Жанарбек Әшімжанов: «Райымбек батыр кесенесіндегі жұмыстар неге аяқталмай жатыр?»
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан көптеген жобалармен қатар, әлі де атқарылуы тиіс жұмыстар баршылық. Мәдениет пен өнер, руханият пен ұлттық спорт салаларының да шешімін таппаған тұстары жоқ емес. «Nur Otan» партиясы жанындағы «Miras» қоғамдық кеңесі аталған салалардың көкейкесті мәселелерін айтып, талқылап қана қоймай, оны әрі қарай жүзеге асыру жолдарын қарастырады.
Ол үшін руханият саласындағы елдің көкейінде жүрген көптеген мәселелер бойынша нақты тақырыптарды белгілей отырып, сайлауалды бағдарламаларда көрсетілген міндеттерді жүзеге асырудың нақты тетіктері қарастырылады. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен партия жанынан құрылған 14 республикалық қоғамдық кеңестің жаңа тағайындалған төрағаларымен өткен онлайн кездесуде Мәжіліс депутаты, «Miras» қоғамдық кеңесінің жаңа төрағасы Жанарбек Әшімжанов айтты.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты бағыттарын айқындап, үлкен міндеттер қойды. «Рухани жаңғыру» аясында жақсы жобалар жүзеге асты және соңына дейін жетпеген дүниелер де болды. Мәселен, кезінде Алматы қаласында Райымбек батырдың кесенесін туризм бағытында дамыту үшін, жақсы жоба жасалып, кешенді жұмыстар қолға алынған еді. Қазір сол жоба жүзеге асты ма? Неге жалғасын таппай жатыр? Жергілікті билік қайда қарап отыр? Осындай мәселелер «Miras»-тың алаңында тек талқыланып қана қоймай, оны әрі қарай жүзеге асыру жайын қарастырсақ дейміз. «Miras» мәселені айтып қоя салатын алаң емес. Ол – қоғамдағы идеологиялық бағыттарды айқындайтын ең үлкен кеңес. Мәдениетке, руханиятқа, ақпаратқа, қатысты саланың бірінші басшыларын шақырып, сайлауалды бағдарламалардағы негізгі міндеттер неге атқарылмады, қалай жүзеге асыру керек, жүзеге асқандарын болашақта жол картасы аясында тағы қандай бағыттар бойынша күшейтеміз деген сауалдарға кеңесе отырып, нақты жауап табуымыз керек», – деді Ж.Әшімжанов.
Сонымен қатар, «Miras» кеңесі қазір қоғамда қызу талқыланатын тақырыптардың бірі – телеарналардың мәселесін де айналып өтпейді. Әсіресе, кішкентай көрерменнің назарын жаулаған мультфильмдердің сапасы мен тіліне қатысты Мәдениет министрлігіне қойылатын сауалдар баршылық. Мәселен, шетелдік танымал фильмдерді қазақ тіліне аударумен неге тек «Болашақ» корпаративтік қоры ғана айналысады? Осы бағытқа мемлекет қазынасынан бөлінген қаражат дұрыс жұмсалып жатыр ма? Міне, «Miras» кеңесінің жаңа құрамы осындай сұрақтарды тиісті ведомоствоның алдына көлденең тартпақ.
«Miras» қоғамдық кеңесі сондай-ақ, партияның қолдауымен айтыстың, ұлттық спорттың, тіліміз бен діліміздің, қаламгер қауымның мерейін өсіретін жобаларды салалық министрліктің басшыларымен тікелей талқылау арқылы да қолға алады.
