Жалпыұлттық ата-аналар жиналысының қорытындысы.
Жалпыұлттық ата-аналар жиналысының қорытындысы
2017 жылғы 12 мамыр күні бір мезгілде республика мектептерінде Жалпыұлттық ата-аналар жиналысы болды, жиналыс 7450 мектептің 6831-інде өтті. Оған 1 370 966 адам, яғни республика көлеміндегі оқушылардың тең жарымына жуығының ата-анасы қатысты (барлығы 3 миллион). Жалпыұлттық ата-аналар жиналысы отбасында мектеп оқушысы бар әр шаңырақ үшін маңызды. Мұндай шараны өткізу ата-аналарды мемлекеттің білім беру саласындағы саясатын талқылауға тарту мақсатынан туындаған болатын. Жиналыс шеңберінде, сондай-ақ, «Мектепке кітап сыйла!» атты акция өтті. Акцияның мақсаты – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Акция кезінде мектеп кітапханаларының қоры көркем әдебиет, танымдық және ғылыми кітаптардан тұратын 370 мың дана кітаппен толықты!
Жасыратыны жоқ, көптеген ата-аналар жұмысбасты болуына орай мектептегі шараларға қатыса алмайды. Ал 12 мамыр күні ата-аналар жиналысына келгендер балалары күн сайын уақытын өткізетін, білім алатын сынып бөлмелерін өз көзімен көру мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге, ата-аналардың мектеп басшылығымен, сынып жетекшілерімен және пән мұғалімдерімен кездесуіне жағдай жасалды.
Жиналыста ата-аналар мектеп басшылығымен бірге қамқоршылық кеңесінің қызметіне қатысты мәселелерді (олардың құқықтары мен міндеттерін, қызмет ету принциптері мен тетіктерін), демеушілік мәселесін, жаңа форматпен өтетін ҰБТ-ны ұйымдастыру жайын, мектеп бітіру кешін өткізу мәселесін, оқытудың жаңа механизмдерінің пайда болуы мен білім беру жүйесінде бүгінгі таңда болып жатқан басқа да көптеген жайттарды талқыға салды. Олардың бірқатары төмендегідей:
● бірінші сыныптарда оқушылардың оқу барысындағы жетістігін бағалаудың критерийлі жүйесі енгізілді;
● 1 қыркүйектен, яки жаңа оқу жылынан(2017-2018) бастап 1, 2, 5, 7-сынып оқушылары білім беру сапасын және болашақ түлектердің бәсекеге қабілетті болуын арттыруға бағытталған жаңа бағдарламамен оқиды;
● Барлық педагогтар бірыңғай жаңартылған бағдарлама шеңберінде біліктілігін арттыру курсынан өтеді;
● ҰБТ-ның жаңа форматы бекітілді;
● Білім беру сапасы жөнінен қала мектептері мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты қысқарту бойынша жұмыс жүріп жатыр;
● «Баршаға арналған тегін ТжКБ» бағдарламасы бастау алды.







