Қызылорда облысында жаңа оқу жылында 16 500 бала мектеп табалдырығын аттайды
Қызылорда облысы бойынша жаңа оқу жылында 16 500-ден аса бала алғашқы рет мектеп табалдырығын аттап өтпек, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Оның ішінде 10 564 бала толық емес отбасында, қолайсыз отбасыларды 472, көпбалалы отбасында 20 802, тұрмысы төмен отбасыларда 15 065 мектеп жасындағы балалар тәрбиеленуде.
Облыста 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтетін биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылып отырған «Мектепке жол» республикалық акциясы ағымдағы жылы «Балаға мейірім сыйла» ұранымен өтпек. Б.Сайлыбаевтың айтуынша, ең әуелі «Мектепке жол» акциясы аясында көмекке мұқтаж балалардың тізімі жасалады. Сондай-ақ облыстық ішкі істер департаментімен біріге отырып «қауіпті топ» балаларын анықтау мақсатында рейдтік шаралар қолға алынды.
«Былтыр аталмыш акция барысында облыс аумағында 24 мың балаға 120 млн. теңгенің көлеміндегі көмек көрсетіліп, 774 рейдтік іс-шаралар өткізілген болатын. Ағымдағы жы да «Мектепке жол» акциясын ұйымдастыру мен өткізу туралы кешенді іс-шаралар жоспары әзірленіп, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Р.Кенжеханұлымен бекітілді. Акция барысында «Балаға мейірім сыйла!», «Ауыл балаларына – мектепке сыйлықтар», «Отбасы отбасыға көмек көрсетеді: балаларды мектепке дайындаймыз» атты қайырымдылық шаралары өтеді. Алыс елдімекендерде мектепке қажетті құрал-жабдықтардың жылжымалы жәрмеңкесі, сенім телефондары мен жедел байланыс желілері үздіксіз жұмыс жасайтын болады», - деді басқарма басшысы.
Осы өңірге қатысты тағы бір жаңалық, Қызылорда қаласында 300-ге жуық отбасы қоныстанған 25 апатты жағдайдағы тұрғын үй бар. Бұл мәселені толықтай шешу мақсатында 2013 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 6 жаңа көп қабатты тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленді, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Тұрғын үйлердің 3-ін Титов мөлтек ауданында, қалғанын Жаппасбай батыр көшесіне салу жоспарланды. Сол 2013 жылы Титов мөлтек ауданында алғашқы 24 пәтерлік 1 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал 2014 жылы Титов мөлтек ауданында және Жаппасбай батыр көшесінде 60 пәтерлік 2 тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Биыл Жаппасбай батыр көшесіндегі құрылысы басталған бір тұрғын үйді жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Келесі жылы Титов мөлтек ауданындағы 60 пәтерлік тұрғын үйді наурыз-сәуір айларында, 100 пәтерлік тұрғын үйді жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделуде.
Қазіргі таңда апатты жағдайдағы тұрғын үйлерде тұратын азаматтардың 298-і үй кезегінде. Сондықтан үйлер заңнамалық талаптарға сай реттілікпен берілетін болады.
Өткен жылы облысымызда «Қолжетімді баспана» және «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламалары аясында 466 отбасы баспаналы болды.
Жалпы, жыл ішінде облыста республикалық, жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттарға және «Қазақстанның Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық Ұйымы» АҚ және «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры есебінен 158,7 мың шаршы метрді құрайтын 2440 пәтерді пайдалануға берілмек. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4-5 есеге артық.
