Жаңа жылға ақ тілек.
Ежелден ата-бабамыз «Ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқай көр» -деп келер жылға үміт артып, ақ тілегін тілеп отыратын. Міне, 2020жыл да аяқталып, 2021 жылға қадам басқалы отырмыз. Өтіп бара жатырған тышқан жылының қазақ халқына, жалпы күллі адамзатқа салған жүгі ауыр болды. 2019 жылдың аяғында Қытай мемлекетінде алғаш індет ошағы ретінде тіркелген аты жаман ауру әлем жұртшылығын ілмегіне алып, жаппай таралған кезде алғашында есеңгіреп қалғанымыз да рас. Дегенменде «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген халқымыздың төзімділігі мен сабырлылығы,кеңдігі мен бірлігінің арқасында етек-жеңімізді тез жинап, індетке қарсы жұдырықтай жұмылып, қарсы тұра білдік. Пандемияның кесірінен «Мен» деген алпауыт елдердің экономикасы құлдырап, «Мықты» деген мемлекеттердің медицинасы қауқарсыз болып қалғаны аян. Қазақ талай нәубетті бастан кешірген, сын тезінен сүрінбей өткен, Жұбан ақынша айтсам «Мың өліп, мың тірілген», келер күннен күдерін үзбеген, үмітін өрге сүйреткен халық. Әрине, ақ пен қара, күн мен түн қатар өрілген өмір болған соң өкінішсіз болмайды, індеттің салдарынан қаншама азаматтарымыздан, елге бергені, әліде берері көп игі жақсыларымыздан айырылдық, басты байлығымыз адам деп білетін қоғам үшін бейбіт күнде адамдарынан дәрменсіз түрде айырылып қалудың қаншалықты қасірет екенін сезіндік. Мемлекетіміз бастап, кәсіпкерлер қоштап, адам өмірін сақтап қалар әрі қат, әрі қымбат медициналық аппараттарды сатып алу арқылы азаматтарымыздың өмірін сақтап қалуға септестік. Ең бастысы пандемия кезінде барлық карантиндік талаптарды сақтай отырып жоспарлаған жобаларды жүзеге асырдық, болашақтан үміт үзбей жұмысымызды жүргіздік, өз саламызда құрылыс жұмыстарын тоқтатпадық. Мәдениет,спорт нысандарын күрделі жөндеуден өткізіп,жаңа ғимараттарды пайдалануға бердік. Қатерлі індеттен қорықпай күндіз-түні білек сыбана жұмыс жасаған жерлестеріме, қызметкерлеріме, өзіміздің құрылысшыларға шын жүректен алғысымды білдіремін. «Сабыр түбі – сары алтын» деген, алда біздерді жарқын да шуақты күндердің күтіп тұрғанына үмітімізді үзбейік! Қазақ елін, туған халқымды, жерлестерімді жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Баршаңызға отбасылық бақыт, мықты денсаулық, бейбіт аспан тілеймін!
Құрметті жерлестер!10-қаңтар елдігіміздің тағы бір сыналатын кезі.
Елдің тағдыры-менің тағдырым деп білетін әр азамат
болашағы жарқын ел үшін, бақытты ұрпағыңыз үшін ереуіл атқа ер салған,халық игілігі үшін қызмет ететін ерлеріңізге дауыс беріңіздер!
Игі тілекпен:
Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы «Символ» ЖШС-нің басшысы
Илимисов Есқайыр Кафарұлы

