«Қыран болу – бес жігітке тұрмысқа шығуды армандау емес»
Зарина ханым, сұхбатқа келісім бергеніңіз үшін рақмет. Тосыннан түскен осы ұсынысым сізге ерсі көрінген жоқ па?
- Жоқ.... Негізі журфактың студенттері, тәжірибе алғысы келетіндер, әріптестер жиі сұхбат алып жатады. Білгеніммен бөлісуге қашанда дайынмын.
Мен сияқты өз бетімен тәжірибе жинап жүрген ізденімпазға қолдау көрсеткеніңіз үшін көп рақмет. Əңгімемізді 91 тобына қатысты сұрақтарға бұрмас бұрын, бір сауалға жауап беріңізші. Сіздің ойыңызша "жұлдыз" деген атаққа кімдер лайықты?
- Негізі осы ұғымды қатты қиындатудың қажеті жоқ. Танымал адамдардың барлығы жұлдыз. Неге? Жұлдыз сөзін кәдімгі астрономиялық мағынада аспандағы жұлдыз деп емес, жердегі жұлдыз деп түсінетін уақытқа жеттік. Ресей әлдеқашан "звезды", Америка әлдеқашан "stars" деп оларды атап кеткен. Меніңше, "жұлдыз" деп халықтың арасында кең танылған адамдарды атасақ болады. Ел аузында көп айтылып жүрген танымал адамдарға "жұлдыз" деген шен бере аламыз дейсіз ғой…
- Ия, «ел аузында…») Оны намыс көрмеу керек. Танымал тұлғаны жұлдыз деп атаудан қорықпау керек. "Егерде талантты адамды өшіргін келсе, ол туралы ештеңе айтпа" деген Ринат Заитов ағамыздың сөзі еске түседі. Еңбектеніп жүрген талантты адамға қолдау көрсеткен дұрыс. Димаш Құдайберген енді алғаш шығып жүргенде, өзгеше дауысына қызығып, журналисттеріме: "Осы баладан сұхбат алыңдаршы, өзі дарынды, өзі сондай сымбатты екен" дедім. Ол кезде Димаш рейтинг бермейтін де. Тіпті, кей бағдарламадан қиылып қалатын басшылық тарапынан. Есесіне, қазір, сол басшылықтың оған қолы жетпей қалды). Ал, мен іштей шын талантты байқай алатын қабілетімнің барына өзіммен өзім мәзбін)…
Ал жұлдыз ауруына шалдыққан танымал адамдарды көрдіңіз бе? - Әрине. Ол барлығында болатын өтпелі кезең ғой. Әртіс былай тұрсын, әртістің жанында жүрген шабармандардың да жұлдыз ауруына шалдыққанын талай көргенбіз.
Жұлдыз ауруы тақырыбы қозғалғанда, айта кету керек, тоқсан бірлік жігіттердің бойынан ондай қылықтар байқалмайды. 91 тобы сахнада және қарапайым өмірде бірдей деп айта аласыз ба?
- Өмірде барлығымен жеке таныс емеспін. Бірақ олардың бойында жұлдыз ауруының жоқтығына сенем. Неге? Өйткені Ерболат Беделхан оларды екі жыл бойы үлкен дайындақтан, "мясорубкадан" өткізді. Дебют алмас бұрын, екі жылдық мектептен өткенін білесіздер ғой… Оларға тіпті журналисттер былай сұрақ қоюы мүмкін, сендер жайлы мынадай пікір болуы мүмкін деп дайындаған көрінеді. Меніңше, олар жұлдыз ауруына дайын боп келді. Бірақ, АZ-дің бойынан жұлдыздық десем бе екен, жоқ, «өзіншелік» байқалады. Қырандар оны еркелік деп қабылдап, еркелетіп жүреді де ғой... Ал жалпы жұмыстан тыс өмірде бір рет көргендерім Әлем мен Бала. Олар туралы сеніммен айта алам, өте қарапайым жігіттер. Батырхан өзі келіп амандасып, тіпті, менің «сөккен әңгімемнің» көрермені екенін айтып қуантып тастады.
Сіздің Иглз болу тарихыңыз қай уақыттан басталды?
