Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Жүсіп Баласағұн 1000 жыл

Арада мың жылдай өткесін түрік әлемінің әйгілі ақын-ойшылы, ағартушысы Жүсіп Баласағұнның шығармашылық жетістіктеріне қайта оралып жатқан жайымыз бар. Тегін емес. VІ-ХІІ ғасырлар аралығында Жібек жолы өңірі мен Орта Азия мемлекеттері өркениеттің жоғарғы сатысына көтеріліп, елдер арасында сауда-саттық жұмыстарының қарқындап тұрған шағы болатын. Батыс болса, керісінше, өзара көре алмаушылық, бірін-бірі қудалаушылық белең алып, оның тоз-тозы шыққан крепостной шаруалары әртүрлі сәтсіз жағдайларды, орта ғасырдағы үрейлі ғұмырды бастан кешіріп жатты. Жаңа заманның өтпелі кезінде қоғамның, адамдардың белсенділігі күн санап артты. Тарихтағы маңызды бетбұрыстар, қарқынды өзгерістер несімен құнды? 1) Атамекенмен, жерұйықтағы өнегелі, өресі кең, өміршең бастауларымен; 2) адамның күш-қуатын қалыптастыратын кісілік қылықтар мен қасиеттер арқылы, отбасы мен қауымдастық құндылықтар тұрғысынан дәстүрді іріктейтін үлгісімен; 3) мемлекетті, елді басқарудың ортақ саяси мәселелері мен іс-шараларын жаңа қырынан қарастыруымен мәнді. Бірінші құндылық Ж.Баласағұнның елдік ниетінде. Елдің еңсесін көтерген идея адамгершілігі және әлеуметтік маңызы зор өткір оқиғаларға назарды аудартқызды. Екінші құндылық - адами әлеует пен әлемді ұлықтауда, яғни адамдық қарым-қатынастағы жаңашылдықты, білімдар белсенділік пен сауаттылықты көтермелеуде. Үшінші құндылық - тұлғаның тәлімді болмысында, яғни кісілікке жақсылық жасаудың, туыстықтың түбір-тегін түгендеудің гуманистік көкжиегіне ықылас танытуында. Тәлімді ойшылдың ұстанымы жеке пенденің мінез-құлық шегінісіне көндікпеді, жігерлі жаранның ақыл-параса­тын өңдеді. Ақыл-парасат арнасы сөз өнерінен, нақыл сөздерден, ақиқаттан бастау алды. Бұл тағылымның бір ережесі - ойды тыңдаушыға жүйелі, дәлелді, анық, айқын етіп тізбектеп беру үшін оны іштей құрастыра білу, ал үйрететіні - ақиқат сөздің нәрін Діл, Тіл, Дін, Ел мәселелеріне шоғырландыру. Бірақ заманның қилы түйткілдері мен көлденең ­жайттары тұлғалық қасиеттерге түрлі тұсаулар құрып, құндылықтарды санатқа ендіруді кешіктірді. Ғылым дамыған сайын жеке бастың бостандығы артты, таланттарға жол ашылды. Таланттың тірегі - тәрбие, ал тәрбие (оқу, білім) ақылдыны нұрландырды. Тәлімді ойшылдың тұжырымдары кейінгі ұрпақтардың жадында сақталынды. Қазақ жерінде, Талас өңірінде Баласағұн атты қаланың бой көтеруі, оның ғасырлар бойы руханияттың орталығына айналуы, Орта Азияға әйгілі ойшыл ақынның азаматтық, шығармашылық табыстарына деген халықтық ілтипаттың айғағы екені даусыз. Ж.Баласағұнның рубаяттары жаңа өмір­ге, адамның болмысына орнықты көз­қа­рас­тарды қалыптастырудың, оларды жал­ғандықтан, жамандықтан құт­қарудың ха­лықтық талпынысы мен өмір салтының сипат­тамаларына ұқсас. Біз бұл орайда елдік өрке­ниеттің қос нышанын аңғарамыз. 1. Ел қажетін тек таза жүректі, сергек саналы, туған жердің топырағынан құнар алған өмір­лік тәжірибе иелері ғана қалт жібермей сезінді, сондай іңкәрлікке бейімділік танытты. 2. Нақты міндеттерге, ауқымды проб­­лемаларға толығырақ түсінік, мақсатты ой­лану қабілетін жетілдіруге деген ұмтылыс зия­лы салауаттылар тарапынан қолдау тапты. Он ғасырдан кейін тәуелсіз Қазақстан өркениеттің жоғарғы сатысына өрлеп бара жатқан жайы бар. Енді ел азаматтары байтақ өңірде бұрыннан дәстүрге айналған еркін тілдесу, емін-еркін сұхбаттасу, өзара түсінісу, бірін-бірі сыйлай білу өнегесін игеруде. Жұмылған әрекетте адам алдымен кімді түсіне алды, түсінуге тырысты, кімнен өзін аулақ ұстап бақты? Қиыншылықта түсінбеушілік неден басталды, кімдер жағынан қолдау тапты? Жамандықтың пайда болу себебі неде? деген тіршілікке тиек болатын сауалдарға жауап іздеуде. Ондай толғаныстар тегін емес. Тіршілік тынысы тарылғанда тығырыққа тірелген мәселелерді ескеру, ал кеңінен ашылғанда өмірдің келелі болашағы туралы нақты түсінік-талдауды алға тарту, тоқтам-тұжырымдарды ұсыну дағдыға айналуда. Тек түркі әлемі туралы тұтас дүниетанымдық көзқарастың қалыптаспауы ғалымдарды ойландырады. Ж.Баласағұн үшін: 1) «Тарихтың көзі де, өзі де - адам, Дамудың... ыстық жүрегі де - адам». Ғұлама адамның болмысы мен жан дүниесін толық түсінуге тырысқан; 2) «болашақ - өткен тарихты қорыту...». Бұрынғы ойшылдардың рухани мұрасымен жақын таныстығын көрсетеді; 3) замандасымен, ұрпақпен ашық, еркін сұхбаттасу барысында адаммен тіл табысады, адамзат тарихымен тілдеседі, болашағымен үндесуге ниет танытады. Осындай ұстанымдарды ұлағаттаған ақын адам болмысының іштей тоқырау нышандарына назар аударып қана қоймай, адамды тәрбиелеудің тұтас көкжиегіне шықты. Кемшілік пен білімсіздікке төзімділікпен қараса да, надандық пен немкетерлікке, зұлымдыққа қарсы тартынбай күресті. Адам­гершіліктің дамуын бар болмысымен қолдады.

1
0
229

Осы тақырып бойынша

Жүсіп Баласағұн 1000 жыл - Yvision.kz