Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Тимур Исраилов – ымдап тілдесудің майталманы

Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжі – бірегей оқу орны. Мұнда отыз жылдан астам уақыттан бері есту қабілеті төмен балалар табысты түрде оқытылып келеді. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі адамдарды оқыту жүйесі «инклюзивті білім беру» деген атпен кеңінен белгілі болып отыр. Оны Қазақстанда кең көлемде енгізу 2012 жылы басталды. Инклюзия – бұл тек білім беру үдерісі ғана емес, ол әр адамның бойындағы мүмкіндігін жүзеге асыру мен әлеуметтендірудің тиімді құралы. Инклюзивті білім беру жүйесіндегі ең маңызды міндеттердің бірі сурдоаудармашыға жүктеледі. Еңбегі еленіп, көзге түсе бермейтін бұл жандарсыз инклюзивтік білім берудің жүзеге асуы еш мүмкін емес, бұл істің өзегінде білімге айрықша мұқтаж оқушыларға қолайлы жағдай жасау идеологиясы жатыр. 

Біз Сіздерді Сервис және технологиялар колледжінде 5 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан сурдоаудармашы Тимур Исраиловпен таныстыруды жөн санап отырмыз. «Мен есту қабілетінде ақау бар адамдар ортасында туып өстім, менің ата-анамның екеуі де мылқау адамдар болатын. Сол себепті маған бала кезден бастап олардың айтқандарын ұғуға үйренуге тура келді. Ал, жалпы сурдоаудармашылардың дені саңырау не мылқау адамы бар отбасылардан шыққандар. Мен өзімнің кәсіби қызметімді Саңыраулар қоғамында бастап, әлі күнге дейін осында қызмет етіп жүрген анама көмекші болдым. Ал менің туған ағам – «Хабар» телеарнасында сурдоаумармашы болып істейді, яғни оның кәсіби деңгейі менікінен биіктеу», - дейді Тимур өзіне тән сыпайылық танытып. 


Бүгін колледжде мүмкіндігі шектеулі 50 студент оқиды. Нашар еститін және мылқау студенттер «Шаштараздық өнер және сәндік косметика» мен «Тігін өндірісі және киім үлгілеу» мамандықтарын игеруде. Тимур болашақ киім жасау шеберлері оқитын топпен жұмыс жасайды. «Құлағының мүкісі бар балалармен жұмыс істегенде, өз-өзіңді мұқият бақылауға алып ұстаған жөн: жұмыс бетпе-бет, көзбе-көз жүргізіледі – студенттер сенің әрбір қимылыңа, бет-әлпетіңнің өзгерістеріне, дыбыс ерекшелігіне назар аударады. Мұның өзі аудармашының өте жинақы болуын қажет етеді», - деп Тимур өз кәсібінің сырын бөліседі, - «Оқу бағдарламасына келсек, колледж оқытушылары арнаулы топ студенттерін толық көлемде, еш жеңілдіксіз оқытады. Бұл сурдоаурмашының жұмысын күрделендіре түсетін маңызды сәт». 


Мұндағы оқытушылар пәндерді өзге топтардағы студенттермен бірдей түсіндіріп, пішу мен тігу үдерістері туралы жан-жақты түсіндіреді. Менің міндетім – студенттерге ақпаратты барынша толық жеткізу. Терминдерді түсіндіру кезінде қиындықтар болып тұрады, бірақ есту қабілетінде кемістігі бар студенттер өте ақылды және сауатты. Сондықтан да олар оқыған пәндерді игеріп шығады», - дейді Тимур. 
Сурдоаударма –вербалдық емес қарым-қатынас барысында сөздің мазмұнын жеткізетін жалғыз қажетті ишаратты табу өнері. Бір айта кететін жайт – сурдоаудармашы тілдесу тілін ғана игеріп қана қоймай, студенттерімен рухани деңгейде қарым-қатынас орнатып, бет-әлпет өзгерістерін де меңгеруі қажет. Бұл істе психологиялық білім кей уақытта ишаралаудан да маңызды. 

Студенттер Тимур Исраиловты туған ағасы, я болмаса жасы үлкен досындай қабылдайды. «Студенттерімнің бірі биылғы жылы WorldSkills байқауына қатысты: алғашында жергілікті турды жеңді, одан кейін Белорусиядағы ақтық сынға барды», – дейді өз студенттерінің жеңісін мақтанышпен айтып. 


Сурдоаудармашы жұмысы интеллектуалдық еңбек саналғанымен, физикалық күш жұмсауды да қажет етеді, өйткені маман үнемі қозғалыста жүріп, оқушылары алдында тік тұрып, үздіксіз ишаралау қажет. Мамандық иесі жадыны ұдайы жаттықтырып, шыдамдылығын шынықтырып, көмек көрсетуге әрдайым дайын болуы тиіс. Сурдоаудармашының өз студенттерімен бірге барлық дәрістерге қатысып қана қоймай, оқудан тыс кезде де көмектесуі ғажап емес. «Сабақта ғана аудармашы болып қалмаймыз, арнаулы топтың студентерінің өзге топтардағы құрдастарымен қарым-қатынас құруына да қатысамыз. Айтпақшы, соңғыларының кейбіреуі ымдап тілдесу тәсілдерін меңгеріп те алған», дейді Тимур. 


Тимур тәжірибе жинақтау барысында талай қиындықтардың болғанын айтады. Әйтсе де, ол әрбір студентпен тіл табысып, қажет болған жағдайда жеке амал табуға болатынына сенімді. «Күрделі жағдайлар да болды, студенттер жоғары психологиялық жүктемеге шыдамай, бастапқы кезде мінез көрсетіп, сабаққа да келмеген күндер болды. Бірақ, нәтижесінде ешқашан айтарлықтай проблема туындаған жоқ. Олармен тіл табысу өте маңызды, өйткені олар – ерекше талаптары бар адамдар. Табиғатта бәрі үйлесімді. Мәселен, саңырау адамдардың көру және иіс сезу қабілеттері мен интуциясы жақсы жетілген» – дейді Тимур. 

Колледждегі тегін кәсіби және техникалық білім туралы ақпаратты мына жерден ала аласыздар http://yvision.kz/post/736475

Колледжде өз ісіне жан-тәнімен берілген қызықты және талантты оқытушылар мен студенттер өте көп. Біздің барлық кейіпкерлеріміз туралы сіздер мына сілтемелерден таныса аласыздар: http://yvision.kz/post/734906, http://yvision.kz/post/740676

0
0
1473

Осы тақырып бойынша

Тимур Исраилов – ымдап тілдесудің майталманы - Yvision.kz