Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Тыл ардагері Адайбаева Ұлмекен Адайбайқызы

Ұстаз — ұлы тұлға. Ұстаз еңбегі — өлшеусіз, баға жетпес құндылық. Ұстаз еңбегінің арқасында әкім де, қара да, ғалым да, дарын да— бәрі— бәрі өз биіктеріне көтеріле алды. Бүгін «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында, мектебіміздің ардагер ұстазы, тыл ардагері, ұлағатты ұстазымыз, жүздеген шәкіртті білім нәрімен сусындатқан, білім беру саласының дамуына зор үлесін қосқан Адайбаева Ұлмекен Адайбайқызын мерекемен құттықтадым. Адайбаева Ұлмекен апай 1934 жылы қазақы қаймағы бұзылмаған Өленті ауылында дүниеге келген. 1942— 1947 жылдары Кеңсуат орта мектебінде оқып, 9 сыныпты Гурьев қаласы, Жангельдин орта мектебін бітіріп, 10 сыныпты Тайпақ ауданы Калмыков орта мектебінен бітірген. А. С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын ың физика— математика мамандығы бойынша бітіріп, 1954 жылы алғашқы еңбек жолын Калмыков орта мектебінде математика пәнінен сабақ берген. 1968 жылы Котельников орта мектебінде еңбек жолын жалғастырып, 1984 жылы зейнеткерлікке шықты. Бүгінде ұл — қыздарынан өрбіген 17 немере, 21 шөбере көріп отырған бақытты ана, сүйікті әже. Жаны терең, жұрегі кең Ұлмекен апа маған «Айналайын, келші, құшақтап, маңдайыңнан сүйейінші» дегенде жүрегім тебіреніп анамды көргендей болдым. Ұлмекен апа ұзақ жылдары менің анаммен бір ұжымда қызметтес, әріптес болған, бірге зейнеткерлікке шықты. Анамда тыл ардагері, ұлағатты ұстаз болды. Бүгін Ұлмекен анамызды құттықтап құттықтап балалары да келіпті. Бақытты ана қуаныш сезімін жасыра алмады. Парасаттылық пен бекзаттылық адам баласына әкенің қаны, ананың сүті арқылы, туған жерінің топырағынан нәр алатын қасиет қой. Ұлмекен апа да сол қасиетті топырақтан нәр алған тұлға. Ақ батасын берді, еліміз тыныш болсын, ұрпақтар аман болсын деген ақ тілегін арнады. Ардагерлеріміз аман болсын, мереке құтты болсын, ағайындар!

0
0
145

Осы тақырып бойынша

Тыл ардагері Адайбаева Ұлмекен Адайбайқызы - Yvision.kz