«Өзенмұнайгаз» жұмысшыларымен кездесу
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының екінші күні, яғни 12 желтоқсанда Жаңаөзен қаласының мұнайшыларымен кездесу ұйымдастырылды.
Қалалық мәслихат депутаттығына кандидат Болат Бекжанов пен Рзабек Сарманов және қалалық сайлауалды штаб мүшесі Жеңісбек Сүлейменов «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға қарасты «ТрубРемЦентр» ЖШС-да болып, құбыр цехының жұмысшыларын партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
Алдымен 2020 жыл әлем халқы үшін үлкен сынақ болғаны айтылып, көптеген мәселеге жекелей қарауға әрі адамның өмірі мен денсаулығы – мемлекет үшін маңызды екенін тағы бір мәрте аңғаруымызға септігі тигенін жеткізді. Карантин шараларына қарамай, партия жұмыс істеуін тоқтатқан емес. Елбасы тапсырмасымен республика көлемінде Birgemiz акциясы жүргізіліп, нәтижесінде облыс бойынша әлеуметтік әлсіз топқа жататын 7 санаттағы 28 304 адамға қаржылай көмек көрсетілді. Одан бөлек, жеке кәсіпкерлер, ерікті тұрғындардың көмегімен 10 мыңдай отбасыға азық-түлік салынған себеттер үлестірілді. Ел басына қиын-қыстау кезең туғанда халықпен бірге болған партия алдағы уақытта да мемлекетіміздің дамуы жолында бірге болуды нақты мақсат етіп қойып отыр. Осы орайда жиынға қатысушылардан партия атынан ұсынылған кандидаттарды қолдауға шақырды.
