Тіл – теңдіктің тетігі!

Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – тілдерді дамыту. Осы мақсатта елімізде тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жемісті жүзеге асуда.
Кез келген халықтың мәдениеті, саясаты, тағдыры мен болашағы тіліне тікелей байланысты. Сондықтан, тәуелсіз мемлекетіміздегі түрлі ұлт өкілдері арасында достық пен ынтымақ салтанат құруы үшін тілдерді дамытудың маңызы зор. Бүгінде елімізде мемлекеттік тілмен қатар, өзге ұлт өкілдерінің де өз ана тілдерін меңгеруіне барынша жағдай жасалуда.
Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында сөйлеген сөзінде: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге, елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет», – деген болатын.
Міне, бүгінде Елбасының бұл тапсырмасы табысты орындалуда. Соның нәтижесінде, Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдерінің қай-қайсысы да туған тілдерін ұмытпай, кейінгі ұрпағына мирас етуде. Республиканың түкпір-түкпірінде ашылған ұлттық жаңғырту мектептері соның дәлеліндей. Қазіргі таңда Қазақстанда этномәдени бірлестіктердің 200-ге жуық жексенбілік мектебі жұмыс істеуде екен.
Бұл – елімізде бейбіт өмір кешіп жатқан өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен тіліне деген шексіз құрмет екені сөзсіз. Сонымен қатар, барша қазақстандықтардың ұлтына, діні мен тіліне қарамастан мемлекеттік тілді меңгеруіне де жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осы мақсатта тегін курстар оқытылып, көптеген іс-шаралар қолға алынуда. Айталық, күні кеше ғана республикалық «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы аяқталып, нәтижесінде 245 мың баланың мемлекеттік тілді еркін меңгергені белгілі болды. Қуантарлық жағдай. Аталмыш салтанатты шара барысында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжан:
- Елбасының мемлекеттік тілге қатысты «Қазақстанның болашағы - қазақтың тілінде!» деген қанатты сөзі бар. Шындығында, мемлекеттің тілі сол мемлекеттегі халықты ұйыстырушы фактор болуы тиіс. Екіншіден, Қазақстанда тұратын әрбір азаматтың қоғамдық-саяси тіршілікке тікелей атсалысуға мүмкіндік туғызатын фактор. Тілегі бір, жүрегі бір әрбір қазақстандық тұтастай мемлекетіміздің мызғымас тірегіне айналып отыр. Соңғы әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы да осыны көрсетеді. Мәселен, сол зерттеулер нәтижесінде қазақстандықтардың 97 пайызы өздерінің Қазақстан азаматы екенін мақтан ететіндіктерін айтқан. Бұның өзі елімізде тұтастай ұлттың бірлігі қалыптасқанын айғақтайды, - деді.
Осылайша, өз тілімен қатар, қазақ тілін білуге ынталы өзге ұлт өкілдерінің қатары жылдан-жылға артып келеді. Тіпті, облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілді еркін меңгерген басқа ұлттың ұл-қыздарының көбейгені көңілге қуаныш ұялатады. Осыған қарап, тілдерді дамыту мен қолдануға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның жоғары нәтиже бергенін аңғаруға болады. Аталған бағдарламада Ұлт Көшбасшысы Отандастарымыздың алдына 2017 жылы мемлекеттік тілді еркін меңгерген қазақстандықтар саны 80 пайыз, ал 2020 жылы 95 пайыздан кем болмауы тиіс деген талап қойды. Сондай-ақ, «Ел бірлігі» доктринасында да мемлекеттік тіл ұлттық және рухани бірліктің басты факторы екені көрсетіліп, қазақ тілін меңгеру әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы саналатыны айтылған. Осы тұрғыдан алғанда, елдегі тіл саясаты өз деңгейінде жүзеге асып келеді.
- Барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілді білуі – бізді біріктіреді, баршамызды тең етеді. Өзінің ана тілін, сонымен қоса мемлекеттік тілді меңгерген жастар келешекте жақындық пен теңдіктің тетігіне айналады», – деген болатын Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде. Демек, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, жүрегі «Отаным» деп соғатын әрбір азаматтың болашағы жарқын болмақ.
Атап өтерлігі, тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске қосылғаннан бері еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің басым бөлігі мемлекеттік тілді үйренуге ниет білдіріп, арнайы курстарды тәмамдады. Сондай-ақ, соңғы жылдары қазақ балабақшалары мен мектептеріне барған өзге ұлт өкілдері балаларының саны артты.
Осының бәрі – елдегі барлық этностың тілдерін сақтай отырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді, сол арқылы ұлттар бірлігін нығайтуды мақсат еткен мемлекеттік тіл саясаты туралы бағдарламаның жемісі.
Марат Серікбай
