«Жүз нақты қадам – болашақ бағдары»
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті мен Алматы қаласының Білім басқармасының ұйымдастырумен Алматы мемлекеттік электромеханика колледжінде «Жүз нақты қадам – болашақ бағдары» атты дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстелге Бостандық ауданы аумағында орналасқан колледж басшылары мен педагогтары, саясаттанушы ғалымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасасу бөлімінің басшысы Мақсатхан Анапин «Елбасымыздың 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол-болашаққа барар жол» атты Жолдауы мен 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясы және Елбасымыздың «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVI съезінде мемлекетімізді нығайтуға арналған 5 институттық реформа мен «Жүз нақты қадам» жөнінде қатысушыларға өз пікірін білдірді.
Алматы мемлекеттік электромеханика колледжінің директоры Анарбек Нұрымбетов колледждің сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде баяндай келе, Алматы қаласы білім басқармасының индустриалды-инновациялық бағдарламасы аясында оқушыларға арналған Германия мен Италияндық технологиялармен жабдықталған өндірісте оқушыларға сапалы білім беріп, еліміздің түрлі өндіріс орындарына аса қажетті кәсіби электрмонтаждау, газэлектрдәнекерлеушілер мен автомеханиктер мамандарын даярлау мәселелеріне тоқталды.
Саясаттанушы, саяси ғылымдарының кандидаты, Болашақ бағдарламасы бойынша АҚШ-та білім алған Ерғали Омаргазы әлемнің дамыған елдеріндегі сыбайлас жемқорлықтың түрлі мәселелеріне толық сараптама жүргізіп, кең көлемде баяндама жасады.
Дөңгелек үстел барысында барлық қатысушылар көкейтесті тақырыптарды талқылауға белсенді араласып, сыбайлас жемқорлыққа «мүлдем төзбеушілік» ұғымына байланысты түрлі пікірлер білдірді Сондай-ақ, қатысушылар ашық түрде сұрақ-жауап түрінде пікір алмасып, қойылған сұрақтарына толыққанды жауап алды.
Іс шараға қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаднамалар таратылып, бейнероликтер көрсетілді.
Іс шараға «Айқын» газеттерінің тілшісі қатысты.

