Жаңаөзен әкімі халыққа есеп берді
Жаңаөзен қаласының 2009-2012 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму жоспары аясында былтыр 2 млрд. теңге игеріліп, қала ішілік жылу құбырлары жөнделген. Өткен жылы жөнделгені бар, жаңадан салынғаны бар, төрт мектеп, бірнеше балабақша пайдалануға берілді. Тубекулезге қарсы 100 орындық аурухана іске қосылды. Алайда жергілікті халықты жұмыспен қамту мәселесі өзекті болып тұр. Жаңаөзен қаласы әкімінің тұрғындарға есеп беру жиынында дәл осы тақырып әңгіме арқауына айналды. Ресми тіркеуде тұрған жұмыссыз саны 2 мыңнан асқанымен, қала әкімінің мәлімдеуінше, шаҺарда 10 мыңнан астам тұрғын тұрақты жұмыс орнына зәру. Осы орайда Үкімет Жаңаөзен қаласын дамытудың 2020 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітті. Кендірлі курорттық аймағы кеңейтілген кезде мыңдаған жаңаөзендікке жұмыс табылады. Халықаралық әуежай құрылысына да жергілікті халық тартылады. «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасы бойынша тілек білдірген тұрғындарды өзге өңірлерге көшіріп, баспана әрі жұмыспен қамту жағдайы межеленген. Мұнайлы шаһарда 20 адам өзге аймаққа көшуге ынта білдіріп, жергілікті әкімшілікке өтініш түсірген.
