Жаңа маусым жаңалығы
Қоғамдық пікірдің басты көзірі бұқаралық ақпарат құралдары жылына екі рет жаңа өнімдер тарату маусымын жасайды. Бірі жыл басында, екіншісі жаз мезгілінен кейін жаңа маусымда жаңа қырынан танылады.
Қазір телеарналар жапатармағай жарысып көрерменге жан-жақты эфир мәзірін ұсынып отыр. Бүгінгі БАҚ сан жағынан ғана емес, сапа тұрғысанан да артып отырғаны анық. Сол себепті, көрерменді басқа арнаға аудармай ұстап отыру оңай емес.

Жаңа маусымда жаңа мазмұнмен қалың бұқараға жол тартқан бағдарламаның бірі “Арнайы хабар”. “Хабар” арнасынан әр сейсенбі сайын 22.30 шығатын репортаж жанрындағы бұл хабар, тақырыптарының өткірілігімен, әралуандығымен ерекшеленеді.

Мәселен, “Жетімдер”, “Қарттар үйі” және “Есірткі саудасы” репортаждары нақты оқиғаларымен айшықты шықты. Кейіпкерлердің шынайылығы, журналистің жан-жақты ізденісі, өзге елдегі жағдаймен салыстырып нақты мысалдар келтіруі ешкімді бейжай қалдырмайды. Қазір таңдау мүмкіндігі кеңейгендіктен журналистік талдау, зерттеу, сараптау басты мәнге ие болып отырғандығы шындық.

Қоғамдық пікірдің басты құралы БАҚ болғандықтан, журналистерге қойылып отырған жауапкершілік те зор. Осы тұрғыдан келгенде “Арнайы хабар” түсірілім тобы әр өнімнің сапалы, конструктивті, шынайы сын орын алуға, ақпараттық сұранысты қанағаттандыруға жіті назар аударып отырғандығы қуантады.

Репортаж авторлары Шынар Сағындықова, Мырзабек Түсіпов және Асқарбек Қазанғап әр тақырыпты егжей-тегжей зерттеп, зерделеп барлық тараптың пікірін ортаға салуда соқырға таяқ ұстатуға дейін барады. Тіпті бағдарламаның мазмұнын ашу үшін ізкесу операцияларын қосып, өзекті өртеген мәселені өз бастарынан кешіреді.
