Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Туған елге тағзым» Көкшетау(4 күн)

Астананы көргенде арманда, көрмегенде арманда демекші төртінші күнгі экспедициямыз Елордамызға арналды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мұражайы экспедициямыздың бастауы болды. Оның балалық шағын, өмірбаянын, елімізге сіңірген еңбегін,басқа елдермен қарым-қатынасын ,осының барлығын  мұражайдағы экспонаттар арқылы айқын көруге болады.


Кейін Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайына аттандық. Осы мұражайдан көптеген әсер алған болатынбыз. Өйткені заманауи құрылғылардың арқасында тарихи  оқиғалардың ішінде жүргендей сезінесің. Ал аспанда қалықтаған қыран құс бәріміздің таңдайымызды қақтырды.



Астанамыздың мақтанышы аталған Бәйтерек алаңына барғанымыз көңілімізден шыққан болатын. Бәрінен де Бәйтеректің құрылымы бізді таңғалдырды. Себебі ғимараттың биіктігі 97 метр, ал шар тәрізді тәжімен оның биіктігі 105 метрді құрайды. Бәйтеректің ең жоғарғы деңгейіне көтеріліп, әсем қаланы көргеніміз естен кетпестей әсер қалдырды.


«Атамекен» этномемориялдық кешеніндегі экскурсия бәрінен де өзгеше болды. Бұл жерде Қазақстанның әсем де сұлу жерлерін әсем безендірілген таулар, қыраттар, далалар,ормандар, көлдер секілді  макеттер арқылы көрсетеді. Осы кешен арқылы еліміз туралы көптеген мағлұмат ала алдық.


Осы күнгі экскурсия біз үшін өте қызықты әрі пайдалы ақпараттарға толы болды. Өз еліміздің байлықтары туралы біліп, бойымыздағы патриоттық сезім мен елімізге деген сүйіспеншілікті арта түсті.

 
0
0
991

Осы тақырып бойынша

«Туған елге тағзым» Көкшетау(4 күн) - Yvision.kz