Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Тіл мәртебесі – ел мәртебесі»

Ағымдағы жылғы 15 тамызда Қазақстан халқы тілдері Күнінің тойлануына орай, Көкшетау қ. Ш. Құсайынов атындағы Қазақ драма театрында солтүстік аймақ бойынша мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдары арасында «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты аймақтық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – тілдерді қолдану саласында мемлекеттік саясатты іске асыру; қазақстандық патриотизмді ояту; мемлекеттік тілге, ұлттық мәдениетке және қазақ халқының салт-дәстүріне деген құрмет; мамандардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін тексеру; мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және қызметкерлердің шығармашылық қырларын ашу болды.
Мемлекеттік тілді меңгерудегі шеберліктерін паш ету үшін, конкурсқа Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Астана қаласының үмітін арқалаған 4 команда қатысты.
«Таныстыру» кезеңінен бастау алған сайыста үміткерлер өздерін таныстырумен қатар, қазылар алқасына ұлттық киімдерін көрсетті. Екінші кезеңде әр команда өздері қызмет ететін Департаменттің тынысы жайлы арнайы әзірленген фильмдерін ұсынды. Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген кезеңдердің бірі – қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін сахналау. Мамандардың образға шынайы кіріп, рөлдерді сомдаған кездегі шеберліктері соншалық, тіпті қазақ халқының тарихына үңілгендей әсер қалдырды. Шешуші «Пікірталас» сынында әр команданың мүшесі «Баланы мемлекеттік тілге тәрбиелеу отбасыдан басталады» тақырыбында өз ойларын білдіріп, шешендік өнерлерімен танылды.


Іс-шара нәтижесі бойынша Ақмола облысы жеңімпаз атанды. Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған команда жүлделі екінші орынды иеленсе, Қостанай облысы үшінші орынды мүсе тұтты. Барлық топ дипломдар және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Байқау аяқталған соң, мамандарға жақсы әсермен қайту үшін Бурабайдың тарихи жерлері бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған шараны жылда өткізу жоспары бар.

 

0
0
505

Осы тақырып бойынша

«Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» - Yvision.kz