З. Шәріпованың 80 жылдық мерейтойы аталып өтілді
28 қаңтарда сағат 17.00-де Президенттік Мәдениет орталығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстанның Халық артисі, «Отан», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы Шәріпованың 80 жасқа толуына арналған «Қазақ театрының Қарагөзі» атты шығармашылық кеш өтті.
Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы Қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында жарты ғасырдан астам уақыт қызмет етіп, ұлттық драматургия мен дүниежүзілік классикадан сан қырлы 100-ден аса бейне сомдады. З.Шәріпова жасаған сан қилы сахналық бейнелердің ішінде ерекше тұлғаланғаны М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы Қарагөз бейнесі. Бұл бейне актриса шығармашылығының ең жарқын кезеңі болды. Оның талантының лирика-драмалық қырын мейлінше ашты. Трагедиялық актриса ретінде де мүмкіндігі мол екенін танытқан рольдерінің ішінде ерекшесі С.Жүнісовтің «Ажар мен Ажалындағы» Ажар болды.
Ұлттық кино саласында да өз шығармашылық қолтаңбасымен танымал өнер қайраткерінің фильмдерде сомдаған және дубляжда сөйлеткен кейіпкерлері, радиоқойылымдарда орындаған шығармалары өнер сүйер қауымның әрдайым есінде.
Кеште мерейтой иесі театр сахнасында сомдаған кейіпкерлерінің монологтарын, сүйікті ақындарының өлеңдерін орындап, көрермендер назарына ол түскен көркем фильмдерден үзінді ұсынылды.
