Жұрт алкогольге неге үйір?
Алматы қалалық Психикалық сауықтыру орталығының наркологиялық қызметі тәулік бойы және үздіксіз жұмыс істейді. 30, 31 желтоқсан және 1 қаңтар күндері орталықтың есігі жабылған жоқ.
Уақытша бейімдеу және детоксикация бөліміне 30-дан астам тұрғын мас күйде жеткізілген және 300-ден астам адамға ішімдікті ұрттағанын немесе ішпегенін растайтын медициналық сараптама жүргізді.
Жұрт алкоголь өнімдерін неге ішеді? Ащы суға құныққан адамды маскүнемдік құрығынан құтқаруға бола ма?
Қалалық Психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеевтен сұхбат алдым.
- Арақ-шараптың зияны жайында жиі айтылады, көп жазылды. Бірақ жер бетінде маскүнемдік дерті жойылған жоқ. Адамдар алкогольді неге ішеді ?
Сапар Рахменшеев Алматы қалалық Психикалық сауықтыру орталығының директоры:
- Кез-келген адам маскүнем болу үшін немесе соған тәуелді болғысы келіп, ешқашан арақ-шарап ішпейді. Алкогольді тұтынуға итермелейтін түрлі себептер бар. Мысалы, кейбіреулер стрестен арылу үшін , екіншіден көңіл көтеру мақсатында ,үшіншіден күйзеліске дауа ретінде ішеді. Аса маңызды кездесулерде ұрттап қойып,содан өзінің қалай құнығып кеткенін байқамай қалғанын айтып, ақталатындар да кездеседі. Яғни ішімдікті ішкеннен кейін оған тәуелді болғанын көбісі байқамауы мүмкін. Дегенмен сол себепті іздеудің қажеті жоқ. Егер адам ішпеймін десе ,оның аузына ешкім алкогольді мәжбүрлеп құймайды. Сондықтан себепті алға тарту сылтау .
Бұған қоса ,ескеретін жәйт, астыртын ,қолдан жасалған ( сурогатты сусындарды тұтынудан сақ болу керек. Мұндай арақ-шарап миға, жүрек- қантамыр жүйесіне , ас қорыту мүшелеріне тікелей әсер етеді ,тіпті адам өліміне әкелген жағдайлар да бар.
- Ақиқатын айтқанда ешкім өзінің алкогольге тәуелді екенін мойындағысы келмейді. Адамның бойынан маскүнемдіктің алғашқы белгілерін қалай байқауға болады?
Сапар Рахменшеев Алматы қалалық Психикалық сауықтыру орталығының директоры:
-Алкогольге тәуелділіктің үш кезеңі бар.
Енді бірінші кезеңде адам тұтынатын алькогольдік ішімдік мөлшерін бақылау қабілетінен айырылады.
Екінші кезеңнің ерекшелігі ішімдік ішкеннен кейін ертесіне адамның қан қысымы көтеріледі, басы ауырады. Дегбірсізденіп , жүрек қағысы жиілейді. Бұл ішімдікке тәуелділіктің алғашқы белгілері пайда болғанын айтуға болады. Егер алкогольді ішуді тоқтатпаса , ол асқынып, адам ағзасында үшінші кезеңнің белгілері дамиды. Адам ағзасындағы бұл процестерді медицинада абстинентті синдром деп атайды. Абстинентті синдром , яғни «бас жазу» . Енді ішімдікті тұтынушы спирттік сусындарға үйір болады және ішуден бас тартуға құлықсыз болады.
Бұрын 500 грамм ішіп, мас болатын болса, арақ-шарапты ,сыраны ішудің мөлшері азаяды. Есесіне оның аузына 50 грамм тисе, ол соған мас болады. Адамгершілік қасиеттерден айырылады, деградацияға ұшырайды. Оған ешнәрсенің керегі жоқ ,отбасы , бала-шағасының жағдайына алаңдамайды. Құмарлық оның санасын жаулайды , абыройынан жұрдай етіп, адам ащы судың құлына айналады. Ол мас күйінде өзінің жасаған іс-әрекеттерін есіне түсіре алмайды. Алкогольді амнезия дейді. Адам өзінің қимыл, әрекетіне есеп беруге шамасы жетпейді, дәрменсіз күйге түседі. Бұл өте қауіпті жағдай . Аурудың алдын-алу үшін жедел түрде медициналық көмекке жүгініп, науқасты маскүнемдік құрығынан құтқаруға әрекет ету керек.
- Спирттік сусындарды мөлшерден тыс ішкен тұрғындар бас жазу үшін көбінесе үйде айран, су , қымыз ішіп денсаулығын қалыпқа келтіруге тырысады. Кейбірі 50 грамм ащы суды ішіп, « уды у қайтарады» деп, өз бетінше емделуге тырысады. Бұған не айтасыз?
- Бас жазудың ел арасында әртүрлі әдісі бар. Дегенмен маман ретінде тұрғындарға өз бетінше емделуге кеңес бермеймін. Ең бірінші кеңес - спирттік сусындарды мүлдем ішпеу керек. Егер алкогольді өнімдерді шамадан тыс ішкен болса , онда емдеудің жалғыз жолы медициналық көмекке жүгіну керек. Тәжірибелі , кәсіби мамандар ғана оған дерттен айығуға және аурудың алдын алуға көмектеседі.
Алматы қалалық Психикалық сауықтыру орталығының наркологиялық қызметі тәулік бойы психологиялық , психотерапиялық көмек көрсетуге әзір. Дегенмен арақ-шарапты мүлдем ішпеу керек. Спортты серік етіңіз. Салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Денсаулық ең зор байлық екенін ұмытпаңыздар.
Сұхбатыңызға рақмет.
Журналист Жазира Бегалы.
