Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қытай қорқынышы

Біздің қоғамды синофобия билеп алғын, түсіндіре кетсем "сино" - Шың, Қытай деген мағына береді де "фобия" - ол үрей, қорқыныш.
Ағайындар әр нәрсенің байыбына барайықшы, "Қытайдан күйеулер келе жатыр" деп байбаламды бастап жібердік, шындығында ол "жеңгетай фирманың тірлігі" еді, оған тегін жарнама жасап, әр топқа салып, бөлісіп жатырсыздар. Бұрын олар бар ма еді, жоқ па еді, ешкімнің хабары жоқ болатын. Шындығында олардың келу-келмеуі де неғайбыл. Дегенмен сөз мәні бала бер (бұл жерде қыз бала деген деген мағынада) және оған сана бер болып тұр емес пе?!
Енді әңгіме төркінін Қытайға бұрайық.
Шын мәнінде Қытай - бұл бұрынғы Кеңес Одағының 50 жыл кейінгі үлгісі, иә таң қалмаңыз, Қытайдың даму жолы мен саясатын қарасаңыз дәл Кеңес Одағын еске түсіреді.
Мәселен, қазіргі Шығыс Түркістанды игеруі Кеңес Одағының Орта Азия мен Қазақстанды игеруін еске алады, дәл бізде уақытында тың және тыңайған жерлерді игергендей, ішкі Қытайдан қаптатып, Шығыс Түркістанға ханьдарды жіберуде, Тибет пен Ішкі Монғолия, Манчжурия мен басқа да аз санды ұлттар мекен ететін автономиялары дәл Кеңестік үлгінің кішірейтілген формасы емес пе? Әрине, Қытай құрамындағы қандастарымыздың жағдайы жақсы болғанмын, мектептері біртіндеп жабылып, әуелі қостілділік, кейін бір тілділік сияқты небір құйтырқы саясаттың құрбаны болуы әбден мүмкін. Осы орайда Қазақстанға Қытайдың ондаған зерттеу институттары талдау жасап отыр, ал біздің тарабымыздан қандай шара қолданылуда дегім келеді?!
Қытай теледидарын қосып қалсаң баяғы "милитаристік Жапония, 30-40 жылдар соғысы", дәл солтүстік көршіміздің "деды воевали"-ын еске түсіреді.
Енді Қытай қоғамындағы хуаяцо туралы айта кетейік. Бұл Қытайдан тыс жерлерде өмір сүретін этникалық ханьдар, жалпы саны 60 млн. көлемінде. Қазіргі ханьдар Қытай мемлекетінде, Тайвань елінде, сондай-ақ, Сингапурде көпшілік болып табылады, ал кезіндегі Британия мен Португалия отарлары - Гонконг пен Аомынь Қытай мемлекетіне қайтарылған болатын.
Хуаяцолар - ол көп жағдайда басқа елдерде Қытай саясатын жүргізудің басты құралы, олар арқылы қаржылық-саяси ықпал жасауға тырысады.
Енді бағанағы айтылған Қытайды Кеңес Одағының кіші нысаны деген тезиске қайта оралатын болсақ, алдағы 50 жыл көлемінде Қытайда біз білмейтін, түсіне алмайтын құбылыстар орын алуы әдбен мүмкін. Біріншіден, ел ішінде іріткі туып,аталған автономиялар кейін жеке тәуелсіз мемлекеттерге айналып, экономикалық дамыған өлкелер жеке отау құруы да мүмкін. Екініші жағынан Қытай империялық ел, ал кез келген империя ыдырауға түсетіні тарихи факт.
Осы ретте, Қытайдан келетін "күйеулерге" қатысты мына жайтты тағы айтпасқа болмайды, біріншіден Қытай Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен қалыңдықтарды "импорттайды", кейде тіпті Вьетнам, Камбоджа сияқты елдерден қылмыстық топтар оларды күштеп алып келетіні тағы бар. Қалай дегенмен олар үшін аталған елдердің үйреншікті қыздары қолайлырақ.
Тағы бір айтайын дегенім - ол "Қытайда қыздар саны аз ұлдар саны көп деген миф" туралы, негізі Қытайда егер дәрігер баланың жынысын айтатын болса, онда ол сотталады және заң түрінде тыйым салынған, айтқандай бір отбасыда қазір бұрынғыдай бір ғана бала емес, екі бала болуына рұқсат берілген. Тек бұрынғы диспропорция 40 млн. ер бала көлемінде, ал бұл миллиардан асатын Қытай халқы үшін көп сан емес. Есесіне 4 ата-әжесі, әкесі мен анасына көп жағдайда 1 баладан келетін болғандықтан, ол балалар өте еркетотай болып тәрбиеленеді. Ал дәстүрлі Қытай қоғамындағы момын, қарапайым Қытай баласының ертең нені қалайтынын кім білген?
Қалай десек те, аталған мәселелер нақ біздің қазақ қоғамына қауіп төндіріп тұрған жоқ. Алайда бірлі-жарым жайттардың орын алуын да мойындау қажет. Естеріңізде болса Қанат Исламның бір сұхбатында бір ханьдыққа қаражат мәселесі бойынша тәуелді болып қалған қандасымыздан оның әйелін тартып алғаны туралы жылап отыра айтқаны бар еді.
Түйіндей келе, қазіргі Қытай қоғамы үшін Қазақстан ең алдымен көлік дәлізі рөлінде қызық болып отыр. Одан қалды Қытай капиталы үшін қызығушылық тудыратын активтер сатып алынуда. Әрине, Қытай тек Қазақстанмен ғана шектеліп қалуы мүмкін емес, Азия мен Еуропа елдеріне "Ұлы Жібек жолы" сияқты Әлемдегі өз жобаларын дамыту үшін 2015 жылы Қытай Үкіметі 100 млрд. еуродан астам қаражат құйған. Қазіргі күні Қытай Еуразия құрлығымен ғана шектеліп қалмай Африка құрлығына да, Австралия мен қос Америкаға да қаражатын молынан салуда. Күні кеше Қазақстан аумағы арқылы өткен поездар Британияға да жеткені туралы мәлімет болып еді.
Қысқаша айтқанда Қытайдың көші-қон экспансиясынан гөрі, экономикалық экспансиясы күш алып түр. Бір ғана цифрды айтайын. Қазір біздің басты сауда әртесіміз Ресей емес, Қытай (сәйкесінше 27 және 25 млрд. доллар көлемінде).
Айтқандай жаңағы "жеңгетей фирма" өкілі Қазақстанда еркектерден әйелдер 8 есе көп деп "бөсіп жіберді", әрине ер адамдардың әйел адамдарға қарағанда табиғи шығыны көбірек болатыны шын, бірақ шындығында Қазақстанда дәл сондай диспропорция жоқ.
Суреттер Интернеттен алынды, кездейсоқ суреттер.


0
0
1155

Осы тақырып бойынша

Қытай қорқынышы - Yvision.kz