ТМД Парламентаралық Ассамблеясына – 20 жыл
Биыл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясының құрылғанына – 20 жыл. Ұйым 1992 жылдың 27 наурызда құрылды. Осы уақыт аралығында мемлекетаралық құрылым интеграциялық демократиялық үдерістердің дамуы мен бауырлас елдер кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Бүгін Алматыда аталған құрылымға кіретін елдердің парламент жетекшілері бас қосты.
Тәуелсіздікпен түйдей құрдас ұйым 20 жыл ішінде мемлекетаралық құрылым лаңкестік, халықаралық қылмыс пен есірткі бизнесімен күрес үшін қажетті құқықтық базаны қалыптастырды. Бұдан бөлек, депутаттар сайлау жүйесін жетілдіру бағытында қомақты іс тындырды.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
1991 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өте батыл бастаманы ұсынған болатын. Ол біздің елдердің арасында достық, көршілес және өзара пайдалы әріптестік қатынастардың тарихи тамырларын сәйкес құжатта бекіту үшін Алматы қаласында бұрынғы достастық республикалары басшыларының кездесуін өткізуді ұсынды. 20 жылдан кейін Алматыда мерейтойлық отырыста тағы да бас қоса отырып, Парламентаралық Ассамблея Достастық елдерінің көп жақты әріптестік қатынастарының тиімді механизміне айналғанын сеніммен айта аламыз.
Бауырлас елдер кейбір мәселелер бойынша мүдделері ортақ екендігіне тағы бір рет көз жеткізді. Келелі кеңесте Қазақстан Парламенті Сенаты мен РФ кеңесі ынтымақтастық жөнінде комиссия құру туралы келісімге қол қойды.
Қайрат Мәми, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Шарттың мақсаты – біз екі елдің заң шығарушы органдарының арасындағы жұмысты жандандыру. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, соңғы кезде, ТМД-ның арасында, әсіресе, Қазақстан мен Ресейдің арасында интеграциялық процестер өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Сол интеграциялық процестердің дұрыс жұмыс жасалуы үшін, тиісті заңдар керек. Оны жасайтын, оны қабылдайтын біздің заң шығарушы екі парламент. Мына комиссияның құрылуы осыған байланысты.
«Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып отырған Еуразиялық экономикалық қауымдастық сияқты интеграциялық бастамалар өзінің өміршеңдігін дәлелдеді»,– дейді Ресей Федералдық Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко. Ұйымның болашағы интеграциялық қатынаспен тығыз байланысты болғандықтан, аталған жобалардың барлығын құқықтық базамен, демеуге Парламентаралық Ассамблеяның әлеуеті жетеді.
Валентина Матвиенко, Ресей Федерациясы, Федералды жиналысы, Федералдық Кеңесінің төрайымы:
Осыдан тура 10 жыл бұрын Қазақстанның мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуро Одақ құру туралы пікірін ортаға салды. Ол кездері Назарбаевтың бұл бастамасын қолдаған, әрі құптаған мемлекеттер аз болды. Көбі күдікпен қарап, сенімсіздік танытты. Дегенмен, азғантай уақыт ішінде Еуро Одақ өз жемісін беріп, оған мүше мемлекеттер биік белестерді бағындыра білді.
«Ұлт боламын десең, ұрпағыңды ойла» деген ұғмыды берік ұстанған өкілдер ТМД Жастар Парламентаралық Ассамблеясын құруды жуық арада қолға алмақ. Бұл ұсынысты кеңес мүшелері бір ауыздан қолдады. Иә, осындай тың идеяларды жүзеге асыруға қадам басқан мемлекетаралық құрылымның мүшелері мерейтойлық отырыстың соңында бірлескен үндеу қабылдады. Жиын соңынан Парламентаралық Ассамблеяның бір топ мүшесі мерейтойлық орденімен марапатталды.
