Қызылордада бейнебақылау камераларының көмегімен 70 қылмыстың беті ашылды.
| Қызылордада бейнебақылау камераларының көмегімен 70 қылмыстың беті ашылды. Қызылордада жыл басынан бері полицейлер бейнебақылау камераларының көмегімен 70-тен астам қылмыстың бетін ашты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі облыстың ІІД баспасөз қызметінің басшысы Гүлжахан Қайырбергеноваға сілтеме жасап. «Қала бойынша 216 бейнебақылау камерасы орнатылған, оның 96-сы – көп қабатты үйлердің ауласында. Қаланы камера арқылы бақылау арқасында тәртіп сақшылары жыл басынан бері 70-тен астам қылмыстың бетін ашып, сегіз мыңнан аса құқық бұзушылықты анықтады», - дейді ол. Қайырбергенова атап өткендей, қызылордалықтардың дені заңды дұрыс білмегендіктен, әкімшілік бұзушылықтарға жиі барады, сол себепті азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыру өз алдына бөлек мәселе. «Мысалға, жылдың алғашқы 5 айы ішінде бізде қала аумағын абаттандыру ережесі 1010 рет бұзылған. Иттер мен мысықтарды асырау ережелерін бұзудың жүздеген фактісі тіркелді, 500-ден аса адам қоғамдық орындарда темекі тартуға салынған тыйымды бұзған. Халықтың құқықтық білімін қалыптастыру жұмысы жүріп жатыр, ол департамент басшылығының қатаң бақылауында», - деді ол.
|

