Жаңғырту 3.0. Үшінші жаңғыру Қазақстанға қандай өзгеріс алып келеді
Қазақстанның бірінші жаңғыруы өз алдына жеке мемлекет құруында болды, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту кезеңін қамтыды. Екінші жаңғыру Қазақстан – 2030 стратегиясын қабылдау, ел ордасын Астана қаласына ауыстыру болды. Екінші жаңғыру кезеңінде Қазақстан экономикасы артта қалған санаттан шығып, бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылды. Ал үшінші жаңғыру алдыңғы екі қадамның жалғасы болмақ.

2017 жылдың 31 қаңтарында Елбасымен қабылданған «Жаңғыру 3.0» жобасының мақсаты – бәсекеге қабілетті алдыңғы қатарлы 30 елдің санатына қосылуға мүмкіндік беретін экономикалық дамудың жаңа моделін ұсыну.
Бүгінде технологияға тиісті бағасын бермесек ұтыларымыз анық. Заман ағымына ілесіп, күнделікті жаңартып отырмасақ, бүгінгі жаңа технологиямыз ертеңгі күні ескіріп қалуы әбден мүмкін. Екінші жағынан мұнай мәселесі тағы бар. Соңғы жылдары мұнай бағасының құлдырауы біраз мемлекеттің үлкен мәселесіне айналып отыр. Біздің елді де толғандыратын мәселе екені рас.
Әлемде болып жатқан өзгерістерге қарай бағытын өзгерте алатын саясат – ең дұрыс саясат. Қазақстан дағдарысқа қарсы күресті 2012 жылы бастаған еді. Әлемде болып жатқан қиындықтарды болжап қана қоймай, өзгерістерді өз пайдамызға айналдыру мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігі де туды. Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы осы мәселелерді қамтығандай. Ал жақында жарық көрген «Жаңғыру 3.0» жобасын сол стратегияның бір тармағы іспеттес.
Президент өз сөзінде әлемнің қарқынды дамуы жайында айтқан еді. Ол өзгерістерді ескермеу үлкен қателік болады. Әлем дамуын жалғастыра береді, кезекті төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Болып жатқан өзгерістер үлкен қатермен қатар, үлкен мүмкіндіктер де береді. Осы өзгерістерге бейімделіп, еліміздің-жеріміздің ерекшеліктерін ескеріп, дамудың жаңа моделін құруымыз керек. Басқа елдерде де әркім өз ерекшелігіне арап, дамудың түрлі моделін жасауда.
Үшінші жаңғыру қалай болмақ? Елімізге не алып келмек? Осы сауалға елбасы бұл жоба қазіргі дағдарыспен күрес жоспары емес, «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру көпірі деп жауап бері. Қазақстанның алдында үлкен мақсаттар тұр, бұл мақсат - дамудың орташа нарықтық деңгейінен жоғары көрсеткіш, әлемнің озық 30 елінің қатарына кіру мақсаты.
Бірінші артықшылық: технологиялық жаңғырту. Қарқынды дамып жатқан әлемде даму көрсеткіші – бәсекеге қабілетті болу. Бәсекеге қалай қабілетті бола аламыз? Әлемге ашық болу арқылы. Жаһанда болып жатқан өзгерістермен таныс болып, оны өз ыңғайымызға қолдана алу арқылы. Соңғы жылдары интернет саласы қарқынды дамуда екені бәріне мәлім. Интернет сауда, энергоүнемді желілер, мобильді қосымшалар адамзат өмірін жеңілдетуде үлкен қызмет атқаруда. Демек, бәсекеге қабілеттіліктің басты критерилерінің бірі осы.

Технологиялық жаңғырту бірнеше саланы қамтиды. Мәселен, цифрлық технологияны енгізу мәселесі. Денсаулық сақтау, білім беру және басқа да әлеуметтік салаларға цифрлық қызмет көрсету саласын дамыту керек.
Екінші артықшылық: бизнес үшін қолайлы орта жасау. Шағын және орта бизнес саласын дамыту осы күнде маңызды мәселелердің бірі.

