Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Жаңаөзен қаласы әкімдігінің 25 мемлекеттік қызметшісі тәртіптік жазаға тартылды

Бүгінгі таңда әкімдікте 124 қызметкер жұмыс жасайды. Оның 19,3% өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін, тиісті жазаларын алған. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Агенттіктің аумақтық департаментіне Жаңаөзен қаласы білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты шағым түсті. Жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, арызда көрсетілген дерек өз дәлелін тапты.

Қала тұрғыны Ш.Артыкбаева өз арызында «Жаңаөзен қалалық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің қызметкері А.Қалдыбеков тарапынан дөрекілік көрсеткенін айтып шағымданған болатын. Тексеру қорытындысына сәйкес, департаментпен ұсыныс енгізіліп, мемлекеттік қызметші А.Калдыбековке «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.

Өткен 2018 жылы Жаңаөзен қаласы бойынша 7 мемлекеттік қызметшіге қатысты тәртіптік істер қозғалып, Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен тәртіптік жазалар алынған.

Мәселен, азамат Ж.Сұлтанқұловтың өтініші негізінде тұрғын-үйді жекешелендіру барысында заң бұзушылыққа жол берілгені үшін Жаңаөзен қаласы әкімдігі жанындағы тұрғын-үй комиссиясы мүшелері, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары И.Сағынбаевқа, қала әкімі аппаратының басшысы Б.Овезовке, қала әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмысы бөлімінің басшысы К.Карибаевқа, қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Р.Джантлеуоваға қатысты тәртіптік істер қозалып, Әдеп жөніндегі кеңестің қарауына шығарылды.

Нәтижесінде, Әдеп жөніндегі кеңестің шешіміне сәйкес әкімдіктің аппарат басшысы Б.Овезовке «сөгіс», қалған қызметшілер И.Сағынбаевқа, К.Карибаевқа және Р.Джантлеуоваға ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің талабын бұзғаны үшін «ескерту» түрінде тәртіптік жазалар қолданылды.

Тағы бір мысал, азамат К.Таджибаевтың өтініші негізінде «Жаңаөзен қалалық экономика және қаржы бөлімі» ММ-нің бөлім басшысы Р.Джантлеуова мен жеке кәсіпкер Т.Усенованың арасындағы келісім шарттың лауазымды тұлғаның бастамасымен біржақты бұзылғандығы және Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен аталған келісім шарттың бұзылуы заңсыз деп танылғандығы көрсетілген. Яғни, заңды күшіне енген сот шешімінде тұжырымдалған деректер негізінде мемлекеттік қызметшінің іс-әрекетінде заңбұзушылыққа жол берілгендігі белгілі болды.

Нәтижесінде, қала әкімінің 15.05.2018 жылғы №59 іс санды өкімімен бөлім басшысы Р.Джантлеуоваға ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің талабын бұзғаны үшін «қатаң сөгіс» жарияланды.

Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Маңғыстау облысы бойынша департаментінің материалы негізінде, Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің басшысы Т.Жумалиевтың тарапынан азаматша А.Конурбаеваның жұмысқа орналастыру үшін 900 000 (тоғыз жүз мың) теңге көлемінде пара сұраған деректері өз дәлелін таппай, лауазымды тұлғаның қылмыстық іс-әрекетін дәлелдейтін мән-жайлар анықталмады.

Дегенмен, бөлім басшысы Т.Жумалиев пен А.Конурбаеваның арасында әңгімелесуі барысында оны мектепке жұмысқа орналастыратынын, ол шаруаны басқа адамдардың айтуы бойынша өзінің мойнына алғанын байқауға болады. Өз кезегінде А.Конурбаева болса әңгімелесу барысында жұмысқа орналастыру үшін оған 300 мың теңге ақша бергенін бірнеше мәрте қайталайды.

Мемлекеттік қызметшінің жоғарыда көрсетілген заңсыз іс-әрекеттері тек жеке тұлғаға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсету ғана емес, өзінің материалдық мүдделерін де қанағаттандыруға бағытталған деп саналады.

Яғни, бөлім басшысы Т.Жумалиевтің іс-әрекеті Заңның 50-бабының 1-тармағы 4) және 2) тармақшаларында көрсетілген, «шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуі» және «өзінің лауазымдық өкілеттіліктерін жеке өзiнің не жақын туыстары мен жекжаттарының материалдық мүдделерін қанағаттандырумен байланысты мәселелерді шешу кезінде пайдалануы» деген талабын бұзғаны үшін, «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түрінде тәртіптік шара қолданылды.

Әкімдік қызметшілері арасында әкімшілік жауапкершілікке тартылғандары да бар. Мәселен, «Жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобаларын бекiту» қызметі түрі бойынша екі мерзім бұзу дерегі анықталған.

Аталмыш осы бөлімнің бұрынғы басшысы И. Орынбековтен ҚР ӘҚБтК-нің 465 бабы 1 бөлігіне сәйкес, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл өндірілді.

Бұдан басқа, «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру» қызмет регламентінің талаптарын бұзғаны үшін, Жаңаөзен қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі бас маманы С. Бектегеновке ҚР ӘҚБтК-нің 465 бабының 2 бөлігіне сәйкес, 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, бүгінгі таңда өндірілді.

Осы деректердің орын алуы Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары тарапынан тиісті деңгейде бақылаудың жоқ екендігін көрсетіп отыр, сол себепті шенеунік, әкім орынбасары Сәбит Сейдалиев «ескерту» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

0
0
2997

Осы тақырып бойынша