Қырғызстан қазақтары туралы не білеміз?

1-сурет. Қазақ-қырғыз байрағы.
Дүние жүзінің әр түпкіріне тарыдай шашылған қазақтар көрші әрі бауырлас ел Қырғызстанда да тұрып жатыр.
Егер қазақ диаспорасының шетелдегі саны бойынша бірінші орынды Қытай қазақтары, одан кейін Өзбекстан қазақтары, үшінші орынды Ресей қазақтары, төртінші орынды Монғолия қазақтары алатын болса, қазіргі уақытта Түркіменстандағы бауырластарымыздың елімізге жаппай оралуына байланысты бесінші орынға Қырғызстан қазақтары шықты.
Қырғызстан қазақтарының ресми саны 46 мың көлемінде, бірақ нақты саны жүз мың деп нық сеніммен айта аламыз. Әрине, мұндай алшақтық қайдан шықты деген сұрақтың туындауы заңды да?
Жалпы, Қырғызстандағы қазақтар ол елдің барлық аумағында кездеседі, ал негізінен Шу, Ыстықкөл, Талас облыстары мен Бішкек қаласында көбірек қоныстанған (тек Бішкектің өзінде он үш мың шамасында қазақ тұрады).
Тілдік және сана жағынан алатын болсақ жоғарыда айтып кеткендей 46 мың қазақ - ол төлқұжатына қазақ болып жазылған қазақтар да, қалғаны өзінің қазақ екенін білетін, әртүрлі жағдайда қырғыз болып жүрген, бірақ ассимиляцияның әртүрлі деңгейіндегі қазақтар. Неліктен қалғаны басқа ұлт болып жазылып жүр деген мәселеге келетін болсақ, мұның көптеген себептері бар. Қазақ пен қырғыз қойы қоралас, ауылы аралас болғандықтан аралас некеде кездесетіні де шындық. Алайда, қазақтар Қырғызстан аумағында бұрыннан бері тұрады. Бірақ, қазақтардың 1930 жылдардағы аштық кезінде Қазақстан аумағынан көптеп кетуі Қырғызстандағы қазақтар санын өсірді. Мұның өзінде аштықтан тірі қалған, аман-есен жеткен қазақтар ғана болатын. Бұрынғы жыл Елбасы репрессия құрбандарымен кездесуі кезінде 20 ғасырда қазақ халқы өзінің 70 пайызын жоғалтқанын атап өткені мәлім. Қынадай қырылған қыр қазағын «қызылдар» алдарынан тосқауыл жасап талап рет пулеметпен жусатқаны жазылып, хатпен баяндалып қалған. ГПУ-дің арнайы қаулысымен аштықтан қырылған қазақтарды өткізбеу үшін пулеметтік-қоршау отрядтары құрылған. Сол қанды қырғындарға қатысқан «қызыл әскер» жауынгері көп уақыт өте келе былай дейді (оның айтқан сөзін сол қалпында беруді жөн көрдім): «На вершине холма отряд остановился. Жуткая картина предстала перед нами. Караван кибиток, набитых детьми, стариками, женщинами, под охраной всадников - мужчин, спустился с песчаных холмов к пересохшему ручью и тут был встречен огнем пулемета, установленного на вершине большого бархана. Это был отличный пулеметчик. Перестрелянные лошади, люди, ползающие и визжащие женщины, орущие дети, вой и проклятья мужчин. Некоторые из них, человек пять с оружием, пытаются отстреливаться, чтобы спасти своих родных и падают от меткого огня стрелка. Пулеметчик не жалеет никого. Вот свалилась маленькая девочка, спасающего своего маленького братца, вот попало старухе, прятавшейся за кибиткой, вот... впрочем...
Из-за наших спин выскакивает, прорвавшийся через стада Джаркентский эскадрон и несется на остановившиеся кибитки. Тут начинается настоящая резня, бойцы рубят все, что осталось живым».
Бұған басқа не қосуға болады?!

