жасадым. Репертуарыңызда махаббат жайлы әндер басым екен. Әндеріңіздің сіздің тағдырыңызға қатысы бар ма?
- Тағдырыма қатысты. «Мені ұмыт» деген, дәл менің басымнан өткен оқиға. Негізіәндерімнің көбісі өміріме қатысты. 
- Халық, жалпы өздерінің сүйікті әншісінің жеке өмірі жайлы білгісі келеді. Осыншама әдемі ән туғызған жүрегіңіздің жартысы бар ма? Өзіңізді махаббатта жолы болған адам деп есептейсіз бе?
- Махаббатта жолым болмады(күліп). Маған жолыққан қыздардың бәрінің жігіті болады, көбінесе мені тастап кетеді. Менің аңқаулығым ба, менің ақкөңілдігім ба, әйтеуір қызға алданып қала беремін. Сол себептен, махаббатта бағым жанбады. Қазір басым бос (күліп). Қыздарға сенбеймін. Бірақ та, бес саусақ бірдей емес ғой. Құдай қаласа, қыздардың арасынан бір әдемі, ибалы қыз жолықса. Негізі қыздың әдемілігіне қарамаймын. Ең бастысы, менің әке-шешемді сыйласа болды. Қаланың қыздары маған керек емес. Ауылдан шыққан апа-жеңгелеріме ұқсайтын инабатты қыз іздеймін.
- Әлеуметтік желілерді қаншалықты деңгейде пайдаланасыз?
- Әлеуметтік желілерді осы, бір жылдықтың көлемінде ғана пайдаландым. Оның алдында әлеуметтік желілерді білмейтін едім. Тек ғана «агентте » отыратын едім. Бәрі күлді. Достарым: «Агентте отырмасай, әншілер агентте отырмайды, вк ға кір, инстаграмға кір»,- деді. Сөйтіп инстаграм аштық. Бірінші инстаграм да адам көп еді. Отыз мыңнан астам адам болған. Ол инстаграмды біреулер қасақаналықпен бұзып тастады. Қазір жаңадан аштым, бес айдай болды. Он мыңнан аса оқырманым бар. Құдай қаласа жиналатын шығар деп ойлаймын.
- Сіздің инстаграм парақшаңызға қарасам, сізге пікір білдіретіндердің басым бөлігі-жасөспірім қыздар екен. Дегенмен, көрермендер арасынан үлкенді де, кішіні де көрдік. Ел аралап жүріп, сізді қандай аудитория тыңдайтынын анықтай алдыңыз ба?
- Аудиториямды таптым деп ойлаймын. Негізі менің концертіме үлкен кісілер аз келеді. Сол, ары кетсе бірінші сыныптан-төртінші курсқа дейін ғой. Кішкентай балалар мамаларын, папаларын, ағаларын ертіп келеді. Сөйтіп, әндерім сол кісілерге де ұнап жатады.
. 
- Жасыратыны жоқ, ауылдық өңірлерге әншілер көп бет бұра бермейді. Ал, сіздің осындай кішкентай ауылдарға гастрольдік сапармен келуіңіздің себебі неде?
- Себебі, кішкентай кезімнен еліктеген әншім – Қайрат Нұртас. Оны мойындаймын. Қайрат- халық сүйетін жақсы адам. Оны мен барған жерімде айтып жүремін. Ондай мега хит адам әлі туылған жоқ. Қазақта ондай әнші жоқ, әлі. Әркімнің өзінің орны бөлек. Бірақ, ондай Қайратқа берілгендей бақ ешкімге берілген жоқ. Алайда, өзім, кішкене жүрегім сезеді, мағанда берілетін сияқты (жай күліп). Қайрат менің кішкентай кезімде ауылға келген еді. Ол кезде біздің ауылға ешқандай әнші келмеген. Есімде әлі, көрермендер жиырма бес адамдай ғана болды. Билеті- 70 теңгеден болған. Сол кезде бәріміз Қайраттың «Армаааннн» деген әнін білетін едік. Содан бергі арманым-әнші болып, Қайрат сияқты ауылдарды аралау. Мені өшіретін де, өсіретін де халық, яғни, ауылдың азаматтары, өзіммен жасты жастар қауымы, қыздар, апалар.Ертең мен теледидарға шығып жатсам, мені бір жерден көріп қалып жатса , менің тілеуімді тілеп, батасын беріп, «осы бала біздің ауылға келген еді»,- деп жатса, мен үшін соның өзі үлкен бақыт.
Қазақстанда қаншама ауыл бар. Қарапайым халық көп, қалаға қарағанда. Сол қарапайым халықты мойындатып , сол кісілердің батасын алсаң, сен өстің деген сөз. Ол кісілерге жақпасаң, өштің деген сөз. (күліп)
- Қандай авторлармен жұмыс жасайсыз? Кімдермен шығармашылық байланыстасыз?
