«Құқықтық мемлекет және оның азаматтары»

2015 жылдың 23 қазан күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Жоспарын іске асыру және «Қоғамдағы құқық бұзушылық және тәртіпсіздікке «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастыру» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің тарихи-этнографиялық музейінде «Заман» жастар қоғамдық бірлестігі Департаментпен бірлесіп «Құқықтық мемлекет және оның азаматтары» тақырыбында семинар-кеңес ұйымдастырды.
Шараның мақсаты – қоғамда құқық бұзушылықтарға, сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру.
Іс-шараға «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалы, БҚО прокуратурасы өкілдері және жастар ұйымдарының мүшелері, студенттер қатынасты.
Қатысушыларға Әкімшілік және Қылмыстық Кодекстері нормаларының сақталуы, «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастырудағы шетелдік тәжірибе, өскелең ұрпақты құқықтық және өнегелік тәрбиелеу мәселелері, сонымен қатар «Жас Отан» жастар қанаты тарапынан өткізіліп жатырған шаралар жөнінде айтылды.
Азаматтардың заң талаптарын білмеу салдары құқықбұзушылыққа алып келетіні белгілі. Сонымен бірге, қазіргі замаңғы технологиялардың дамуы, мемлекеттік қызметті үйден шықпай алуға мүмкіндік береді. Ол үшін әр адам қазіргі замаңғы технологиялардың тілін білуі тиіс. «Білікті бірді, білімді мыңды жығады» демекші, азаматтар жан-жақты білімді болуы керек, бұл уақыт талабы.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жанындағы «Жихангер» бастауыш партия ұйымының төрағасы Н.Ж.Төлепов құқықбұзушылықтың алдын алу мен тәрбиелі азаматтар жөнінде қазақ халқының тарихынан мысалдар келтірді.
Мысалы, қазақ халқы ежелде «Армысың?» деп амандасқан, яғни «арын таза ма?» сұраған. Бұл халқымыздың ежелден адамды өнегелік тәрбиелеуге аса ерекше көңіл бөлгендігін көрсетеді.
Семинар-кеңесті «Заман» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Өкшебаев қорытындылай келе, әр адам қоғамда құқық бұзушылықтарға, сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыруға атсалысу керек екендігіне баса назар аударды.


