«Заң мен тәртіп» апталығы. Мемлекет қазынасына қанша актив қайтарылды?
Маусым айының соңғы аптасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласындағы департаментінде «Заң мен тәртіп» апталығы өтті. Аталған шара оңтүстік шаһарға қайтарылған активтер бойынша болды.
Агенттік дерегінше, 2022 жылдан бері 1,152 трлн теңгеден астам мүліктік активтер мен ақшалай қаражат ел қазынасына қайтарылған. Оның ішінде 329,4 млрд теңге тікелей бюджетке өтелді.
Қайтарылған активтердің қатарына бизнес орталықтар, әкімшілік ғимараттар, коммерциялық нысандар, үйлер, пәтерлер, аяқталмаған құрылыс нысандары, жер телімдері, люкс санаттағы автокөліктер мен ақшалай қаражаттар кіреді.
Шетелден 670,5 млн доллар қайтарылды. Оның ішінде: Австриядан – 82,1 млн доллар, Лихтенштейннен – 260,5 млн доллар, БАӘ – 14 млн доллар, Түркиядан – 13,92 млн доллар.
Алматы қаласында 4 ірі нысан қайтарылып, ғылыми-зерттеу және оқу орындарына, атап айтар болсақ, қаладағы бір ғимарат Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына (құны 800 млн теңге), «Kaisar Tower» БО Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне (құны 8 млрд теңге) және «Maisat» БО «География және су қауіпсіздігі» институтына берілді.

Фото: BES.media
Қайтарылған қаражаттың бір бөлігіне Алматыда 61 мектеп салынған. Ал қаланың қымбат аудандарының бірінде орналасқан жалпы 12,5 га аумақтағы 4500 шаршы шақырымды құрайтын басты ғимарат жеке жай жыл бойы жұмыс істейтін балаларға арналған демалыс лагеріне айналмақ. Аталған орталықта 55 мың баланы қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде әлеуметтік осал топтардағы, ерекше күтімді қажет ететіндер мен республикалық, халықаралық олимпиада жүлдегерлері де бар.

Фото: BES.media
«Алматы дарыны» орталығы директорының орынбасары Майра Белгібаеваның сөзінше, мұнда тек Алматыдан ғана емес, өзге өңірлердің де балалары қамтылады.