Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Урду тілі - ата-бабамыздың Орда тілі туралы

1-сурет. Бамианнан табылған сақтың (скифтің) бейнесі

Кейбіреулер айтатындай біз тек ата-бабамызды айтып мақтана береміз. Расында, егер мақтануға тұрарлық болса неге айтпасқа және біздің тарихымызда өзіміз ұялатындай дәуір жоқ қой. Ресей империясы мен Кеңес Үкіметі құрамындағы шамалы қиын-қыстау заман болмаса, қалған уақытымыз жеңістің, күрестің заманы. Керісінше айтуымыз және насихаттаумыз керек. Оның үстіне біздің ата-бабамыз ұланғайыр аймақты иеленіп, қаншама халықтармен қатар қоныс тепті. Оны айтасыз-ау, бір шеті сонау Қарпат тауларының (осы Қарпатымыз қар атауына байланысты емес пе екен?) етегінен басталып, екінші жағы Ханбалыққа (қазіргі Пекин) дейінгі ұланғайыр аумақ Ұлы Дала көшпелелірінің кеңістігі емес пе? Әрине, солай! Десек те көшпенді жұрттың жағрафиясын тағы кеңейте түсу қажет, кешегі қыпшақтардың ізі қалған Гүржістан, мәмлүктердің аттарының тұяғының ізі қалған Таяу Шығыс, бәлен ғасыр біздің бабаларымыздың тәуелділігінде өмір сүрген орыс кінәздіктері, тіпті бір заманда далалықтар Мажарстан мемлекетіп құрып, кейін көшпенділердің тағы бір тобы тұрақтап қалғаны кеше сияқты еді ғой, көшпенді түркі пайпалары билеген Анадолы мен Парсы елі, мына жағымыз ежелгі Үндістан.

2-сурет. Систандағы қорған

Үндістан демекші, аталған елге ата-бабамыз есте бағзы заманда жеткен сияқты. Үнді-сақ байланысының нәтижесінде біздің заманымызға дейінгі 175 жылы Үндістан аумағында Үнді-сақ (скаф) патшалығы құрылған болатын. Бір қызығы біздің тарихымызбен тығыз байланысты Ауғанстан мен Иран аумағында Сақстан (қазіргі Систан) мемлекеті де өмір сүрген. Әрине, Үндістанға барар жолда бабаларымыз Ауғанстанға соқпай өтпеуі мүмкін емес.

3-сурет. Үнді-сақ патшалығы

Әрине, олардың аң стиліндегі бай мұрасы Үндістанда да бар деседі, демек дәстүр жалғастығы болған ғой. Төрт ғасыр бойы олар өзге де халықтармен көрші отырып, кейін тарихта Құшан (Кушан) патшалығы атты мемлекеттің негізін қалады. Дегенмен кейінгі уақытты олардың жергілікті халықтармен тек сіңісіп кеткенін көреміз.

4-сурет. Үнді-сақ дәуірінің заты

Көшпенділердің екінші толқыны Үндістанға ислам дінінің таралуы заманында жетті. Жалпы, Оңтүстік Азияға ислам діні екі жолмен келді, біріншісі, солтүстіктен құрлық арқылы, екіншісі теңіз арқылы. Сәйкесінше солтүстіктен лек-легімен келген мұсылман көшпенділер Үндістан түбегінің, тіпті одан әрі Шын-Машынға кеңірек қанат жаюына барынша еңбек сіңірген. Солардың бірі қазақ даласынан шыққан, заманнда Кәшмирді билеген Мұхамед Хайдар Дулати еді. Айтқандай Алтайдан Анадолыға жеткен өз қандастарымыз Тақла-Мақан шөлінен өтіп, Түбітті басып, Гималай асып Үндістанға да 1940 жылдары жетпеп пе еді?

