Тәжікстан сапары, 2-ші күн

Таңертең ерте тұрып, жуынып-шайынып болған соң, хостелдегі/қонақ үйдегі таңғы асымды ішіп алдым. Зарина деген хостел/қонақ үй қызметкері жұмыртқа пісіріп, майы мен нанын, қолбаса мен шайын дайындап қойыпты. Жалпы, бір қасиетім – бөтен жерде жүрсем ерте тұрамын. Бүгінгі әдетім де сондай. Сосын кешегі уағдаластық бойынша «Сайру Сайёхат» туристік фирмасының басшысы Мааруф Нодари мен оның баласы Амир келіп, Куляб бағытына қарай жолға шықтық. Кулябтан бұрын көкейімде Худжанд мен Истарафшан (Ұра-Төбе) тұрды, мен «негізі Кулябтан бұрын солтүстікке жол тартуым керек еді» деп едім, Мааруф «онда солай жасаңыз» деді. Мен «жоқ, уағдаластық қой, жолға шығамыз» деп көлікке отырып, Нүрекке қарай зымырай жөнелдік. Қаладан салыстырмалы түрде тез шықтық, айтқандай Өзбекстан сияқты Тәжікстанда да әр жылы Наурызды жалпы республикалық деңгейде белгілі бір қалада не өңірде өткізіп отырады. Әрине, жыл сайын ол шаһар да өзгеріп отырады. Эстафета сияқты ғой. Естуімше кешегі күні жалпыұлттық Наурыз Нүректе өткен, бірақ ел бойынша мереке жалғасуда. Қала маңында сондай шараларға жиналған халықта есеп жоқ. Стадион толған жұрт. Айтқандай бір қызықты айта кетейін, жиырма бес пен қырық бес жас арасындағы еркек кіндіктер аз. Өйткені, нәпақасын табу үшін алыс және жақын шетелге кеткен. Шетелде бір миллионнан екі миллионға дейін тәжік еңбек мигранттары бар деседі.

Ал, біз әуелі Бостон (Бустон) атты тәжік ауылына (айтқандай Худжанд агломерациясына жататын, қазір Бустон деп аталатын, кезіндегі Мәскеуге тікелей бағынған Чкаловск қаласы ол басқа елді мекен) келдік, суретке түстік. Американың Бостоны емес әрине, бірақ атауы қызық көрінді. Жол бойы ағаш гүлдеп, жеміс-көкөністер отырғызылыпты. Айтуларынша бір жылда кемі екі, тіпті үш өнім алады екен. Жол бойынша шаруа базарлары жұмыс істеп тұр. Жердің әр метрін тиімді пайдаланған, бос жер жоқ. Оның үстіне ел аумағының 93 проценті тау ғой. Оңтүстіктегі (өзбек, қырғыз, тәжік) ағайындардың қазақ жерін көріп таң қалатыны да осыдан-ау деп ойладым. Біздің алдымызда Вахш аңғары. Жазықта өскен адам болғандықтан ба құлағым да шыңылдай бастады. Бірақ, мұнда бәлендей биік деп те айта алмаймын. Бар болғаны теңіз деңгейінен 800 метр деседі. Көлік жүйіткіп келеді, бірақ биік таудың жолы адамға қорқыныш ұялатады. Тәжіктер өзі фаталистер ма деп ойлап қалдым. Жылына бәлен адам құздағы жолдардан құлап не көлік апатына түсіп өліп жатады екен. «Иә, ондай болып тұрады» деп әңгімелерін айтып, жүрістерін жылдамдата түседі. Бірінші бағытымыз – Нүрек қаласы мен Нүрек гидроэлектр станциясы. Қала көшелері таза, жолдың жиегіне орналасқан екен, кезінде бүкілодақтық құрылыс объектісі болған, қазір тек өз ұлттары ғана тұрады, бір-екі орыс, татар айындарды көзім шалып қалды. Негізі қала ұнады, мұнда да базар бар. Бірақ, базарларына барған жоқпын, біріншіден сататын тауарлардың ассортименттері бірдей, екіншіден уақытымыз да жоқ. Одан әрі Нүрек СЭС келдік. Мұнда он бес одақтас республикалардың кезіндегі елтаңбалары бейнелеген ескерткіш бар екен, оның ар жағында құлама жарда тұрып, Вахш өзенін суретке түсірдік. Суы көкпеңкөк екен. Стратегиялық маңызы бар объект. Әр жағында сарбаздар да жүр.