2-сурет. "Манас" жырын насихаттаушы Мұхтар Әуезов.
Ал жалпы, егер бес жарым миллионға жуық Қырғызстан азаматтарының саны бойынша әрине бірінші орынды қырғыздар алатын болса, ал екінші орында өзбектер тұр, одан кейін үшінші орында орыстар иеленетін болса, төртінші орынға қазақтар шықты.
Шоқан Уәлиханов өз саяхатында қырғыз халқының тұрмыс-тіршілігін суреттеп берген еді. Әлемге «Манасты» танытқан да ол еді. Ал кейін ұлы Мұқаң – Мұхтар Әуезов оны одан әрі насихаттауға көп еңбек сіңірді. Шәкәрім атамыз өз еңбектерінде қырғыз халқына қатысты да мәлімет беріп кеткені белгілі. Кейінгі кезде Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовтың достығы туралы да білеміз. Бұл екі адамның, екі ұлт өкілінің достығы ғана емес, қазақ-қырғыз бауырмалдығының бір көрінісі. Жалпы, қазақ-қырғыз қарым-қатынасы туралы көп жазылғандықтан оған тоқталу қажет емес, бірақ этникалық аралас-құраластық әуелден орын алғандығына тоқтала кетуді жөн көрдім. Мәселен, Сарыарқада «жаңа қырғыз», «бай қырғыз» деп аталатын қазақ рулары бар. Керісінше қырғыз арасында да «қазақ» деп аталатын ру да бар. Одан басқа қазақ халқының құрамындағы арғын, қыпшақ, қоңырат, қатаған, найман, қаракесек және т.б. ру-тайпаларды қырғыз арасынан да көреміз. Енді мына қызықты қараңыз Орта жүз ішіндегі арғын тайпасының таз, ақташы, қыпшақ тайпасының торыайғыр, сары руларын қырғыздың қыпшақ тайпасының арасын да кездестіруге болады. Қытайда «Тарбағатай қырғыздары» деген атпен белгілі қазақтар да сол байланыстың белгісіндей.

3-сурет. Қырғыз елін зерттеуші Шоқан Шыңғысұлы.
Енді Қырғызстан қазақтарының алдында тұрған мәселелерге тоқталып кетсек.
Бірінші тіл мәселесі, өйткені қазіргі күні олардың жеке газет-журналдары не қандай да бір теле не радио хабарлары жоқ. Менің ойымша Қазақстандағы кейбір ірі диаспора өкілдерінің газеттері мен телерадио хабарлары мемлекет есебінен қаржыландырылатын ескере отырып, сырттағы, оның ішінде Қырғызстандағы қазақтардың баспасөзін ашуға және де қаржыландыруға болар еді.
Екінші, мектеп мәселесі. Қырғызстан қазақтары Бішкекте қазақ мектебін ашу туралы әңгімені қозғап келе жатқанымен «жабулы қазақ жабулы күйінде» қалып отыр. Сонымен қатар, қазақ тілін оқытып-үйрететін жексенбілік мектептерді көбірек ашу қажет.
Үшінші, елімізге қайтып келем деген қазақтарға барынша жағдай жасау. Сан мыңдаған қырғыз «гастарбайтерлеріне» (сыртта нәпақасын тауып жүрген қырғыздың саны 1 миллион болды) жұмыс тауып, отбасыларын асырауларына жағдай жасап отырған Қазақстан Үкіметі Қазақ еліне көшіп келем деген қазақтарды орналастыруға бар күшін салуы керек. Ресми деректерге қарағанда 1999-2009 жылдар аралығында Қазақстанға Қырғызстаннан төрт мың шамасында қазақтар көшіп келген. Саны одан да көп болуы мүмкін.
Төртінші жұмыссыздық мәселесі. Жалпы, қырғыз азаматтарының бестен бірі нәпақаларын сырттан тауып жүргенін ескере отырып, сондағы қазақ азаматтарына жұмыс көздерін қарастыру қажет. Қазіргі күні Қырғызстанға сырттан келіп жатқан инвестициялардың 80 пайызы Қазақстаннан екенін ескере отырып, бірінші кезекте оларды тарту қажет.
Қырғызстандағы қазақтар арасынан көптеген ғалым, саясатшы, мәдениет қайраткерлері көп шыққан, оларды екі елдің мүддесінде достық қарым-қатынастарын күшейту үшін барынша пайдалану қажет.
Қырғызстанда «Алаш» және «Отан» деп аталатын екі қазақ мәдени орталығы бар. Сырттағы барлық қазақ мәдени орталықтары сол елдермен байланыстың алтын көпіріне айналуы үшін сол орталықтарға Ел Үкіметі бар көмегін аямауы тиіс.
Қысқаша шолу жасаған кездегі Қырғызстандағы қазақтардың жай-күйі осындай.
Пайдаланылған әдебиет тізімі:
1. Серікқұл Қосақов «Қырғызстандағы қазақтар» («Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты, Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары»), Астана, 2008 жыл, 99-106 беттер.
2. Википедия интернет ресурсының Қырғызстанға қатысты материалдары.
3. www.akipress.org сайты
4. 24.kg ақпарат агенттігі
5. «Кабар» қырғыз ұлттық ақпарат агенттігі.

4-сурет. Ыстықкөздің аспаннан түсірілген фотосы.
Барлық суреттер Интернеттен алынды!
