Тағдыры қиын тіленші
Қиындықтан қашып құтылу әсте мүмкін емес. Бүгінде қайыршылық әлемнің айықпас дертіне айналды. Мысалы, Берлинде 1930 жылдары үйсіздер үшін баспана ашылған. Дәл осындай көрініс АҚШ-та да қайталанған. «Құстың ұясы» деп аталатын бөлмелер Ұлыбританияда да ертеректе пайда болған. Сонымен, біз көше кезiп, даланың адамына айналған кезбелер жайында не бiлемiз? Баспанасыз, қолына iлiккен асты қорек ететiн, қоқыс шұқылап нанын табатын, iшкiлiкке салынып, қара жердi төсек ететiн қаңғыбастардың күнкөрiсi қандай? Оларға кім қандай көмек бередi? Олар біздің қоғамға керек пе? «Нүкте» ток-шоуы осы мәселені саралап көрмек. Елімізде қаңғыбастар қашан пайда болды? Оларды өмірге бейімдеу мүмкін бе?
Адам неліктен «қаңғыбастардың» қатарына қосылады? Қайыр тілеу арқылы «күн көруге» бола ма? Қайыршылар қанша табады, олардың арасында неге бәсекелестік орын алады? Шеттен келетін қаңғыбастарға қалай тұсау саламыз? Студия кейіпкерлері осы тақырыпқа ой қосады. Алматы қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығының тұрғыны Гүлжан және Ермек есімді азаматтар - студиямыздың мейманы. Қайыр тілеудің, қаңғыбас болудың қандай ауыр екенін олардан артық кім түсінер?! Студия меймандары да оларға өз ақылын айтады. Өмірін талдап көреді, олар қай жерден қателік жіберді? Белгілі журналистер мен саясаттанушылардың дербес ойлары талқыланады.
Бейімдеу орталықтарының мамандары мен көші-қон полициясының қызметкерлері барлық сауалдарға жауап беріп көреді. Бағдарламада екі сюжет көрсетіледі. Біріншісінде, еліміздегі «қаңғыбастарды» бейімдеу орталықтарының жай-күйі баяндалады. Екінші сюжетте көше жағалаған тіленшілердің бір күнде қанша ақша табатынына зерттеу жасалады. Журналистің «қаңғыбастың» кейпіне енген бір күніне куәгер боласыз. Қайыршылар әлемінің қулық сұмдығы мен толастамас бәсекесі ашып көрсетіледі. Сонымен, 100 миллионнан астам қайыршысы бар біздің ғаламшардағы, ең өзекті мәселенің куәсі болғыңыз келсе «Нүкте» ток-шоуын тамашалаңыз!