Нүрек СЭС туралы кішкене ақпарат бере кетейін. Нүрек СЭС-і, дұрысы плотинаның биіктігі 304 метрді құрайды. Станциясының қуаты 3 015 МВт (335[5] МВт-тан тоғыз агрегат). Су қоймасы аумағы - 98 км², көлемі — 10,5 км3, ұзындығы — шамамен 70 км. Бұл су электр станциясы Тәжікстанда өндірілетін электр энергиясының шамамен 50 % үлесіне ие. Дүние жүзінде қолдан жасалған ең биік плотина ретінде Гиннестің Рекордстар кітабына да кірген. Кейін Қытайда осындай электр станциясы салынып, Нүрек СЭС қазір екінші орынға түсіп қалған екен. Бірақ, тәжіктер биіктігі 335 метр болатын Рогун СЭС салып қытайларды қайта басып озамыз деседі. Көреміз! Ал, енді Нүрек СЭС биіктігін көзге елестету үшін Париждегі Эйфель мұнарасын еске түсіріп көріңіз. Иә, биіктігі сондай, дәлірек айтсақ одан да биік. Және тағы биіктігі 800 метр жерге салынған. Нүректің құрылысы 1961 жылы басталған болатын, қазіргі күні Нүрек СЭС тәжік елінің туристік нысаны ғана емес, ел мақтанышы десек артық айтқандық болмас. Нүрек қаласымен, Нүрек СЭС таныстығымыз аяқталғаннан соң,

Тәжікстанның Президенті Эмомали Рахмонның туған жері – Даңғараға бет алдық. Айтқандай, Даңғара туралы айтпас бұрын, жол бойындағы бір ірі тұраққа тоқтағанымыз туралы да айта кетейінші. Мұнда алыс жолға шыққандар ат шалдырып, ұлттық тағамдарын ішіп, азын-аулақ сауда жасап, аздап тынығып алып, одан әрі жолға шығады екен. Біздің бұл жүрісіміз түскі асқа сәйкес келіп, тау шатқалындағы табиғаты көркем жерге тоқтадық. Тау беткейлерінен жиналған әртүрлі шөптерін ұлттық тағамдарына пайданалады екен. Баяғыда көктем шықса: «көкке аузы жетеді, ұйғыр аштан өлмейді» деп бір жерден оқыған едім, отырықшы халықтар ұлттық тағамдарына шөп-шаламды көп пайдаланатыны бар. Мааруф мақтап қоймаған соң, ұлттық тағамдарынан дәм татып көрмекші болдым. Бірнеше сорпа қайнап жатыр, көпшілігі жуа сияқты шөптер қосылған бірдеңе, тағы бір тағам сиырдың ішек-қарнынан жасалады екен. Ет жоқ, дәуде болса осыны көрейін дедім. Әрине, бұрын білмейтін, тіпті атын да естімеген тағамым, бірақ не жиіркеніп яки ұнатпаған сыңай танытпадым. Әрине, сыр білдірген жоқпын.

Сонымен, одан әрі жүріп кеттік. Даңғараға да жеттік. Қазакемнің кезінде бауыр басқан жерінің бірі ғой, Эмомали Рахмонның туған өлкесі, мектебін, оның тұрған үйін, қызмет істеген мекемесін көрдім. Бәрінен бұрын ұнағаны аудан орталығында Университет бар екен. Үйлері де жаман емес, тіпті бірнеше тоғыз қабатты ғимараттарды көрдім. Орталыққа барып, ең биік нүктесіне шығып, төңіректі суретке түсірдік. Жалпы, басшының туған жерінің де пайдасы бар ма деп ойланып қалдым. Қытайлар мұнда тігін фабрикасын ашып қойыпты және жергілікті халықты жұмысқа алады екен. Бір байқағаным, Қытай инвестициясы көп тартылып жатыр, көрші ел ғой, бір ойлағандары бар шығар?! Келесі бағытымыз – Хулбук атты археологиялық кешен. Музей директоры Абдулла өзі бастап жүріп кешенмен таныстырды. Айтқандай, мен оны қайдан көрдім деп шырамытып тұрсам, «Орел и решка» атты бағдарламада Антон Птушкиннің Хулбукке келетін сәті бар еді ғой, сондағы Антонды үйіне қондыратын кісі осы екен, оны өзі де айтып, кассетасын сыйға тартты.

