ru
Default banner
Разное
426 297 жазбалар48 тіркелуші
Всяко-разно
1

Ұясу петроглифтері

Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" жобасының "Туған жер" бағдарламасының талаптарына сәйкес, туған өлкеміздің табиғаты мен тарихын таныту, насихаттау мақсатымен бір топ еріктілерді бастап, танымдық экспедиция ұйымдастырып едік. Сол туралы баяндасақ.

Ұясу петроглифтері

Бұған дейін ғылымда «Қаржантау петроглифтері» дегенде Қаржантау жотасының тек күнгей (Өзбекстан, Бостандық ауданы) бетіндегі «Қарақиясай петроглифтері» ғана белгілі болатын. Қарақиясай петроглифтерін таныту жағынан өзбек жағы біршама жұмыстар атқарып, арнайы туристік маршрут қалыптастырып алды.

Қарақиясай петроглифтері. Қаржантаудың күнгей беті. Өзбекстан. Фото мына сілтемеден алынды http://zapiski.hostenko.com/petroglifyi-mingbulaka-iyun-2013/

Қаржантаудың қазақстандық бетінде петроглифтер туралы хатқа түскен мәлімет таппайтынбыз. Бүгін осы олқылық орны толғандай болды. Петроглиф іздеуші еріктілерден құралған топ Қаржантаудың теріскей бетін шолып шығуды мақсат еткен болатын.

Қаржантау. Ұясу шатқалы

Қазығұрт ауданының Сарүйсін ауылының тұрғыны Ғани ағаны жолбастаушы етіп алып, 4 адамнан құралған топ Ұясу өзенінің аңғарын бойлай тауға беттедік. Қаржантаудың Ұясу шатқалы арша, долана, үшқат, тоғызқат қабаттаса өскен орманды керемет пейзажды мекен. Осы шатқалдың күнгей бетіндегі Киіктас деп аталатын жерде петроглифтер бар екен. Бұл петроглифтер туралы аңшы қауымынан еміс-еміс естігеніміз болмаса, көзбен көрмеп едік. Петроглифші топ мүшелері тас бетінен тауешкі бейнесі бедізделген суреттерді көре сала сытырлатып фотоға түсіруді бастап жіберді...

Ұясу петроглифтерімен селфи. Қ. Кәрібаевтың фейсбуктегі парақшасынан

Ұясу петроглифтері біз көріп жүрген Қаратау (Боралдай, Арпаөзен, Көкбұлақ, Раң ата, Ақтас) петроглифтеріне ұқсамайды. Тіпті сурет салынған тастар да Қаратаудағыдай жалтырап тұрған теп-тегіс тас емес. Кәдімгі кедір-бұдырлы қара тас. Және бедерлену тәсілі де қаратаулық петроглифтерді қайталамайды. Өзіндік стилі көзге ұрып тұр. Мүмкін, бұл петроглифтер Қаратау петроглифтерінен де ертерек уақытта салынды ма екен?

Осылайша, бұған дейін ғылымға белгісіз болып келген Ұясу петроглифтері интернет әлеміне жол тартты. Өкінішке орай, бұл тас суреттер де вандалдар қолымен бүлінген болып шықты. Енді бұл ерекше тарихи құнды жәдігер суреттерді ертерек мемлекет қорғауына алу керек. Мүмкін, территориялық орналасу жағынан «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қорғау аймағына берген дұрыс шығар.

Сейдалы Дүйсебайұлы