- 2017-ші жылдың шілдесінен. Өте ұзақ әңгіме негізі… Жұмысымда бір келеңсіз жайттар орын алып, күйзеліске ұшырай жаздадым. Сол кезде «Су асты» әнін құлағым шалды. Тоқсан бірдің жігіттерін шоу биздегі әріптестері су астына батырғысы келсе, мені де дәл солай телевизиядағы әріптестерім өшіргісі келді. Бірақ, менің де желбезектерім бар екен, батыра алмады)))

Күйзеліс дейді ғой, депрессиялық күйде жүргенім соншалық, арықтау да мен үшін қиынға соқпады. Он жыл бойы телевидение саласында жүрген адамға: «Сен сценарий жазба, ол қолыңнан келмейді, басқа салаға ауысқаның дұрыс» деген сөз өте ауыр. Консервативті көзқарастағы бір басшының айтқаны бұл. Тіпті, бизнеске кетем бе, тағы бала туып, үйде отырам ба, магистратураға түсіп, ұстаздық қылам ба, деп түрлі нәрсені ойладым. Бірақ, сол күйзелістен "Су асты" әні алып шыққан сияқты…
Сол кездегі жанайқайым осы әннің өзінде, сөзінде, тіпті клипінде де бар. Содан топтың басқа видеоларын, фанмитингтерін, сұхбаттарын көре бастадым.
Әлемфанмын деп жазыпсыз бір постыңызда. Неге Әлем?
- Фан митингтер түсірілген видеолардың бірінде, Батырханға жанкүйерлері домбыра беріп, ән орындауды өтінеді. Орындамас бұрын, ол: «иә, мен домбыра сыныбын бітірдім, бірақ кәсіби дәстүрлі әншілер сияқты дәрежеде емеспін, сын көзбен қарамаңыздар» деді. Денесі татуға тола, шашы түрлі түсті, құлақта сырға… Бірақ, бәрібір дәстүрлі өнерді бәрінен биік қойып тұр. Талай сұхбаттарда сұмдық қазақы боп көрінетін эстрадалық орындаушылардың: «Ой, қойш сол дәстүрлі әншілерді…» деп сөйлегенін естігем. Олардың жанында Әлемнің жаңағы сөзі «биік» көрінді. Дәстүрді сыйлаған, домбыраны ұлықтаған адамның шашы боялған болса да, діңгегі мықты деп ойлайм…Одан кейін, «Қағаз кемедегі» образы… Шын айтайын, телехикаяны көрмедім. Инстаграмдағы үзінділерден түсініп алдым не туралы екенін). Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан демекші, Батырханның әжесі болып Рахилям Машурованың ойнағаны Әлемнің кино әлемінде де жолы болатынын болжайтын сияқты… Актерлік шеберлігі Әлемфан болуыма тағы бір себеп.

Фанпарақшаларды бақылап отырасыз ғой демек…
- Бақыламайм. Инстаграмдағы «интересное» бөлімінде шығатындарды ғана көрем. «Факты 91» деген парақша ұнады. Үш тілде, тек факт жазады.
Зарина ханым, келесі сұрақ Айдана Жакупова яки Риза жайлы болмақ. Сіздің Айданаға қандай қатысыңыз бар?
- Тікелей қатысым бар. Ол өнер әлемінде танылып, бір белесті бағындырған кезде, қасында болам.
«Əлемфан бола тұра, қалай оның бұрынғы қызы Айданаға қолдау көрсетіп жатырсыз» деген сұрақтар қойылыпты инстаграмдағы парақшаңызда…
«Қыран болу – бес жігітке тұрмысқа шығуды армандау емес, қыран болу – қай жағынан болмасын, биікке талпыну. Музыка, өнер, адамгершілік…»
- Шын қыран болсаңыз, қыран сияқты биікте қалықтаңыз. Төмен деңгейлі ойларға барып, төмен дәрежелі пікірден аулақ болыңыз. Мен пост та жаздым, тағы қайталап айтам: «Қыран болу – бес жігітке тұрмысқа шығуды армандау емес, қыран болу – қай жағынан болмасын, биікке талпыну. Музыка, өнер, адамгершілік…». Әлемфан болу дегеніміз, Батырханның бір кездері жүрегін жаулаған қызды жек көру емес, керісінше, тура Батырхандай жақсы көре алу шығар?! Айдана екеумізді ортақ досымыз таныстырды. Айдананың дебюттық әнін тыңдатты. Басында мән бермедім… Кейін, әңгіме барысында, әнді тағы естігім келді. Тыңдап отырып, «Мына әнде Әлем сөзі болуы керек» дедім. Содан Айданаға хабарласып, түн жарымда кездесіп, көшенің бойында, менің көлігімнің ішінде, осы әннің сөзін үш адам болып жаздық. Айдананы сөйлеттік, жылаттық, ішін қопарып тастадық. Нәтижесінде «Ол менің әлемім емес» деген сөздері бар ән шықты). Ол расында қазір Айдананың Әлемі емес… Ол Иглздың Әлемі…
Түсінгенім, әнге дәл осындай сөз жазу сіздің ұсыныс екен ғой?
