Зағиптар күні
1745 жылдың 13 қарашасында Франция жерінде белгілі педагог, Париж және Петербург қалаларында зағиптарға арналған бірнеше мектеп ашушы Валинтин Гаюи дүниеге келген. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен В. Гаюидің дүниеге келген күні Халықаралалық зағиптар күні ( International Day of the Blind) деп белгіленді.
ХVІІІ ғасырға дейін әлем Зағиптарға арналған мектеп дегенді атымен білмеді.
Францияның Париж қаласында 1784 жылы «Еңбекқор зағип жандардың шеберханасы» деген атпен зағип жандарға арналған мектеп ашылған. Оны әйгілі ұстаз Валентин Гаюи (Valentin Hauy) мемлекеттің я бір қайырымдылық қорларының көмегінсіз, өз қаражатына ашқан екен. Ал бұл мектептің ең бірінші шәкірті шіркеу маңында қаңғып жүрген Франсуа де Лезюер есімді бала. Бұдан кейін мектепке Франсуамен қатарлас көшеден жиылған 11 бала келіп қосылған. Бұған дейін әлем зағиптарға арналған мектептер туралы ойламаған да. Гаюи өзінің ойлап тапқан «унциала» әдісімен балаларды оқытуды бастап кеткен кезде де талапты топтың алдында қаржы мәселесі деген үлкен проблема тұрған еді.
Бұл қиындыққа қарамай, жанашыр ұстаз зағиптарға арнап «унциал» рельефті-сызықты қаріппен жазылған кітап шығарады. Бұл кітап Брайльдің бұдан да пайдалырақ атақты кітабы шықпағанша кең қолданыста болған екен.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 420 мың мүмкіндігі шектеулі мүгедек жан болса, олардың 46500-і 16 жасқа толмаған балалар. Ал республика бойынша зағип жандардың саны 20 мыңнан асады. Олардың 2 мыңы ғана еңбекке қабілетті. Ал дүние жүзінде – 124 миллион зағип бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есептеуі бойынша, 2020 жылға қарай зағип жандар саны екі есеге дейін артуы мүмкін.
Зағиптардың халықаралық күнінде көптеген елде көру қабілетінен айырылған адамдарға назар аударып, қамқорлық танытуға арналған түрлі іс-шаралар өткізіледі және олардың білім алуына, өз құқықтарын дұрыс пайдалануына, салауатты өмір салтын жүргізуіне арналған жағдайлар қарастырылатын конференциялар ұйымдастырылады.
Бүгін – мереке емес, бүгін тәубеге келу күні... Арайлап атқан, қызарып батқан күнді көре алатыныңыз үшін бақыттысыз. Бақытыңыздың бағасын, қадірін біліңіз!