Енді, Хулбук туралы мәлімет бере кетейін. Хулбук — Хатлон облысындағы Восе ауданының Құрбан-Шейіт қышлағының маңындағаы ірі тарихи кешен. Ұлы Жібек жолының бойында болған соң, заманында мұнда көптеген ғимараттар болған екен. Оның сақталып қалған қалдықтарын өз көзіммен көрдім, бұл бір ірі құрылыс нысаны. IX–XII ғасыр кезеңіне жатады деседі. Тәжікстанның оңтүстігіндегі ислам дәуірінің орнығуы заманының екі мықты ескертішінің бірі деуге келеді. ЮНЕСКО тізіміне кіруге сұранып-ақ тұр. Хулбук Кеңес дәуірінен бері қазылып жатыр екен, жалпы аумағы 70 га, ал кешеннің өзі 2006 жылы ашылған. «Хулбук» тарихи музей-қорығының өзінің аумағы 16 га астам. Музейдің экспонаттарының өзі 5 мыңнан асады. Қамалдың кейбір жерлері жақсы сақталған, бірақ әлі де жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Былайша айтқанда біздің «Әзірет Сұлтан» қорығымыз сияқты ғой, әрине ерекшеліктері де бар. Абдулламен қоштасып, сол бойымызда Кулябқа да жеттік.

Бұл Тәжікстандағы ірі қалалардың және ежелгі қалалардың бірі. Біздің басты тоқтаған жеріміз - Мир-Сайид Хамаданидің кешені болды. Жақсы салынған екен. Қасында археологиялық заттар да бар. Мир-Сайид Хамаданидің басына барып, құранымызды оқып, шырақшысымен хош айтыстық. Шынымды айтсам, Мұхаммед әл-Бухари, Бахауддин Нақшбанди туралы біледі екенмін (Бұқарада кешенінде болған едім) де Мир-Сайид Хамаданиді тіпті естімеген екем. Сөйтсем, Мир Сайид Әли бин Шихаб-уд-Дин Хамадани (тәжіктер Хамадони дейді) Кубравия атты тариқаттан шыққан сопы, философ екен, дін саласын зерттеген. Қазіргі тәжік жерінен өзге, Парсы еліне, Ауған жеріне, Ирақ мен Сәрәнжіп (Шри-Ланка) мемлекеттеріне саяхат жасаған. Заманында Мұхамед Хайдар Дулати билеген Кәшмірге де барған. Қысқаша айтқанда, Ислам дінінің таралуына еңбек сіңірген екен. Оның суретін тәжіктің ақшасынан да көруге болады. Пәкістан басшысы Душанбеден бұрын Кулябқа, оның кесесесіне ұшып келді деп айтып жатты. Сонымен, бүгінгі сапарымыз да аяқталуға тақады. Вахш өзенінің бойында өзеннен аулап алынған қарабалықты (маринка) бірден қазанға қуырып жейтін дәстүр бар екен. Кешкі асымыз оған сәйкес келді. Баяғы ауылда шабақ қуыратын едік, сол сияқты. Бір жақсысы дәмді пісіреді екен және көзіңше дайындап береді.

Ол туралы (қарабалық жөнінде) Ресейдің саяхатшысы Варламовтың жазбаларында оқыған едім. Жалпы, Варламов жөн айтады, әрине онымен келіспейтін жерлерім де көп, былайша айтқанда шовинист қой, бірақ бәрін талдап, бүге-шігесіне дейін жазады. Оның жазбасында 19 ғасырда Орта Азияны игеруге келген келімсектердің қарабалықты уланған деп біраз уақыт жемегені туралы да оқып едім. Тамаққа тойып алған соң, «Душанбе қайдасың?» деп жол тарттық. Жолай есеп айырысу үшін Казкоммерцбанктің банкоматына соғып, тиын-тебен алып (500 сомони) қонақ үйге/хостелге де жетіп, шамалы жаңалықтарды қарадым да тағы қалың ұйқыға кеттім. Сөйтіп, екінші күнім де сәтті өтті.

Ертең құдай қаласа Тәжікстанның солтүстігіне бет алмақпын! Айтқандай, Душанбеден кешегі күні барған Гиссар деген атау Құз-жар деген сөзден шықты деп бір жерден оқып қалдым (ар жағы Қаратаг), қандастарымыз тұратын Колхозабатта Әлім ауылы және бар, сондай-ақ, картадан Қорған төбе жерінде Қарасу, Қызылсу деген жер аты мен өзен атауын да оқып қалдым, тағы картадағы Кумсангирі Құмшағыр емес пе екен? Аталған атауды тәжік тілінде қандай мағына береді деп сұрап едім, тасты-таулы жерді айтады екен? Ал, Ауғанстандағы Қазақгузардың солтүстігінде Қарауыл, ал оңтүстігінде Оқтепе, яғни Ақтөбе бар. Жай ұйқы алдындағы ой еді!