- Түрткі менен болды. Бірақ, сөзді жазған жаңағы досым екеуміз. Айдананың сезімі – біздің сөзіміз. Ешқандай да хайп үшін туған идея емес көпшілік ойлағандай… Бұл шынымен жүректен шыққан сөз.
«Өзіме төзімім егес,
Ескінің бәрі елес.
Сезімнің мерзімі бітті.
Ол менің әлемім емес».
Айдана бізге: «Маған бұрынғы Айдана ұнамайды, мен басқа, осы шақтағы Айдананы жасағым келеді" деді. Осы жерден тоқтайын… Айтатын әңгіме көп. Алдағы уақытта Риза "Сөккен әңгімеге" сұхбат береді. Сол кезде бәрін өз аузынан естисіздер.
Шыны керек, әзір мен Ризаны Q-pop бағытында елестете алмай жатырмын. - Q-pop дегенді бірінші дұрыс түсініп алайық. Ол K-pop көшірмесі емес. Ол жаңа бағыттағы Қазақ музыкасы. Q-pop тек: «ән + қайырма + проигрыш + рэп» деген сөз емес. Бәлкім басында K-popқа кейбір элементтері ұқсас болған шығар, бірақ әнде емес. Тек киім стилінде. Біздің шоу бизнес сұр түсті, бір қалыпты болды, визуалды түрде. Ал 91 тобы шоу бизнеске жаңа түстер әкеліп, рең берді. Кореймен ұқсастық сол түрлі түстілік қана. «Moonlight» тобы маған берген бір сұхбатта: «Егер, кью-попты кей-попқа ұқсатып, бізден сондай өнер күтетін болса, біз кью-попқа жатпаймыз, ал, осы бағытты дұрыс түсініп, Қазақ поп деп айтса, біз осы бағыттамыз» деді. Сондықтан, Айдана да сондай. Ол жаңа замандағы, жаңа бағыттағы қазақ әншісі.
Жалпы, меломансыз ба?
- Жоқ. Қызығы сол, меломан емеспін. Киноманмын.
Ендеше 91 киносын көрген боларсыз. Әсеріңізбен бөліссеңіз? - Қатардағы кино. Мүмкін, "Арман-ай" болып шыққан кезді білгендіктен, мен үшін таңқаларлық ештеңе болмаған шығар, бірақ, топты танымайтын, тыңдамайтын адамдар үшін, кино әсерлі болған болар, маған ондай қатты әсер етпеді. Кинода КВН ші қыз ойнайды. Мен КВН шімін. Сондықтан, осы тұсы ұнады. Сол қызды байқаған адамға мың алғыс. Әдемі, талантты бойжеткен. Жаман үйде тұратын ағай ұнады). Образы, типажы, харизмасы. Басты рөл емес, бірақ маңызды рөл)…
Иглздарды толғандыратын тағы бір сұрақ: Дулаттың саясатқа бет бұруы. Сіздің осыған деген көзқарасыңыз қандай?
- Ерболат Құдайбергеновтың осы сұраққа қатысты жауабы ұнады. "Шоу бизнесте былық көп, соны қолға алып, ретке келтіретін жоғары жаққа біздің ортадан бір адам керек. Оның жаңашыл болғаны тіпті жақсы. Сондықтан, Закқа сәттілік" деді ол. Мен де осындай ойдамын. Тек Дулатқа үлкен өтініш: «Егер оның қолына шынымен билік тисе, тереңінен ойлансыншы. Ағаларға деген өкпе-реніштің буымен кетпесінші. Жігіттердің өкпе-ызасын түсінемін. Бірақ ол биліктегі адам ретінде, сезімге емес, ақылға арқа сүйесін дегім келеді. Ерекше ойлы азамат қой. Дұрыс шешім қабылдай алатынына сенем. Сәттілік оған!