- Қазіргі таңда жас ақын Бақдәулет Арыстаннан көп ән алам. Ол көптеген хит әндердің авторы. Одан кейін Айжан Айдарова, Нұрислам Сәменқұлов. Ринат ағамыздан ән алатындай шамамыз жеткен жоқ. Әрине, өзімнің шамамды білем. Ол кісілеге бару үшін сәл аяққа нық тұрып алып бару керек. «Көрпеңе қарап көсіл » дейді ғой. Алдағы уақытта бәрі бола жатар.
- Қазіргі эстрада жұлдыздары қырғыздың, өзбектің, түріктің әндерінен плагиат жасайды, яғни әнін ұрлайды. «Өнерде шекара жоқ»,- деп жатады ғой. Дегенмен, бұл қаншалықты дұрыс? Сіздің репертуарыңызда осындай әндер бар ма?
- Мен өзім негізі плагиатты дұрыс деп ойлаймын. Әркімнің ойы әрқалай ғой. Әдемі өлең болып тұрса, әуені әдемі болып тұрса, неге айтпасқа? Басқа елдің әні болса, оны қазақшалап, әдемі сөзбен аударып айтып жатса, бәлкім Қазақстанға да ұнайтын шығар. Мысалы, біздің әндерді де ұрлап айтып жатқан адамдарда бар. Рұқсат сұрап алсаң, ұрлағанға жатпайды, плагиат болсада. Мысалы, мұхит асып, Финляндияның әні болып жатса, енді ол кісіні, композиторын табу қиын болады. Бірақ көршілес жатқан Өзбекстан, Қырғыстаннан болса рұқсат сұрап алуға болады. Әдемі әндер болып жатса, плагиат дұрыс деп ойлаймын. Менің әндерімнің көбі плагиат. Мен оны жасырмаймын. «Мені ұмыт» та плагиат. Әні түріктікі, сөзі Қуаныш ағаныкі. Хит болған әндердің бәрі плагиат. «Ах, жаным» деген бар. Ол да плагиат, түріктің әні. Оны мен ұялмай айтамын.
- Сыни пікірлерге мән берсек, сізді «тойдың гүлі» деп жатады. Оңтүстік өңірдің тойларына жиі қатысады екенсіз. Болашақта өзіңізді киелі сахнадан көп көресіз бе, әлде тойлардан ба?
- Сын-пікірлерге жақсы қараймын. Тойға шақырып жатса барамыз. Той болмаса тағы болмайды, өзіңізде білесіз. Көбінесе оңтүстік өңірлерде боламыз. Енді, өзімді тойдың әншісімін, сахнаның әншісімін деп бөлмеймін. Той туралы да өлеңдер айтамыз. «Той-халықтың қазынасы» Ал, концерт өз алдына. Екеуін бөліп-жарудың қажеті жоқ. Себебі, бізге мемлекеттен бөлініп жатқан ақша жоқ. Тойдан тиын-тебен өндірмесек қиындау болады.
- Сіз халыққа енді танылып келе жатырсыз. Байқаймын, бірнеше бейне клипіңіз бар. Оған қаншама қаржы жұмсалғаны белгілі. Дегенмен, байқап қарасақ, клиптің сәніне,стиліне, түсірілу бағытына, түскен кейіпкерлеріне қарасақ, асығыс жасалған дүние сияқты. Қарапайым гримді де байқамаймыз. Сол клиптердің көрермендері сізге сын айтпайды ма?
- Бейне клиптерімде кемшіліктер бар екенін білемін. «Біткен іске сыншы көп». Алдағы уақытта керемет клип түсіргелі жатырмыз. Сол кезде бағасын беріп, саралайтын боласыздар.
- Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз, қандай армандарыңыз бар?
- Арманым көп. Көптеген хит әндер шығарып, халықпен бірге болу.
- Жангелді, сұхбатыңызға көп-көп рахмет! Шығармашылығыңызға табыс тілеймін. Біздің оқырмандарымызға қандай тілегіңіз бар?
- Ал, енді сөз соңында тыңдармандарыма «мені тыңдап жүріңіздер, біз әрқашан біргеміз»,- дегім келеді(күліп). Сіздер басқа қалада болсаңыздар да, әрқашан жүрегіміз бірге. Бізбен, сіздерді жалғайтын әуезді әндер көп болсын. Мен сіздерге әндеріммен, өзімнің шынайы екенімді дәлелдеймін. Маған жақын болғыларыңыз келсе, менің әндерімді тыңдаңыздар. Сіздерге де творчествалық табыс тілеймін. Көп-көп рахмет сіздерге!
-Сау болыңыз!
-Келесі де кездескенше!
Сұхбаттасқан: Фаризат Амангелді