5-сурет. Дели сұлтандағы және Виджаянагар патшалығы

Осындай толқындағы көшпенділер 12-13 ғасырларда Дели сұлтандығын құрып, Үндістандағы сәулет, өнер, музыка, дін, әдебиет даму шегіне жетті, кешегі далалықтар мемлекет басқаруда да өздерінің дәстүрлерін ала келіп, Дәшті-Қыпшақтан шыққан Рәзия ханым Үндістанның патшайымы болды. Көшпенділермен қатар келген әртүрлі сырт жұрты мен жергілікті жұрттың бір бірін түсінісуі үшін хиндауи тілі пайда болды. Ендігі көшпелі мұсылмандардың тағы бір легі тарихта Моғол империясы атауымен белгілі кезеңді қамтиды. Бұның басы қасында кешегі Әмір Темір ұрпақтары болды, олар 1526 жылы жаңа имерияның негізін қалайды, айтпақшы ӘмірТемірдің өзі кезінде Үндістан түбегіне басып кіріп, едәуір уақыт Делиде тұрақтайды. Бұл 1398 жылдар шамасы еді, сәйкесінше осы уақытан бастап 1526 жылға дейінгі кезең Дели сұлтандығының мемлекет болып қалуы үшін күрес кезеңі еді, әрине әуел баста Орта Азиядағы қарсыластарынан қашқан Әмір Темір ұрпағы Бабыр имериясы 1739 жылы түркі текті парсы мемлекетінің патшасы Нәдір шахтан жеңіліс тапқанмен, Моғолдар империясы өмір сүруін тек 1859 жылы ғана тоқтатты. Осымен далалықтардың Үндістанды билеуі аяқталды.

6-сурет. Хайдарабадтағы Чарминар

Айтқандай Голкондада Қара қойлы түркімендер сұлтандық құрып, кейін Хайдарабад атты мемлекет те болды, бұл мемлекет Үндістан мен Пәкістан тарихында ерекше орын алады. Дәл осы Хайдарабад Үндістан мен Пәкістанның бөлінісі кезінде діндес Пәкістанға көп көмектескенмен кейін Үндістан құрамында қалуға мәжбүр болды, дұрысы түбектің ортасындағы оларға Пәкістанмен бірігуге мүмкіндік болған жоқ. Дегенмен, басты айтпақ ойымыз Үндістанда пайда болған ата-бабаларымыздың әскери тілі – орда тілінің кейін урду атымен белгілі болып Үндістанның хинди тілінен кейін сөйлеушілер саны бойынша Оңтүстік Азиядағы екінші орынға шығуы қызықты жайт. Бұл Африканың шығыс жағалауында араб, парсы тілдерінің әсерінен пайда болған лингва-франко рөлін атқаратын суахили тілін еске түсіреді екен, мәселен Африканың он шақты мемлекетінде суахили тілі ресми тіл ретінде болмаса қарым-қатынас тілі ретінде мойындалған.

7-сурет. Моғол империясының картасы

Сол сияқты сөйлеушілерінің саны аз болғанына қарамастан мәселен, қазіргі күні 1947 жылы Үндістан мен Пәкістан бөлінген уақытта хинди тілімен қатар урду тілі Үндістанның 22 өңірлік тілдерінің ішінде көшбасшысы болатын болса, урду тілі Пәкістанның мемлекеттік тіліне айналды. Мысалы, қазір Үндістанда урду тілінде 50 млн. адам сөйлейтін болса, Пәкістанда ол мемлекеттік тіл деп жарияланған, сәйкесінше ел халқының 7 процентінің ана тілі болғанымен ағылшын тілі сияқты жалпы сөйлеушілердің саны бойынша 200 млн. деңгейіне шықты. Иә, бабаларымыздың кезіндегі соғыс тілі – орда тілі кейін трансформацияға ұшырап еді, әрине бастапқы түркі белгілері аз қалғанмен, орда тілі - урду тілі ата-бабамыздың ерлік жолдарының Үндістан түбегіндегі ізі сияқты көрінеді де тұрады маған!

8-сурет. Орыс суретшісі В.Верещагиннің "Аградағы Тәж-Махал" атты картинасы, 1874-1876 жылдар кезеңінде салынған.

Материал авторы Амандық Әмірхамзин 

0
0
4047

Осы тақырып бойынша

Урду тілі - ата-бабамыздың Орда тілі туралы - Yvision.kz