Тағы бір биік асқар тау!
Қазағымда қанша биік асқар тау бар? Сан жетпес. Сол биік шындарымыздың бірі-Әбу Сәрсенбаев жайлы не білесіздер? Шығармашылығымен таныссыздар ма? Егер жоқ болса, мен баяндап берейін.

Қазанның 15-ші жұлдызында 1905 жылы Атырау облысы Құрманғазы (Теңіз) ауданы, Мақаш ауылдық округінің Алға ауылында дүниеге келген.
1929 жылы Астрахань кеңеспартия мектебін бітіріп, 1932-1934 жылдары Алматыдағы Комвузда оқыған.
Кейіннен 1934-1936 жылдары «Түрксіб» газетінде редактор, 1936-1942 жылдары Қазақтың мемлекеттік баспасын басқарды.
1942-1947 жылдары Кеңес Әскері қатарында қызмет етіп, Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1947-1953 жылдар аралығында Қазақтың мемлекеттік оқу-педагогикалық баспасының директоры болды.
Өнерге деген махаббаты 30-шы жылдары байқалғанға ұқсайды. «Еділ толқыны» (1937), «Жүрек сыйы» (1938), «Ант» (1939), «Ақша бұлт» (1947) жыр жинақтары оның ақындық қарымын танытса, «Туған өлке» (1948), «Махаббат жыры» (1949), «Отан таңы» атты кітаптары Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы еңбек қаһармандарының ерлігін жырлап жазғандай.
Өзінің еңбектерінен бөлек шет ел әдебиетшілерінің: А.Пушкин, М.Лермонтов, Ш.Петефи, Н.Некрасов, Фаиз шығармаларын қазақ тіліне аударған. Жазушының әдебиетке қосқан еңбектері еленіп, 1987 жылы Қазақстанның Халық жазушысы атағы берілді.
Октябрь (Қазан) Революциясы, I дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған.
Бар өмірін шығармашылыққа арнап, артынан өшпес із қалдырған Әбу атамыз 1995 жылы 25 қарашада өмірден өтті.
