Қызылорда облысында «Шаңырақ» интеллект-орталығы өз жұмысын бастады
Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жұмыссыз жастарға және әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған «Шаңырақ» интеллект-орталығы өз жұмысын бастады, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Жобаның мақсаты 18-35 жас аралығындағы жұмыссыз жастар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбек пен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ІТ-технологияларды пайдалануға үйрету болып табылады.
Алдына мақсат қойған жастар кітапханадағы «Шаңырақта» бас қосып, электронды білімдерін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған оқу курстары мен тренингтерге тегін қатыса алады. Орталықта жастар компьютер және Интернетпен жұмыс істеуді үйренеді. Электронды білім оларға интернет арқылы жұмыс орнын іздеуге, әртүрлі әлеуметтік желілерді және электронды үкіметтің онлайн қызметтерін пайдалануға зор септігін тигізері сөзсіз.
Алдағы уақытта «Шаңырақ» интеллект-орталығында жастарды компьютерлік сауаттылыққа оқытып-үйретіп қана қоймай, олардың бойында азаматтық және отаншылдық сезімдерін ояту, өз елінің тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарауға тәрбиелеу мақсатында түрлі бағытта білім беретін курстар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ ауыл кітапханаларындағы ашылған онлайн орталықтардың қызметін одан әрі жетілдіру мақсатында кітапхана қызметкерлеріне арналған семинар-тренингтер өткізіліп, әдістемелік көмектер көрсетіледі.
Сонымен қатар, Қызылорда облысында медициналық қалашық ашылады. Былтыр іргетасы қаланған 6,8 гектар жерді алып жатқан нысан заманауи үлгідегі 4 негізгі бөліктен тұратын балалар ауруханасы 200 адамға арналған. Мамандар ғимараттың инфрақұрылымы жүйелі түрде жолға қойылатындығын айтып отыр. Ауруханаға жеке подстанция орнатылып, табиғи газбен жылытылады деп күтілуде. Қажет болса, сұйық отынға ауыстыруға да мүмкіндік бар екен. Сондай-ақ, медициналық орталықтан шыққан қалдықтарды залалсыздандыру мәселесі де назардан тыс қалмаған. Ол үшін арнайы құрылғы қойылады. Онда қалдықтардың көзі жойылғанымен, ауаға зиянды қалдықтар тарамайтын көрінеді.
Бұдан бөлек балаларға арналған спорт және ойын алаңдары салынады.
Ғимарат заманауи талаптарға жауап беріп, ақ халаттылар сапалы, жүйелі қызмет көрсететін болады. 12 бөлімнен құрылатын медициналық нысанда жалпы хирургия бөлімінің, аллерголог, уролог, тіпті күрделі жарақаттарды емдейтін нейротравматолог мамандар жұмыс жасайды деп күтілуде. Қазіргі таңда нысан басы қоршалып, қарқынды құрылыс жүріп жатыр.
Ал келесі жылы желтоқсаннан бастап бұл маң адам танымастай өзгеріп, алғашқы емделушілерін қабылдайды деп күтілуде.
