Жаһандық азық-түлік тапшылығы
Жалпы барлығымызға белгілі сонғы жылдары тек Қазақстанда ғана емес,барлық әлем елдерінде табиғи – минералды шикізат ресурстарымен қатар,азық – түліктің де жетіспеушілігі ұлғая түсті.Бұл жағдай тек Қазақстанға ғана емес,сондай-ақ қолайсыз географиялық аймақта орналасқан даму деңгейі жөнінен артта қалған елдерге ауыр тиіп отыр.
Жаһандық проблемалардың құрылымы және олардың иерархиялық тізбегі туралы пікірлер әрқилы, дегенмен Ресейлік және отандық экономикалық әдебиетте келесі бес жаһандық проблемалар жиірек аталады: 1) ядролық соғысты болдырмау және қарусыздану; 2) қоршаған ортаны қорғау немесе экологиялық мәселе; 3) демографиялық жағдай; 4) шикізаттық немесе энергетикалық; 5) азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі. Өз кезегінде, Қазақстан да әлемдік қоғамдастықтың бір мүшесі ретінде мұндай мәселелерден қалыс қала алмайды.
Азық-түлік қауіпсізігін қамтамасыз ету әлемнің кез-келген мемлекеті үшін маңызды мәселеге айналды. Өмірлік маңызы бар азық-түлік тауарларының жетіспеушілігі мен олардың бағасының тым жоғары болуы халықтың әлеуметтік топтар мен таптарға жіктелуі, заңсыз көші-қон секілді жаһандық маңызы бар проблемаларды туындатады.
Азық-түлік проблемасы бүкіл әлемнің мемлекет жетекшілерінің, экономистерінің, экологтары мен кәсіпкерлерінің назарын өзіне аударуда. Азық-түлік тауарларының жетіспеушілігі ең біріншіден, оның бағасын көтереді. Бұл заңды экономикалық құбылыс.
Қазіргі таңда, Жер бетіндегі 7 млрд-тан астам халықтың 1,5 млрд-ы азық-түліктің жетіспеушілігін сезініп отыр. Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы өнімін өсіруге қолайлы елдерде тұрады. Орталық Азиядағы елдердің барлығы дерлік дәнді-дақыл өсіруге қолайлы Қазақстанның астығына тәуелді. Егер көрші елдерде ұзақ уақыт бойы аштық салдарынан әлеуметтік тұрақсыздық орын алса, көп кешікпей оның зардаптары Қазақстанға да келіп жетеді.
Ағымдағы кезеңде әлемдік азық-түлік проблемасы Қазақстанға да өз әсерін тигізіп отыр. Қазақстанның кейбір азық-түлік түрлері бойынша импортқа тәуелді екенін Президент те қадап айтып келеді. Ол өзінің 2009 жылғы халыққа Жолдауында «....біз қазір консервіленген жемісжидек өнімдерінің 80 пайызын, ет өнімдерінің жартысын, құрғақ сүттің 53 пайызын сырттан әкеліп жүрміз», – деген болатын. Азық-түлік қауіпсіздігін орнықтыру мәселесінің негізгі қиыншылықтары оларды шешуге аса зор қосымша шығындар қажеттілігімен байланысты болып отыр. Ал, мұның өзі рыноктық қатынастар жағдайындағы бәсекелестік шығындарды кеміту арқылы максималды пайда алу заңдарымен үйлеспейді. Олай болса, шаруашылық жүргізудің барлық деңгейлеріндегі экономикалық және әлеуметтік мүдделер қайшылықтарын шешу жаһандық проблемаларды еңсерудің мән-мазмұнын құрайды.
Адамзат қоғамы үшін азық-түлік проблемасы оның өмір сүруінің негізі ретінде өзінің өзектілігін әрдайым сақтайды. Сондықтан, адам еңбегінің алғашқы нысаны ретінде танылған ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыздандыруда өз басымдықтарын арттыра түсетіні сөзсіз.
Жалпы, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, экономиканы табысты дамытудың негізгі шарттарының бірі. Осы орайда елімізді орнықты дамыту, ұлттық тұтастығымызды сақтау үшін азық-түлік қауіпсіздігінің мәселелері «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңда бекітілген. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздігімізді нығайту ісінде басты назарда тұратынын білдіреді.
Канадада халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін «азық-түлік банктері» жүйесі қызмет көрсетеді. Бұл жүйе бойынша жергілікті 450 азық-түлік банкі жұмыс істеуде. Осы жүйенің арқасында 900 мыңға жуық канадалық тағам өнімдерін алады.
АҚШ-та күнкөрісі төмен халықтың азық-түлікке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін оңтайлы тәжірибелер қолданылуда. Егер бұл елде отбасының кірісі кедейшіліктің деңгейінен 130 пайыз төмен болса, отбасы мүшелері арнайы электронды карталар арқылы жүзеге асырылатын, азықты жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік беретін «SNAP» деген бағдарламаға қатыса алады. Бұл бағдарлама АҚШ халқының 45 миллионға жуығын қамтитын көрінеді.
