Жүсіп Баласағұн
Жүсіп Баласағұнидің өмірі туралы мәліметтер аз сақталған. Философия, математика, медицина, астрономия, астрология, өнертану, әдебиеттану, тіл білімі, тағы басқа ғылым салаларының дамуына зор үлес қосқан. Жүсіп Баласағұнидің есімі әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында «Құтадғу білік» («Құтты білік») дастаны арқылы қалды. Жүсіп Баласағұни бұл дастанын хижра есебімен 462 жылы, қазіргі жыл санау бойынша 1070 жылда жазып бітірген. Дастанды «хандардың ханы» - Қарахандар әулеті мемлекетінің (942 - 1210) негізін салушы Сүлеймен Арслан ханға тарту етеді. Сол үшін хан өз жарлығымен Жүсіп Баласағұниға «хас хажиб» - «бас уәзір» немесе «ұлы кеңесші» деген лауазым берген. Дастанның бізге жеткен үш нұсқасы бар. Біріншісі, Герат қаласындағы 1439 жылы көне ұйғыр жазуымен (қазір ол Вена қаласындағы Корольдік кітапханада сақтаулы), екіншісі, 14-ғасырдың 1-жартысында Египетте араб әрпімен (Каирдың Кедивен кітапханасы қорында) көшірілген. Ал Наманған қаласынан табылған үшінші нұсқа 12-ғасырда араб әрпімен қағазға түсірілген. Бұл қолжазба Ташкенттегі Шығыстану институтының қорында сақтаулы тұр. Ғалымдар осы үш көшірме нұсқаның әрқайсысына тән өзіндік ерекшеліктерді жинақтай отырып, «Құтты білік» дастанының ғылыми негізделген толық мәтінін жасап шықты. «Құтты білік» дастаны белгілі бір мағынада елдегі Ата заң (Конституция) қызметін атқарған.
