«ЖҚАЖ сарбаздары – сыбайлас жемқорлыққа қарсы»
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Алматы қаласы ішкі-істер департаментімен бірлесе отырып, «ЖҚАЖ сарбаздары – сыбайлас жемқорлыққа қарсы» атты кеңес өткізді. Аталған іс - шараға Жедел қимылдау арнайы жасақ (ЖҚАЖ) басшылары, бөлім жетекшілері және жеке құрам қатысты.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасасу бөлімінің консультанты Бақытбек Әлішов Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясының мақсаттары мен міндеттерін және сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін негізгі факторларын атап өтіп, Елбасымыздың «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVI съезінде айтылған мемлекетімізді дамытып нығайтуға арналған 5 институционалды реформасы мен «100 нақты қадам» ұлттық жоспары тақырыптарына тоқталып өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық қорғау органдары қызметкерлері ұсталған нақты мысалдар келтірді.
Жедел қимылдау арнайы жасақ бастығының орынбасары полиция подполковнигі Сағынтай Амангелді ЖҚАЖ атқарылып жатқан жұмыстар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа бағыттары мен міндеттеріне тоқталып өтті.
Іс-шараға қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларына байланысты жаднамалар таратылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бейнероликтер көрсетілді.
Іс-шара барысында Жедел қимылдау арнайы жасақ қызметкерлері көкейтесті тақырыптарды талқылауға белсенді араласып, өздерінің сұрақтарына нақты және толыққанды жауап алды.