Еуропалық одақ елдеріне келер болсақ, мұнда тағам өнімдерінің қауіпсіздігі стандарттарының талаптарын сақтау жоғары деңгейде жолға қойылған. Қазіргі таңда Еуропалық одақ елдері азық-түліктің мол қорына ие.
Бүгінде 30 мемлекет азық-түлік зәрулігін қатты сезінуде. Сондай-ақ жаһан бойынша созылмалы аштық дертіне ұшырап отырғандардың саны 1 млн адамға жуықтайтын көрінеді. Саладағы осы жағдаяттар әлемдегі саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайдың ауырлап кетуіне апарады.
Бұл мәселелерді әрі қарай өрбіте сөйлесек, азық-түлік тапшылығының белең алуына негізгі себепті халық санының өсе түсуімен ғана байланыстыра қарастыру біржақты көзқарастың төңірегінде шиырлатып қояды. Сондықтан осы арада ауыл шаруашылығы бағытында мүмкіндіктері мол көптеген елдердің саланы дұрыс игере алмауы, аграрлық секторды озық технологиямен жабдықтауда кенжелеп келе жатқаны азық-түлік тапшылығының туындауына өзіндік зор әсерін тигізіп отырғаны қаперде болғаны жөн. Қазіргі таңда әлемдік ауқымдағы азық-түлік тапшылығы мәселелерін шешуде Қазақстанның аса маңызды рөлі биік мінбелерде аз айтылып жүрген жоқ. Еліміздің осы тұрғыдағы мүмкіндіктері сөз болғанда, ең алдымен агроөндіріс кешенін дамыту үшін шешуші мәнге ие жеріміз бен табиғи мол ресурстарымыз әңгіме арқауына айналады. Содан кейін саланың мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болып отырғаны, инвестициялардың көптеп тартылуы айтылады. Бүгінде осы аталған артықшылықтар соңғы жылдары елімізді астық пен ұн экспорттауда көшбасшы елдер қатарына қосты. Бұл жөнінде нақтылай сөйлесек, астық экспорттаушы үздік 10 мемлекеттің арасындамыз. Еліміз өзге мемлекеттерге жыл сайын 8 млн тонна астық жөнелтеді. 2017 жылы елімізде жиналған астықтың жалпы көлемі 20,6 млн тоннаға жетуі біздің әлеуетіміздің ешкімнен кем емес екенін білдіреді. Ол ішкі сұранысты қамтамасыз етуге де, сыртқа шығаруға да жетеді. Тағы бір айта кетер жайт, соңғы 4 жыл бедерінде еліміздің дурум бидайының экспорттық үлесі 280 мың тоннаға (2014 ж. – 170 мың тонна, 2017 ж. – 450 мың тонна) ұлғайған. Қазақстан ұн экспорттауда да алдыңғы қатарда тұр. Біздің ұнымызды негізінен Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Ауғанстанға импорттайды.
Бүгінде өз бидайын 35 елге жеткізіп отырған Қазақстан тасымалдау жүйесіне де баса назар аударып, көлік-логистика саласын әртараптандыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізді. Бұл шаралардың нәтижесінде еліміздің халықаралық нарыққа шығу мүмкіндіктері молайып, өзінің ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауы еселей түсуде. Бұған мысал ретінде Ақтау, Баку порттарында салынған астық терминалдарының қызмет көрсетіп тұрғанын, Иранға Түрікменстан арқылы өтетін темір жолдың да құрылысы аяқталуға жақын қалғанын, Қорғас шекарасы арқылы өтетін темір жол ел мүмкіндіктерін арттыруда.Осы арада Орталық Азия мемлекеттеріне қатысты да бірер сөзге кезек бере кетейік.Жалпы, азық-түлік қауіпсіздігіне Орталық Азия өңіріндегі мемлекеттер өте сергек қарап отыр. Аймақ елдерінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіндегі түйткілдер түрлі сипатқа ие. Сондай-ақ ұқсас тұстары да бар. Олар: теңізге шығатын жолдың жоқтығы, қоғамдық институттардың әлсіздігі, климаттық жағдайдың қатаңдығы, су көздеріне қатысты түйткілдердің болуы. Бұл жерде астықты сырттан алатын Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан секілді елдердегі жағдай халықаралық қоғамдастықтың басты назарында тұр.
Қорыта айтқанда, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қазақстанға артылар жауапкершілік зор. Қазіргі таңда халықаралық қоғамдастық адамзат алдындағы осынау жауапкершілікті дұрыс сезініп отырған еліміздің мүмкіндіктерін жоғары бағалап, үлкен үміт артып отыр. Ал Қазақстан ауыл шаруашылығы саласын экономикамыздың драйвері ретінде танып, өз әлеуетін арттыра бермек.
