Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Жаңа ғимараттың жайлылығы жоғары

Қазіргі таңда Жамбыл облысында 16 Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс атқаруда. Жеке тоқталып айтқанда  4 қалалық, 10 аудандық, 1 ауылдық, 1 мамандандырылған ХҚКО қызмет көрсетуде.  Сонымен қатар Мойынқұм ауданындағы Шығанақ ауылында және Қордай ауданындағы  Отар ауылында  2 сектор ашылған.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесі жылдан жылға жақсарып келеді. Соның жарқын мысалы биылғы жылы Меркі аудандық бөлімінің жаңа ғимаратқа орналасқанын айтуға болады.

Меркі ауылындағы бұрын автобекет болған еңселі ғимарат толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне ұсынылып отыр. Халыққа қызмет көрсету орталығы талапқа сай жаңа қондырғылармен және жиһаздармен жабдықталған. Жарық, жылы әрі кең күту залдарына жағалай орындықтар қойылған.

Ескі орталық тар болғандықтан, тұтынушылар күту залына сыймай, ара-тұра наразылық туындап жататын. Ал, енді  жаңа ғимаратта 20 инспектор күніне 600-700 адамға қызмет көрсете алады. Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы да жасақталған.

-2015 жылы Қордай аудандық бөлімінің ғимараты кеңейтіліп, қайта жаңғырды. Бұрын бұл ғимараттың ауданы 201 шаршы метр болатын. Қазіргі таңда ол 369 шаршы метрге  ұлғайды. Сол сияқты  биылғы  жылдың басында Меркі аудандық бөлімі заман талабына сай толықтай күрделі жөндеуден өткен 317 шаршы метр  көлемдегі еңселі ғимаратқа орналасты.  Ал, бұрынғы ғимараттың ауданы  131,28 шаршы метр ғана  болатын,-дейді «ХҚКО» РМК Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Данияр Медетбеков.

Ендігі кезекте Шу және Жуалы аудандық бөлімдерінің ғимараттарын кеңейту міндеті тұр. Бұл мәселелердің де оң шешімін табатын күні алыс емес.

«ХҚКО» РМК Жамбыл облысы бойынша

филиалының баспасөз қызметі

0
0
403

Осы тақырып бойынша

Жаңа ғимараттың жайлылығы жоғары - Yvision.kz