Жұмыссыздық мәселесін сөз етті
Бәйет ауылдық округінің кітапханасында қаламыздың Қоғамдық кеңес мүшелерінің ауыл-аймақтың жұмыссыз тұрғындарымен онлайн-кездесуі өтті. Жиынға негізінен әйел адамдар қатысты.
Жиын барысында ауыл тұрғынына қалалықпен салыстырғанда жақсы жұмыс табу қиынға соғатыны айтылды. Қалада мүмкіндік көп, сол себепті ауылдықтардың көбі туған өңірінде көңілінен шығатын жұмыс таппаған соң, қалаға көшуге асық.
Соңғы уақытта Екібастұз өңірінің ауыл–аймақтарының тіршілігін қаладан кем болмайтындай жайлы ету үшін біраз шаруа атқарылды: ауылды таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы аяқталуға жақындады, жолдар салынып, телефон байланысы, Интернет мәселелері шешілді. Осы орайда ауылдық округтерде орналасқан тау-кен комбинаттарының ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырғанын айтып өткен жөн.
Кездесу барысында Қазақстанның болашағы агроөнеркәсіп кешенінің және ауылшаруашылық-қайта өңдеу саласының дамуына тікелей байланысты деген пікір айтылды. Заманауи АӨК ауылдың экономикалық және әлеуметтік проблемеларын шешуге мүмкіндік береді.
«Nur Otan» партиясы Екібастұз қалалық филиалының баспасөз қызметі.