Бірер жыл бұрын, Ринат Заитовтан алған сұхбатыңызды оқыған едім. Сонда Ринат ағаның жаңашылдықты қолдайтынын түсіндім. Неге 91 тобына қарсы болды екен?
- Меніңше, әндерін тыңдап, сөздеріне мән бермеген. "Сөккен әңгімеге" берген сұхбат барысында: "Оларға сөз жазатын жігіт жерлесіңіз, былайша айтқанда, ұлы Абаймен, адуынды ақын Ринатпен бір топырақта аунап өскен жігіт " дедім. Таң қалды. Бұл сұхбатқа енбей қалды. Себебін айтқым келмейді… Ал, Ринат ағаның шын мәнінде жаңашылдыққа құштар екенін білем.

Ия күндердің күнінде ол кісінің де жігіттерді қолдайтынына сенемін. Жақында Тұрсынбек аға да ойын өзгертті ғой, сол сияқты.
- Елдің барлығы мойындағаннан кейін, қолдағандары бес тиын. Қолдайтын болса, әу баста қайда қалды? Ол қатарға мен де кірем. Мен де қолдаушы емес, жанкүйермін. Қиын сәтте қолдаушы болмағандықтан, жай ғана иглзбын…
Бірақ, бір айтарым: біреу сенің сүйікті тобыңа қатысты бірдеңе десе, оны жек көріп, оған атылудың қажеті жоқ. Əркімнің өз ойы бар. Маған, қанша жерден фанат болсам да, «тоқсан бірдегі» жігітердің татуировка салғаны ұнамайды. Міне, осыған қарсымын. Дін оған қарсы! Бірақ, татуировканы ұнатпағаным үшін, мені жек көру дұрыс па? Минусты минус, плюсты плюс деп қабылдау керек. Сондықтан, «тоқсан бір» туралы өзінің шынайы ойын айтқан адамды жерден алып, жерге салып, балағаттау орынсыз. Жалпы, хейтерлерге жауап беруді қою керек. Иглзға ғана емес, жігіттердің өздеріне де. Өкпе-ренішті әнмен жеткізді ғой. Бір емес, бірнеше әнмен. Енді біз үшін, жанкүйер үшін, ән шығарсыншы…
Дін демекші, көп адам сізге: «Орамалда бола тұра, қалай ғана бұл жігіттерді қолдайсыз?» деп жатады…
- Иә, ол рас. Бір айтарым, тоқсан бірдің жанкүйерінің арасында жасы кішісі де, үлкені де бар. Зейнеткер де, студент те бар. Мұсылман да, еврей де бар. Отандас та, шетелдік те бар Ал, шын мұсылман оларды жек көріп, қарғап, ұруға шақырмайды. Дұғада болады. Қайырлы жол тілейді.
ШЫН МҰСЫЛМАН ЖЕК КӨРІП, ҚАРҒАП, ҰРУҒА ШАҚЫРМАЙДЫ. .
«Ұруға шақырмайды» деп қалдыңыз… «Меломен» тобының жігіттеріне қатысты не айтасыз?
- Менің пікірім соншалықты маңызды болса, айтайын: Ұруға шақырғандары дұрыс емес деп ойлаймын. Жек көрсе, іштерінен жек көрсін. Жек көреміз деп айтсын. Бірақ, тірі адамға қол көтеруге шақырғандары, сол үшін, ат мінгіземіз дегендері бірінші кезекте мұсылмандылыққа, екінші кезекте еркектікке сын. Басында мен оны «әзіл» деп түсіндім. Бірақ, кейін сайттар шулап кеткен соң, олар да жалғастырып әкетті. Сол кезде, көңілім қалды. Доғара салуы керек еді. Қайта құрметтей түсер еді халқы. Әйтеуір, уақытында «Тоқсан бірдің» ата анасынан кешірім сұрағандары қуантты. «Имамнан сұраңыздаршы» деген сөздері ойландырды. Мен сұрайм имамнан… Алдағы уақытта жазам осы туралы…
Күтеміз… Зарина ханым уақытыңызды бөліп, сұхбатқа келісім бергеніңіз үшін үлкен алғыс білдіремін…
