"Жақсы сөз - жарым ырыс"
"Жақсы сөз - жарым ырыс" дейді қазақ. Сондықтан, айтса, тек жақсысын айтып, жаманын жасырып отырған. Не көрсе де жақсылыққа жорып, ертеңгі күні бүгінінен жарқын боларына кәміл сенген. Біздер де осы сөз құдыретіне иланып, қазақтың "Атаңнан бота қалғанша, бата қалсын" деген мақалын басшылыққа алып, қазыналы түбектің қарыштап дамуына өлшеусіз үлес қосқан азамат, ардагер мұнайшы Өрен Сағындықұлының шаңырағына келіп түстік.
Өрен Сағындықұлы қатардағы қарапайым мұнай өндіру операторынан бастап, мұнай-газ өндіру басқармасы бастығына дейінгі кәсіби жолды өз білігі мен шеберлігінің арқасында жүріп өткен маман. Қызметінің қызу шағы кешегі 90-жылдардың тоқырау шағымен тұспа-тұс келді. Қиыннан қиыстырып, өндірістің тасын өрге домалата білген азамат еңбегі еленіп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, «Мұнай және газ саласына еңбегі сіңген қызметкер» атағы берілді. Бұған қоса, қоғамдық шараларға да белсене араласып, 1989–1994 жылдары Ақтау қалалық кеңесінің, 2004–2007 жылдары Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты болып қызмет етті. Оның есімі 2009 жылы шыққан «Қазақстанның үздік адамдары» энциклопедиясына да енді.
Сынықтан басқаның бәрі жұғады демекші, Өрен ағанаң абыройы жұғысты болсын деген ниетпен ағаның батасын алып, өнегелі әңгімесін тыңдадық. Көп сүргеннен емес, көп көргеннен сұра дейді дана қазақ. Ағамыздың тәжірибесі жетерлік-ақ, болашақта да шаруаларымызды Өрен аға секілді елдің елеулі азаматтарымен кеңесіп тұрсақ дейміз.
Қадірлі замандастар. Еліміздің тыныштығы басты құндылығымыз. Еркін елде еңбек етуге мүмкіндігіміз бар. Алаңсыз бала-шаға бағып, көңілді тұрмыс құрып келеміз. Қолда барды қадірлеу - біздің таңдауымыз. Сайлауға келіңіздер!