Елімізде бизнес саласына қолайлы орта тудыру үшін жағдай жасалуда. Осыған байланысты мемлекеттің экономикаға араласуын тежей отырып, жеке сектор арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделеді. Жақсы қойылған орта және шағын бизнес экономиканың дамуына ықпал етеді. Мемлекеттің экономика секторына араласуын тежеу жұмыстары да жүргізілуде. Елбасы осы негізде, 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес үлесі ішкі жалпы өнімнің 50% құрауы керек деген тапсырма қойды. Ағымдағы жылдан бастап еліміздің тұрғындары шағын және орта бизнес ашу үшін 16 млн теңгеге дейін несие ала алады. Шағын бизнесті дамыту үшін несие беру процесін анық және жеңіл қылу, кәсіпкерлерге кепілдік жасау сияқты тетіктерін ескере отырып, жақсы саясат жасау көзделеді.
Үшінші артықшылық: қаржы секторын «жаңғырту». Еліміздің қаржы жүйесі соңғы жылдары біраз дағдарысқа ұшырағаны белгілі. Мемлекеттің экономика саласын реттеуге қатысқаны да белгілі. Демек, экономика саласында елімізде әлі де шешуін таппаған мәселелер бар.

Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету сол мәселелердің бірі. Сонымен қатар, мемлекет экономиканы тікелей басқаруын бәсеңдетіп, біртіндеп экономиканы қаржыландыру мәселесін осы сектордың өзіне қалдыруы керек. Елбасы ұлттық банкке банк саласын қайта жөндеу және қалпына келтіру бойынша шаралар кешенін жасауды тапсырды. Осы ретте Ұлттық банктің құқығын арттыру дұрыс болатындығын айтып, банктердің қателік жіберуін күтпей, оларға ықпал ететін шаралар қабылдау үшін формальді көзқарастан ықтимал қатерлерге жол бермейтін қадамдарға көшуге тиістігін ескерді.
Төртінші артықшылық: адам капиталы. Адам капиталын дұрыс жолға қоймай, ешқандай жаңғыру туралы айту мүмкін емес. Денсаулық сақтау мәселесі мен білім беру жүйесі адам капиталын жаңғыртуда басты бағыттары. Білім – болашақтың, дамудың кепілі. Елбасы білім саласына баса назар аударуды меңзейді. Білім жағынан бәсекеге түсу, білім жағынан озу қай жағынан қарасаңыз да тиімді. Білім беру саласында, білім алушыларда қызығушылық тудыру маңызды, олар өз беттерімен білім алып, сыни ойлап, өз бетімен ізденуі керек.

Ағылшын тілі – жаңа технология, индустрия, экономика тілі. Қазақстанда қазақ тілінің басымдаған сақтай отырып, ағылшын тілін дамыту керек. Осы орайда мектептерде жоғарғы сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыту қарастырылуда.
Адам капиталының тағы бір тетігі – денсаулық сақтау мәселесі. Ел болашағы үшін ұрпақ саулығы маңызды. 1 шілдеден, Елбасы тапсырмасынмен, жұмыскерлерді міндетті медициналық сақтандыру енгізілді. Міндетті медициналық сақтандырудың тиімділігі әлем тәжірибесінде дәлелденген.
Бесінші артықшалақ: қауіпсіздік, сыбайлас жемқорлықпен күрес.

Мемлекеттік басқарудың сот және құқықтық жүйелерін жаңғырту мейлінше жақсартуды талап етеді. Жеке меншікті қорғау, заң алдында барлық азаматтардың шын мәнінде тең болуын қамтамасыз ету қажет. Қәуіпсіздік мәселесі, терроризмге жол бермеу, террорлық ұйымға қарсы күрес жұмыстарын жүргізу қажет.
Елімізде осындай бес бағыт бойынша өзгерістер күтілуде. Елбасы сөзімен айтсақ, бұл дағдарысқа қарсы күрес емес, бұл «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын алтын көпір.
