Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Туған тілім-сарқылмайтын қазынам

Жақында Шығыс Қазақстаның төрінде "Туған тілім-сарқылмайтын қазынам" атты облыстық жазба ақындар мүшайрасы өтті. Шығыс жерінің түпкір-түпкірінен қатысқан ақындар іріктеліп, 10 ақын сөз өнерін паш етті.  10 ақының төртеуі  жүлделі болды. Сол төрт жүйрік ақының өлендерін ұсынамын.

Бас жүлде-Қастербек Сайлауғазыұлы.

Тіл құдірет

Жауға шапқан жалаң қол жейдеменен.

Бабам батыр батасыз қой жемеген.

Анаң алтын ақ сүтпен асыраған,

Тіл құдірет тірлікті бейнелеген.

 

Тұрмағанмен ел жылап іріп іргең.

Дінсіз солар ұлтыңның гүлі бірден.

Тәкаппар тарихқа тастанды боп,

Тілсіз тірлік не керек тірі мүрдең.

 

Жолға шықсаң жауыңнан несібе алып.

Алдан қатер тұрады тосып анық.

Итке таста айыр тіл айдаһардың,

Өгей тілін өңештен кесіп алып.

 

Қан жаусада заманның саусағынан.

Қайран қазақ қорекке таусадың ән.

Қара көздің майымен хатқа түскен,

Қара сөздің жұтайық кәусарынан.

 

Мың түзеліп тарих мың бұралып.

Бізге жетті жиегін нұр қып анық.

Әр сүйегім сынығы Сақ пен Ғұнның,

Әр тамшысы қанымның бір- бір әріп.

 

1 орын- Нұржанов Қуаныш Нұржанұлы.

Алтын қазық!

Аманат қып қалдырған, әз тілімді ардақтай

Жаным болсын ұлт сүйген, бағым болсын бармақтай

Дарығанда ақ сүтпен, жанығанда жігерді,

Дақ түсірмес текті ұлмын, қазақ деген арлы атқай.

Тіл мен халық үнемі бірге болған бағзыдан

Тілегімде арман боп, жүрегімде жанды оттай

Замананың көшімен, жоғалған ел есінен,

Тез ұшынған тілдер көп, жел ұшырған қаңбақтай!

 

Ұлтымызды гүл еткен, рухымызды түлеткен

Сарқыраған маржан ой, жарқыраған түнектен.

Тіліміздің тағдыры, абыройдың арлы үні

Бар киеміз өзіңсің, жан жүйеміз дір еткен.

Ар бұлағын сіміртіп, жан құмарын қандырған

Солқылдатып тамырды, қызыл қанды үдеткен.

Мұрағатты қадірлер, ұлағатты жұртым бар

Ажырамас мәңгіге Алтын қазық тіректен!

 

Тарихымды түгендеп, шер толқытсам арыдан,

Төрткіл дүние тұлғасын, шайырлардың таныған.

Кіл мықтылар шыңдалып, зәузатынан дүреген

Айбыны асқақ тілімнің, уызына жарыған.

 

Тағдырымның өзегі, айбары биік арлы тіл.

Шырағдаңдай маздаса, құмар қанған нәрлі тіл.

Қобыз далам сайрайды, абыз бабам үнінде,

Тәнің түгіл балқиды, баурағанда жанды кіл.

Ғажаптыда мың көрер, қазақ пенен бірге өлер,

Мәңгілік ел арманын, мерейлетер мәңгі тіл!

 

2 орын-Сатыбалдин  Манарбек  Болатбекұлы.

Бабаларға...

Сүрінбей сан қилы сынақтан,

Мүдірмей қан құйлы сұрақтан.

Арамға айтылған  ақ адал   Өлеңі,

Жауының  жүрегін   жылатқан.

Бақырса бақсыдай   жалғаннан  жын қашып

Ақырса атанды құлатқан.

Отанға  оқты көз қадалса  шамданып,

Сыңсыса сыр  тартқан  жұмақтан.

Саңлақтарым  менің!

 

Құйынмен  алысып, құтырған

Жұрт  үшін  жон   терін  сыпырған.

Сағыңды  сындырмай  қасқайып  кетті олар

Қаныңды  айырмай   құтыңнан.

Олардың   Жердегі  Жырынан  Көктегі  -

Періште  көңілі   тұтылған.

Алаштың   Ары  үшін  аспанға  аттанып,

Ажалдың  аузына  жұтылған.

Аруақтарым  менің!

 

Тектілер  тек Күннен  таралған,

Сондықтан   аспанға  жоғалған.

Кешеден  Бүгінге  оралған.

Ертеңге  ел  жетсін   деуменен,

Топырақ – тамыры  тоналған.

Жанымда, тәнімде  аумайды  солардан,

Бабасы  баһадүр. Менде  де   жоқ  арман.

Тек  қана  Ел  үшін. Жер үшін  жаралған.

Ол  үшін, сен  үшін, Мен  үшін   жаралған.

Барыстарым  Менің!

Саңлақтарым  Менің.

Арыстарым  Менің.

Аруақтарым  Менің!!!

 

3 орын-Бағжан Елсінбекқызы.

***

Буыршын тау, бура бел, бала бүркіт,

Бөрте сағым бөз желін қалады іркіп.

Құдіретіңе мың тағзым, Құдіреттім,

Көктен тамды бір жусан далаға ынтық.

 

Кісінеп төбелердің тұл емгені,

Шідерлеулі марқа бұлт күреңдері.

Сол жайсаң қыр шетінде емсеңдеген,

Тұйғыным тұр тұғырдан тіленгелі.

 

Тұнық көз, тұман жүзді, тұма мінез,

Туған елдің сұңқары тым қағылез.

Туған тілдің мінтелеп жауқан гүлін,

Тектіліктің құсына шырқап ілес.

 

Самала саз қазағым, ғайыр далам,

Көш - қоныс нәубетіңнен айырмаған.

Сөз жанарын сөндірмес, тіл жанарын,

Тебінгідей тұрғанда тайың, балаң.

 

Дара бүркіт, боз жусан, балам, күнім,

Анауыздан жаралған ана тілің -

Аманаты қауырсын қанатыңның.

Кеудеңде соққан құйттай жүрекпенен

Тік көтер баба тілін, баба туын!


1
0
1046

Осы тақырып бойынша

Туған тілім-сарқылмайтын қазынам - Yvision.kz